Basty bet
Биыл өңірде шөп мол, ал баға қалай?!
Биыл Алла сәтін салып, ауданда жауын-шашын мол болды. Соның нәтижесінде мал азығына қажетті шөптің шығымы да жоғары. Яғни, ауданда қысқы мал азығына дайындалатын шөпті жинау қиынға соқпас. Қалай болғанда да жаздың қолайлы ауа райын тиімді пайдаланып қалған жөн. “Қыстың қамын жазда ойла” демекші, бүгінде ауданда шөп ору науқаны қызу жүріп жатыр. Шаруалар шалғыларын сайлап, іске кіріскеніне де біраз уақыт болды.
Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың мәліметінше, 2026 жылы мал азығын дайындау мақсатында жалпы көлемі 36 566 гектар жерге мал азықтық дақылдар егілген. Оның ішінде 32 585 гектарды көпжылдық шөп, 300 гектарды біржылдық шөп, 2 971 гектарды табиғи шабындық алқаптары және 710 гектарды сүрлемдік жүгері құрайды.
Бүгінгі күнге дейін 27 000 гектар алқаптың шөбі орылып, жоспардың 82,9 пайызы орындалды. Науқанға белсенді кіріскен шаруалардың еңбегінің нәтижесінде 325 850 тонна шөп дайындалды. Қазіргі таңда шаруалар бір дана тайланған шөпті егістік алқабынан 500–600 теңге аралығында сатуда.
Шаруаларды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мақсатында маусым айына 195 тонна дизель отыны бөлініпті. Оның толық көлеміне қаражат аударылып, 195 тоннасы жеткізілген. Бүгінгі таңда оның 55 тоннасы 95 шаруа қожалыққа таратылған. Сонымен қатар, биыл ауданда ауыл шаруашылығы техникасын сегіз пайызға жаңарту жоспарлануда. Яғни, 58 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу көзделген. Оның ішінде, 2 комбайн және 56 трактор бар. Қазіргі уақытқа 29 трактор сатып алынып, жоспардың төрт пайызы орындалып отыр.
Бүгінде шөп дайындау науқанына өңірдегі шаруа қожалықтардың иелігіндегі барлық техника жұмылдырылып, жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл өз кезегінде мал азығын уақтылы әрі сапалы дайындауға мүмкіндік бермек.
Әрине, мұның барлығы қысқы мал азығын жеткілікті көлемде дайындау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі. Енді аудан тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселенің бірі – шөп бағасына назар аударайық.
Қазіргі таңда шөп бағасына қатысты пікірлер әртүрлі. Шаруалар шөптің сапасына қарай тайланған бір дана шөпті – 500–600 теңгеден сатуда. Ал оған тиеу, тасымалдау және түсіру шығындары қосылған кезде, түпкілікті бағасы 800–900, тіпті, 1000 теңгеге дейін барады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмен көрсеткіш. Еске салсақ, былтыр бір дана тайланған шөптің бағасы – 1500–1800 теңге аралығында болған еді.
Б.Момышұлы ауылынан Қарасаз ауылына баратын жол бойындағы бұрылыста шөп артылған он шақты жүк көлігін кездестіруге болады. Мұнда аудан шаруаларының шабындық алқаптарынан шөп сатып алған кәсіпкерлер оны тұрғындарға ұсынып отыр. Солардың бірі – жиырма жылдан бері осы кәсіппен айналысып келе жатқан Мейрамбек Рысбаев. Оның айтуынша, биыл шөп бағасының төмендеуіне жауын-шашынның мол түсуі мен шөп шығымының жақсы болуы себеп болған.
