Basty bet

Инвестициялық саясат – ұзақмерзімді экономикалық өсімнің негізгі құралы

бұл мақсатта 2026 жылы ауданда жалпы құны – 8,4 млрд теңгені құрайтын 8 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған

Апта басында аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында сегізінші шақырылған Жуалы аудандық мәслихатының кезекті, алпыс тоғызыншы сессиясы ұйымдастырылды. Сессияның жұмысына аудан әкімі Жалғас Мұртаза қатысты. Сонымен қатар, жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекеме басшылары Б.Момышұлы ауылы, ауылдық округтің әкімдері және БАҚ өкілдері шақырылған.

Кезекті сессияны аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев ашып, жүргізіп отырды. Жиынның күн тәртібінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты бірнеше маңызды мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, бірінші мәселе – Жуалы ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындауы жөніндегі есебі туралы аудан әкімі Жалғас Мұртаза өңірде нақты атқарылған жұмыстарға негізделген ауқымды баяндама жасады.
– Құрметті депутаттар және мәслихаттың сессиясына қатысушылар!
Жуалы ауданы бойынша экономикалық көрсеткіштерде оң серпін сақталып, 2026 жылдың 5 айымен негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің басым бөлігінде тұрақты өсім қамтамасыз етіліп отыр.
Атап айтқанда, жалпы өңірлік өнімнің көлемі – 28124,8 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда – 31,1% артты.
Аталған өсімге инвестициялық белсенділіктің жоғарылауы, құрылыс саласының қарқынды дамуы және агроөнеркәсіптік кешендегі тұрақты өндірістің көлемі негізгі әсерін тигізді.
Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі – 3 436,4 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі – 124,9% жетті. Бұл көрсеткіш аудан экономикасына тартылған инвестициялық жобалардың кезең-кезеңімен іске асырылып жатқанын және инвесторлардың ауданға қызығушылығының тұрақты сақталып отырғанын көрсетеді.
Құрылыс саласы аудан экономикасының өсім драйверлерінің біріне айналып отыр. Биыл қаңтар-сәуір айларында құрылыс жұмыстарының көлемі – 4144,7 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі – 282,8% деңгейінде қалыптасты. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 5 591 шаршы метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда – 103,6% деңгейінде орындалды.
Бюджеттің кірістері бойынша да тұрақты өсім қалыптасып отыр. Жергілікті бюджет түсімдерінің жоспары – 2112,0 млн теңге болса, нақты түскені – 2183,9 млн теңгені құрап, жоспар – 103,4% орындалды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, түсімдер көлемі – 34,6% артқан.
Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі салаларының бірі ретінде жыл санап тұрақты даму көрсеткіштерін қамтамасыз етуде. Есепті кезеңде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі – 9824,6 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі – 100,4% деңгейінде қалыптасты. Бұл көрсеткіш саладағы өндірістік тұрақтылықтың сақталғанын нақты көрсетеді. 2026 жылдың өнімі үшін биыл ауыл шаруашылығы дақылдары – 55 635 гектар алқапқа орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 101,1% құрайды. Оның ішінде, күздік бидай 11 223 гектар алқапқа себілді. Көктемгі дала жұмыстары белгіленген агротехникалық мерзімдерде жүргізілді. Бүгінгі күні 28 090 гектар жаздық масақты дақылдар, 18 500 гектар майлы дақылдар, 4 500 гектар көпжылдық шөп, 2 600 гектар картоп, 1 420 гектар жүгері және 710 гектарға көкөніс егілген.
Көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізу үшін шаруашылықтарға – 2 279 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген. Сонымен қатар, 16 792,5 тонна минералды тыңайтқыш енгізіліп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға қажетті шаралар қабылданып отыр.
Ауданда ауыл шаруашылығы саласының мемлекеттік қолдау құралдары да тиімді пайдаланылуда. Мысалы, «Кең Дала-2» бағдарламасының аясында өңірдегі 15 шаруашылық – 120,6 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алса, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 13 шаруашылық – 360,3 млн теңгеге 24 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Бұдан бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 60 қарыз алушыға жалпы сомасы – 930,9 млн теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсетілген.
Ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырудың маңызды бағыттарының бірі – су үнемдеу технологияларын өндіріске енгізу болып табылады. Егер 2025 жылы мұндай технологиялар – 2 430 гектар алқапта қолданылса, 2026 жылы 116 гектарға тамшылатып суғару жүйесі орнатылып, қосымша 110 гектарға жаңбырлатып суғару қондырғыларын енгізілуде. Жыл соңына дейін су үнемдеу технологиясы қолданылатын алқаптардың көлемін – 3 700 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында республикалық және облыстық бюджет есебінен жалпы көлемі – 1,05 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылып, ұзындығы 30 шақырымды құрайтын 5 каналға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жобалар толық іске асырылғаннан кейін қосымша – 1 877 гектар суармалы жер айналымға енгізіледі деп күтіліп отыр.
Инвестициялық саясат ауданның ұзақмерзімді экономикалық өсімін қамтамасыз етудің негізгі құралдарының бірі болып табылады. Бұл мақсатта 2026 жылы ауданда жалпы құны – 8,4 млрд теңгені құрайтын 8 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы саласында құны – 1,5 млрд теңге болатын 2 жоба, өнеркәсіп саласында құны – 2,0 млрд теңге болатын 2 жоба және туризм саласында құны – 3,9 млрд теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылуда. Инвестициялық жобалардың іске асырылуы жаңа жұмыс орындарын құруға, өндірістік әлеуетті арттыруға және аудан бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Ауданның өнеркәсіп саласында есепті кезеңде – 9 243,2 млн теңгенің өнімі өндірілді. Салада іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен қайта өңдеу бағытындағы өндірістерді дамыту жұмыстары алдағы кезеңде өнеркәсіп көлемін ұлғайтуға негіз болады деп сенемін. Әсіресе, сүт өңдеу және мақсары майын өндіру жобаларын іске қосу ауданның өндірістік және өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік береді,- деп атап өтті Жалғас Әлижанұлы.
Қосымша айта кетсек, ауданның сауда саласында да оң динамика сақталып, жалпы сауда айналымы – 4 912,3 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 0,7% артып отыр. Бұдан бөлек, инфрақұрылымды дамыту бағытында да ауданда стратегиялық маңызы бар жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, биыл өңірге қарасты Қайрат, Бақалы және Көлбастау ауылдарында ауызсу жүйелерінің құрылысы жалғасуда. 2025 жылдан биылға өтпелі жобаның бірі Көлбастау ауылындағы құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Бұдан бөлек, Бауыржан Момышұлы ауылындағы ауызсу құбыры жүйелерін қайта жаңғырту жобалары бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесі де қоса қарастырылуда.
Сондай-ақ, автомобиль жолдары саласында жалпы ұзындығы – 20,52 шақырымды құрайтын 8 жобаның құжаты әзірленген. Жалпы оған қажетті қаржының көлемі – 1,2 млрд теңгеден асады. Биыл аудандық маңызы бар жолдардың 3 000 шаршы метр бөлігіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы алғанда, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты қалыптасып отыр деуге толық негіз бар.
Аудандық мәслихат сессиясының күн тәртібіне қойылған 2025 жылғы аудандық бюджеттің атқарылуы туралы мәселе қаралып, келесі мәселе – ауданға қарасты Ақтөбе, Көкбастау, Қызыларық және Нұрлыкент ауылдық округі әкімдерінің өздеріне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындауы жөніндегі есебі тыңдалды. Төртінші – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жағдайында аудандық ауыл шаруашылығы саласының дамуы мен жай-күйі туралы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев баяндап, ол негізінен ауыл шаруашылығы саласын қаржылай қолдау тетіктері туралы айтып өтті. Бесінші – Жуалы аудандық мәслихатының 2025 жылғы 22 желтоқсандағы «2026-2028 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» №58-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды. Сонымен бірге, жиында Ақтөбе, Көкбастау, Қызыларық және Нұрлыкент ауылдық округтерінде және аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінде жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысын аудандық мәслихаттың депутаты Ермек Абдиваитов баяндады.
Мәслихаттың кезекті сессиясында бірқатар депутаттар сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді көтерді. Оның ішінде, жайылымдардағы мал қозғалысын реттеу, ауданға басқа өңірлерден келетін малды бей-берекет кіргізбеу, т.б. ұтымды ұсыныстар айтылды.
Сессияда аудан әкімі Жалғас Мұртаза сөз сөйлеп, Жалғас Әлижанұлы өз сөзінде, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын баяндап, оның ішінде, биыл жүзеге асырылуға тиісті инвестициялық жобалардың өңір дамуындағы маңызына тоқталып, сонымен бірге, депутаттардың ұсыныс-пікіріне талдай отырып тыңғылықты жауап берді.
Кезекті сессияның жұмысын аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев қорытындылады.

Таңдаулы материалдар

Close