Basty bet

«Достастық жәрмеңкесі»: Таразда алты ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда

Тараз қаласы өзінің мыңжылдық тарихын сақтай отырып, заманауи талаптарға сай дамып келеді. Соңғы жылдары шаһарда тарихи-мәдени мұраны қорғау, туризмді дамыту және қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл бастамалар қаланың халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, Орталық Азиядағы маңызды мәдени және туристік орталықтардың біріне айналуына негіз қалайды.

Тараздың мәдени әлеуетін әлемге танытқан маңызды жетістіктердің бірі – 2022 жылы қаланың Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің шешімімен Әлемдік қолөнер қалаларының қатарына енуі. Осы мәртебеден кейін өңірде қолөнер саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, жыл сайын «Тараз – қолөнер қаласы» халықаралық фестивалі ұйымдастырылып келеді. Фестиваль аясында әлемнің әр елінен келген шеберлер бас қосып, көрмелер, жәрмеңкелер, шеберлік сабақтары мен мәдени іс-шаралар өткізіледі. Бұл ұлттық қолөнерді насихаттап қана қоймай, қаланың туристік тартымдылығын арттыруға да ықпал етуде.

Тараздағы қолөнердің дамуы мемлекет деңгейінде де жоғары бағалануда. 2023 жылы Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті қолөнершілердің көрмесін аралап, ұлттық қолөнердің мәдени мұраны сақтау мен туризмді дамытудағы маңызын ерекше атап өткен болатын.

Ал 2024 жылғы 8 қазанда өткен ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Достастық жәрмеңкесі» мемлекетаралық бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Бастама ТМД елдері арасындағы сауда-экономикалық байланысты кеңейтумен қатар, мәдени ынтымақтастықты нығайтып, туризмді дамытуға жаңа мүмкіндік береді.

Осы бастама аясында бүгінде Тараз қаласында алты ірі инфрақұрылымдық жоба қатар жүзеге асырылуда. Олардың барлығы қаланың сәулеттік келбетін жаңартып, тұрғындар мен туристер үшін жайлы әрі тартымды орта қалыптастыруға бағытталған.

Ірі жобалардың бірі – «Әулие-Ата» халықаралық әуежайынан Айша бибі көшесіне дейінгі саябақтың құрылысы. Жаңа демалыс аймағында балалар ойын алаңдары, воркаут аймақтары, серуендеу жолдары, сұхбатханалар, перголалар, орындықтар және заманауи жарықтандыру жүйесі қарастырылған. Қазіргі уақытта жер жұмыстары, ұңғымаларды қазу және жаяу жүргіншілер жолдарын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Нысанды қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Қаланың мәдени-туристік әлеуетін арттыратын тағы бір маңызды жоба – Тәуке хан көшесіндегі «Этноауыл» кешенінің құрылысы. Кешен құрамында тарихи цитадель үлгісі, ұлттық павильондар, кәдесый дүкендері, дәмхана, арқанды киіз үй, демалыс аймақтары мен шағын сәулеттік нысандар орналасады. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жобаны қыркүйек айының соңында пайдалануға беру жоспарланған.

Сонымен қатар, Төле би даңғылын Желтоқсан көшесінен Орталық алаңға дейін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, жаңа орындықтар мен жарық шамдары орнатылады, аумақ толық көгалдандырылады. Қазіргі таңда инженерлік дайындық пен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Қаланың басты көшелерінің бірі – Абай даңғылын Дінмұхаммед Қонаев көшесінен Ыбырайым Сүлейменов көшесіне дейін қайта жаңғырту жобасы да іске асырылып жатыр. Мұнда жаңа жарықтандыру жүйесі орнатылып, жаяу жүргіншілер жолдары қайта салынып, демалыс аймақтары жасақталып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Нысанды қыркүйек айының соңында аяқтау көзделген.

Тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған тағы бір жаңа жоба – «Гидрокешен» тұрғын алабындағы саябақтың құрылысы. Мұнда балалар ойын алаңдары, футбол және баскетбол алаңдары, воркаут аймақтары, серуендеу жолдары, демалыс орындары және заманауи жарықтандыру жүйесі салынады. Қазіргі уақытта спорт алаңдарын орнату және жаяу жүргіншілер жолдарын төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Тараздың тарихи келбетін сақтауға бағытталған маңызды жобалардың бірі – «Төрткүл» керуен сарайын қайта жаңғырту. Қазіргі таңда тарихи нысанның сыртқы қасбеті қалпына келтіріліп, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба аяқталғаннан кейін бұл нысан қаладағы маңызды мәдени-туристік орындардың біріне айналып, туристер мен қала тұрғындары үшін жаңа тартымды бағыт болмақ.

Осылайша, «Достастық жәрмеңкесі» аясында жүзеге асырылып жатқан алты ірі жоба Тараздың тарихи мұрасын сақтауға, қоғамдық кеңістіктерін жаңартуға және туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Бұл бастамалар қаланың заманауи келбетін қалыптастырып, оның халықаралық деңгейдегі мәдени және туристік орталық ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close