Basty bet
Ақын мұрасы – ел мұрасы
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында хакім Абайдың қайраткерлік тұлғасына және мол рухани мұрасына жаңа дәуір биігінен тың баға бере келе, ақын еңбектерін әлем халықтары тілдеріне аудару арқылы қазақ халқының болмысын, тарихы мен салт-дәстүрін таныту жолдарын атап көрсеткен.
Қошқарата ауылындағы хакім Абайдың атын иеленген №9 орта мектепте кемеңгердің 175 жылдығына дайындық шаралары ертеден басталды. Өткен жылдың қараша айында мектеп ауласында аудандық маңызы бар «Абай ауылы» атты ауқымды, тағылымы зор іс-шара ұйымдастырылды. Шараға аудан, ауылдық округ басшылары мен «Nur Otan» партиясы өкілдері, аудан мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, оқушылар қатысты.
Мектеп ғимаратының фойелерінде ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған тақырыптық көрме жабдықталды. Онда Абайдың мүсіні, қара сөздерінен үзінділер, оқушылардың шығармашылық туындылары, кітаптар қойылды.
Абайдың 175 жылдығы мектепте алдын ала жасалған іс-шаралар жоспарына сай кеңінен атап өтіледі. Жоспар аясында оқушылар арасында Абайдың өмірі мен шығармаларына арналған мектепішілік түрлі байқаулар, «Абай оқулары», Абай әндерінен конкурстар, викториналар, тақырыптық кештер көптеп ұйымдастырылатын болады.
Есімжан Төлеуішов,
№9 Абай атындағы орта мектеп
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары