Basty bet
Домбыра – асыл мұра
Елімізде жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Ұлттық аспабымызды ұлықтауға арналған бұл мереке 2018 жылдан бері тойланып келеді.
Домбыра – қазақ халқының өте ерте және кең тараған ұлттық музыкалық аспабы. Мәліметтерге қарағанда, домбыра сөзі көне шумер тілінен аударғанда «кішкене садақ» деген мағына береді. Алматы облысының Жамбыл ауданы аумағынан шамамен екі жарым ғасыр бұрын табылған таста қашалған суреті мен ХVІ ғасыр бұрын Мысыр еліндегі Нахт қабіріне салынған пішінінен еш өзгермеген. Қос ішекті шертіп ойнайтын бұл музыкалық аспап ішекті, шертпелі аспаптар тобына жатады.
Домбыра – қазақтың ұлттық жеті қазынасының бірі саналады. 2007 жылы отандық ғалымдар мемлекет пен халықтың рухани дамуына, соның ішінде, қалыптасуына ықпал еткен жеті ерекше мәдени құбылысты анықтаған. Бұл тізімге домбыра, Тамғалы шатқалында тасқа салынған суреттер, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Маңғыстаудағы жерасты мешіттері, қазақтың киіз үйі, «Бәйтерек» монументі, Есіктен табылған «Алтын адам» кірді. 2010 жылы домбыра Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген.
Қазақ халқының аспаптық музыка саласы сан ғасырлар бойы қаншама тарихи кезеңдердің рухани нәрін бойына жинап, өзіндік айрықша үнмен, өзгеше нақышпен, шебер шыңдалып, кемел дамып, ұлттық дара сипатта қалыптасты. Әсіресе домбыра аспабының қазақ халқының руханиятында алар орны ерекше. Қазақ домбырасының түп тамыры көне замандардан бастау алады. Көне түрік дәуірінен бері талай ғасырлардың талқысынан өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып жеткен домбыра – қазақ халқының баға жетпес ұлттық рухани құндылықтарының бірі болып саналады.
Өнер зерттеушісі, академик Ахмет Жұбанов: «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі», деп баға береді қасиетті аспапқа.
Домбыра ерте замандарда пайда болып бүгінгі күнге дейін саф алтындай сақталып, халқымыздың тыныс-тіршілігімен етене қабысып, кеңінен қолданылып келе жатқан музыкалық аспаптардың бірі. Археологиялық қазба жұмыстары, тасқа түскен ескерткіштер мен зерттеулерге сүйенер болсақ, домбыраның пайда болуы ежелгі түркі дәуірінен бастау алады. Алғаш домбыраның шыққан жері түркі халықтарының алтын бесігі Алтай тауы болып саналады.
Белгілі түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының зерттеу дерегі бойынша Монғол Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасының бір үңгірінен табылған домбыра тектес көне саз аспабы екі ішекті, тоғыз пернелі болып келеді.
Күй атасы – Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Қазанғап, Тәттімбет, Сүгір домбыраның үнімен еркіндікті аңсаған қазақ халқының тыныс-тіршілігін, халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, мызғымас құндылықтарын жеткізген. Қайталанбас дауыс иесі Әміре Қашаубаев домбыраның үнімен-ақ ат төбеліндей ғана қазақ дейтін халықтың бар екенін паш етіп, ұлттық өнер арқылы Еуропа жұртшылығын тәнті еткен. Ғасырлар бойы қазақтың жан серігі болып, қиындықта сүйеу, қуанышта көңілінің қанаты болған домбыраға арнайы күн белгіленіп, жыл сайын оның мадақталуы үлкен қуаныш.
1995 жылдан дүние жүзінің барлық аймағында Құрманғазының «Сарыарқа» күйі оркестрдің орындауында тұрақты беріліп тұру құқығын жеңіп алғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Әр жылдар ішінде Американың «Корнеги Холл», «Кеннеди центр», Римнің «Аудиторим», Берлиннің «Берлин Хаус», Париждің «ЮНЕСКО залы», Мәскеудің «Съездер сарайы», «Үлкен театры», П.Чайковский атындағы концерт залы, Бейжің мен Шанхайдың концерт залдары ғажайып күйдің құдіретімен талай мәрте дүр сілкініп, құдіретті әуенге бас игенін еске түсіретін болсақ, ғажайып күй қанаты әлемге танылды деп кеудемізді қуаныш кернеп, мақтанышпен айта аламыз.
Әрине, күй мен домбыра егіз. Домбыра барда – күй, күй барда – домбыра бар. Ал жер бетінде қазақ деген ұлт барда – қасиетті, киелі үкілі домбыра да, сан ғасырлардың куәсі – баға жетпес мол мұрамыз – күй де, мәңгілік жасай бермек. Күй демекші, Ұлттық домбыра күні мерекесіне орай Қазақстанның әрі өңірінде бір мезгілде бірнеше мың домбырашы күй атасы Құрманғазының күйлерін асқақтата орындау үрдісі қалыптасып келеді. Бұл үрдіс күй құдіретін көрсетсе керек.
Домбыра – қасиет, домбыра – өсиет. Домбыра – қазақ халқының киелі аспабы. Киені қадір тұтпау қазақ дейтін қасиетті халыққа жат құбылыс болса керек. Күмбірле, қазағымның қасиетті қара домбырасы! Домбыра шанағынан төгілген қарт Қаратаудай шежірелі күй мен халқымыздың Алатаудай асқақ әні баршамызға тек қуаныш сыйласын!
Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»