Basty bet
“Өнерлі ауыл – өнегелі дәстүр” мәдениет және өнер фестивалі
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Берекелді ауыл – Ел мерейі» тақырыбы аясында Нұрлыкент және Көкбастау ауылдық округтерінің бірлесуімен «Өнерлі ауыл – өнегелі дәстүр» тақырыбында мәдениет және өнер фестивалі өтті.
Фестивальдің басты мақсаты – ұлттық қолөнерді, салт-дәстүр мен халық өнерін насихаттау, ауыл өнерпаздарының шығармашылығына қолдау көрсету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұрпақтар сабақтастығын нығайту болды.
Шара аясында ұлттық қолөнер шеберлерінің кең көлемді көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге халқымыздың бай мұрасы таныстырылды. Қолөнер шеберлерінің шеберлік сағаттары өткізіліп, қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін театрландырылған көріністер көпшілік назарына ұсынылды.
Концерттік бағдарламада ауыл өнерпаздары халық әндері мен қазақ композиторларының шығармаларын, ұлттық билер, термелер орындады. Сонымен қатар, балалардан құралған домбырашылар ансамблінің орындауындағы күмбірлеген күй көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, ұлттық өнердің өміршеңдігін айшықтай түсті.
Мерекелік шара барысында ауыл тұрғындарына арналған «Бауырсақ пати» ұйымдастырылып, ыстық бауырсақ ұсынылды. Фестиваль соңында ұлттық қолөнерді дамытуға елеулі үлес қосқан үздік қолөнер шеберлері салтанатты түрде марапатталды.
Осындай тағылымды іс-шаралар ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтып, жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен ата дәстүрге деген құрметті қалыптастыруға зор үлес қоса беретіні сөзсіз.