Basty bet
Адалдық орман саласының айнымас қағидаты
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір қызметкердің азаматтық борышы.
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіретін, мемлекетке және азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделеріне зиян келтіретін келеңсіз құбылыс. Сондықтан оған қарсы күрес – тек уәкілетті органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның, соның ішінде орман шаруашылығы саласы қызметкерлерінің де ортақ міндеті.
Орман шаруашылығы – еліміздің табиғи байлығын сақтап, келер ұрпаққа аман жеткізетін маңызды сала. Осы жауапты міндетті атқару барысында әрбір қызметкер заңдылықты, әділдікті және ашықтықты басшылыққа алуы тиіс. Қызметтік өкілеттіктерді жеке бас пайдасына пайдалану, заң талаптарын бұзу немесе өзге де сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол беру мемлекет мүддесіне нұқсан келтіреді.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қызметінде адалдық, жариялылық және есептілік қағидаттарын нығайтуды көздейді. Орман шаруашылығы мекемелерінде мемлекеттік мүлікті тиімді пайдалану, мемлекеттік сатып алуды заң талаптарына сәйкес жүргізу, орман қорын қорғау мен пайдалануға қатысты шешімдерді ашық қабылдау – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың маңызды бағыттары.
Мекемеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, әдеп нормаларын сақтау және азаматтардың өтініштерін заң талаптарына сәйкес қарау – күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігі болуы тиіс.
«Заң мен тәртіп» қағидаты – әділетті қоғамның берік негізі. Әрбір орман шаруашылығы қызметкері өзіне жүктелген міндетті адал атқарып, кәсіби әдепті сақтап, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік танытуы қажет.
Табиғат байлығын қорғау – үлкен жауапкершілік. Ал, оны адал еңбекпен қорғау – әрбір қызметкердің абыройлы борышы. Адалдық пен әділдік салтанат құрған жерде ғана қоғамның сенімі артып, мемлекетіміздің дамуы нығая түседі.
«Адалдық – абыройдың өлшемі, ал заңға құрмет – мемлекетке қызмет етудің негізі».
Бақытжан ҚУАТБЕКОВ,
Жуалы ормандарды және жануарлар
дүниесін қорғау жөніндегі
мекемесінің заңгері
