Basty bet
Жамбыл облысында газ инфрақұрылымы жаңғыртылуда: алдағы бес жылда 14,2 млрд теңгеден астам инвестиция салынады
Жамбыл облысында табиғи газбен жабдықтау жүйесін жаңғырту және оның сенімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы 2025 жылғы инвестициялық бағдарламаны толық орындап, 2026–2030 жылдарға арналған ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыруға кірісті, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Бүгінде филиалдың негізгі қызметі – газ тарату жүйелері арқылы тұтынушыларға тауарлық газды үздіксіз әрі қауіпсіз жеткізу. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысында пайдаланудағы газ құбырларының жалпы ұзындығы 7 481 шақырымды құрады. Оның ішінде 2 095 шақырымы жергілікті атқарушы органдардың меншігіндегі желілер болса, бір жылдың ішінде пайдаланылатын газ құбырларының ұзындығы 496 шақырымға артты.
Қазіргі уақытта Жамбыл облысының 10 ауданының 9-ы табиғи газбен қамтылған. Газдандырылмаған жалғыз аудан – Мойынқұм ауданы. Өткен жылы облыс бойынша газ тарату жүйелері арқылы 777 миллион текше метр тауарлық газ тасымалданды.
Газ тұтынушыларының саны да тұрақты өсіп келеді. Жыл соңында облыста 252 965 абонент табиғи газ пайдаланды. Оның ішінде 245 497-сі – халық, 7 023-і – коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар, ал 445-і – өнеркәсіптік кәсіпорындар. Бір жылдың ішінде газдандырылған абоненттер саны 6 680-ге көбейді.
2025 жылғы инвестициялық бағдарлама толық орындалды
2025 жылы инвестициялық бағдарлама аясында облыстың аудандары мен Тараз қаласында газ тарату жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 41 шкафтық реттеу пункті (ШРП) мен 7 газ реттеу пунктінің (ГРП) қысым реттегіші сатып алынып, ауыстырылды.
Жоспарланған жұмыстарға 27,984 млн теңге қарастырылғанымен, құрылыс материалдары мен жабдықтардың қымбаттауына байланысты филиал өз қаражатынан қосымша 1,172 млн теңге инвестициялады. Нәтижесінде инвестициялық бағдарламаны іске асыруға жалпы 29,156 млн теңге жұмсалып, жоспар 104 пайызға орындалды.
Жаңартылған жабдықтар газ тарату желілерінің сенімділігі мен қауіпсіздігін арттырып, пайдалану шығындарын азайтуға және қолданыстағы техникалық талаптарға сәйкестікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Алдағы бес жылға – 14,2 млрд теңгелік инвестиция
2021–2025 жылдарға арналған тарифтік кезеңнің аяқталуына байланысты «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы 2026–2030 жылдарға арналған жаңа инвестициялық бағдарламаны бекітті.
Жалпы құны 14 млрд 224 млн теңгені құрайтын бағдарлама бірнеше негізгі бағытты қамтиды. Оның ішінде Байзақ, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарындағы жоғары, орта және төмен қысымды газ құбырларын қайта жаңғырту, өндірістік қызметке қажетті заманауи техникалар мен жабдықтарды сатып алу, сондай-ақ облыс бойынша газ шығынын есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жоспарланған.
2026 жылы ауқымды жұмыстар басталды
Биыл инвестициялық бағдарлама аясында 1 млрд 244 млн теңгенің жұмыстары көзделген.
Негізгі жоба – Байзақ ауданындағы газ тарату станциясын қайта жаңғыртудың бірінші кезеңі. Жоба аясында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 30 шақырым полиэтилен газ құбыры салынып, 10 шкафтық реттеу пункті жаңартылады.
Сонымен қатар облыстағы қолданыстағы редукциялық станцияларды жаңғырту бойынша жобалық құжаттар әзірленіп жатыр. Осы мақсатта мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалып, ведомстводан тыс сараптама жұмыстары басталды.
Өндірістік қажеттіліктер үшін полиэтилен және болат құбырларға арналған дәнекерлеу аппараттары, дәнекерлеу генераторы, жылжымалы компрессор, қысым реттегіштері және өзге де арнайы техникалар сатып алынуда. Есепті кезеңде бұл бағытта 53,6 млн теңгеден астам сомаға келісімшарттар жасалды.
2030 жылға дейін жүздеген шақырым газ құбыры жаңартылады
Инвестициялық бағдарламаға сәйкес, 2027–2030 жылдары Байзақ, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарындағы газ тарату станциялары кезең-кезеңімен қайта жаңғыртылады.
Осы уақыт ішінде:
- 420 шақырымнан астам жаңа полиэтилен газ құбыры салынады;
- ондаған газ реттеу пункттері жаңартылады;
- 100-ден астам шкафтық реттеу пункті ауыстырылады;
- газ тарату желілерінің техникалық жағдайы толық жаңғыртылады.
Бұл жұмыстар өңірдегі газбен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын арттырып, апаттық жағдайлардың алдын алуға және тұтынушыларды табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сенімді әрі қауіпсіз газбен қамту – басты міндет
Жаңа инвестициялық бағдарламаның жүзеге асырылуы халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға, газ тарату желілерінің техникалық жай-күйін нығайтуға және пайдалану қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін Жамбыл облысының тұрғындары, әлеуметтік нысандары мен кәсіпорындары табиғи газбен бұрынғыдан да сенімді әрі үздіксіз қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде өңірдің инженерлік инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға маңызды үлес қосады.