Basty bet
Жалған хабарлаған жазаға тартылады
Өткен 2019 жылы Жамбыл облысында терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар беру бойынша 3 факті тіркеліп, оның 2-і ізі суытылмай анықталып, ашылды.
Анонимдік хабарлама берудің негізгі мотиві мас күйіндегі азаматтардың бұзақылық ниеттері.
Атап айтқанда, жалған анонимдік хабарлама берген А.Р. деген Тараз қаласының тұрғынына Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 273- бабы бойынша екі жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, келтірілген шығындар (жедел медициналық жәрдем, өрт сөндіру мен апаттан құтқару қызметтерін, жедел тергеу топтары мен арнайы жасақтарды шақырту мен жұмыс істеуі) қайтарылды.
Ата-аналар мен жасөспірімдердің назарына – аталған бап бойынша қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады.
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар беру көп жағдайларда адамдар арасында абыржу, тәртіпсіздік туғызады, мемлекеттік басқа да мекемелердің, кәсіпорындардың, көліктің бірқалыпты жұмыс істеу ырғағын бұзады. Мұндай хабарлауға сенген мемлекеттік органдар, жекелеген адамдар әбігерге түсіп, дайындалып жатқан террорлық актіні тойтару үшін ұйымдастырушы – техникалық шаралар өткізуге мәжбүр болады.
Жергілікті халықтың назарына, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар берген тұлға құқық қорғау органдарында бар заманауи техникалық мүмкіндіктер арқылы тез арада анықталып, құрықталады.
Терроризмге қарсы
комиссия аппараты