– Биыл шөп бітік шықты. Сондықтан бағасы да өткен жылдағыдан төмен. Дегенмен, соңғы күндері толассыз жауған жаңбыр шөптің сапасына кері әсерін тигізіп жатыр. Ал, ауа райына ешкім ықпал ете алмайды. Шөп негізінен таулы аймақтардан жеткізіледі. Біз бағаны өз қалауымызша қоймаймыз. Шөптің шығымы жақсы болғанымен, оны ору мен дайындауға кететін шығын да аз емес. Мәселен, өзімнің шаруа қожалығымның иелігіндегі 5 гектар алқаптағы шөпті ордыру үшін 50 мың теңге төледім. Одан бөлек, шөп байлауға қажетті жіпке шамамен 14 мың теңге жұмсалды. Осы алқаптан 750 түк шөп жиналады. Ал оны жүк көлігіне арту құны әр түгіне – 80–100 теңге көлемінде болады.
Мұндағы кәсіпкерлер егістік алқаптарындағы шаруалардан шөпті сапасына қарай сатып алады. Кейін оны тиеп, аудан орталығына жеткізеді. Әрине, жолға кететін жанар-жағармай шығыны тағы бар. Біз әкелген шөптің әр түгінен шамамен 100 теңге көлемінде ғана пайда көреміз. Кейде бұл көрсеткіш 80 теңгеден аспайды.
Қазіргі таңда шөптің бағасы сапасына қарай – 700 теңгеден 1000 теңгеге дейін жетеді. Оның ішінде, таза жоңышқа, аралас шөп және жаңбырға ұрынған шөп түрлері де бар. Биыл сауда қарқыны баяу болып тұр. Өткен жылы шөп аз болғанымен, сұраныс жоғары еді. Ал, биыл керісінше жағдай қалыптасып отыр. Қазір шөп егістік алқаптарынан басқа өңірлерге көптеп тасымалдануда. Шөп ору науқаны да аяқталуға жақын. Сондықтан алдағы уақытта аудан тұрғындарына шөп жетіспей қалуы мүмкін. Өйткені, Жуалының шөбіне сұраныс жоғары болғандықтан, оны жан-жаққа алып кетіп жатыр, – дейді ол.
Есімін жарияламауды өтінген қошқараталық шаруа қолайсыз ауа райының салдарынан бүгінгі күнге дейін орылған шөптің толық жиналмай, жауынға ұрынып, шіріп жатқанын айтады. Оның сөзінше, биыл шөп бағасы өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген. Ал, шөп шабуға кететін шығын көлемі, керісінше, артқан. Қазір алқаптардың бір гектарын ору құны шамамен – 10 мың теңгені құрайды. Нарықтағы бағаға келсек, егістік алқабынан жиналған эспарцеттің бір 400–450 теңге аралығында сатылса, жоңышқаның бағасы сапасына қарай 600 теңгеден басталады екен. Ал, таза жоңышқа басынан – 700 теңгеден сатып алынуда.
Шаруалардың жанайқайын жеткізген ол атқарылған еңбектің ақталмай жатқанын айтады. Себебі, шаруалар өздеріне қажетті мал азығын дайындап үлгергенімен, қалған шөптің басым бөлігі жауынның астында қалып, бүліну қаупі бар. Бұл мәселе шаруаларды қатты алаңдатып отыр. Өйткені, шөп ору науқанында қосымша шығындар аз емес. Шөпті ору, жинау, арту және жеткізу жұмыстары, сондай-ақ, жанар-жағармай шаруалардың шығынын едәуір арттырып отыр.
Қорыта айтқанда, биыл аудан бойынша шөп шығымы мол болып, қысқы мал азығын дайындау жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асуда. Соның нәтижесінде шөптің бағасы өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Алайда, шаруалар үшін мәселе толық шешілді деуге келмейді. Өйткені, шөп ору науқанына кететін қосымша шығын да бар. Бұған қоса, соңғы күндері жауған жауын жиналмай қалған шөптің сапасына кері әсерін тигізіп, шаруалардың еңбегін ақтамай отыр. Сондықтан өңірде шөп мол болғанымен, оны сапалы әрі уақтылы жинау, сондай-ақ, аудан тұрғындарын жеткілікті мал азығымен қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып қала бермек.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”