Basty bet
Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің және ұлт тұтастығының символы
«Тіл тағдыры – ел тағдыры» деген сөздің мәні өте тереңде жатыр. Өйткені тіл – әр ұлттың жанымен тынысы, халықтың рухани байлығы және ұлттық болмысының айнасы. Тіл – әрбір халықтың ең асыл қазынасы, ұлттық болмысы мен рухани байлығы. Халықтың тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен дүниетанымы тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Ана тілі арқылы адам өз халқының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, дүниетанымын таниды. Сондықтан тілді сақтау – елдің болашағын сақтау деген сөз.
Тәуелсіздік – бұл тек саяси еркіндік қана емес, ол ең алдымен рухани тәуелсіздік. Ал рухани тәуелсіздіктің негізгі өзегі – тіл. Кез келген ел өз тілін құрметтеп, оны қоғамның барлық саласында қолдана білсе, сол елдің рухы биік, болашағы жарқын болады. Қазақ тілі – ғасырлар бойы халқымыздың рухани байлығын, салт-дәстүрін, дүниетанымын сақтап келген қасиетті қазына.
Бүгінгі таңда қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейіп келеді. Ел дамуының негізгі салалары – білім беру, ғылым, мәдениет, ақпарат құралдары мен мемлекеттік мекемелерде қазақ тілінің мәртебесі артып отырғанын байқау қиын емес. Әрбір отбасы баласына ана тілін үйретіп, оны құрметтеуге тәрбиелеуі қажет.
Қазақстан Республикасының Конституциясында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп нақты жазылған. Бұл бап қазақ тілінің ел өміріндегі заңды орнын бекітіп қана қоймай, оның болашағына кеңінен жол ашты. Мемлекеттік тіл – тек ресми құжаттар мен заңдар тілі ғана емес, ол – ел бірлігі мен ұлт тұтастығының символы.
Әрбір азамат өзінің ана тілін құрметтеп, оны күнделікті өмірде жоғары құрметпен қолдануы керек. Қазақ тілі – Тәуелсіздіктің маңызды белгісі. Өз тілін құрметтеген халықтың бірлігі мен ынтымақтастық рухы да биік болады. Ал ана тілін ұмытқан ұлт өзінің ұлттық болмысын жоғалтады деп санаймын.
Иә, қазақ тілі – қазақтың жан дүниесі, рухани негізі елдің еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгісі. Ұлттың болмысын ұғындырып, төңірегіне жұртты тұтастырушы, біріктіруші фактор да осы қазақ тілі екеніне ешкімнің таласы жоқ. Сондықтан мемлекеттік тілді білу, оған құрметпен қарап, мәртебесін арттыру – баршаға ортақ парыз.
Қорытындылай келе, тіл – елді біріктіріп ұстайтын ең құдіретті күш. Ана тілімізді көздің қарашығындай сақтап, оның мәртебесін көтеру – ел алдында міндетіміз. Себебі, тіл тағдыры – ел тағдыры, ал тілі мәңгі жасайтын елдің болашағы да жарқын болады деп сенеміз!
Бақтияр МАМЫР,
Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісі
басшысының орынбасары
