Basty bet
Жолдағы тәртіп пен жауапкершілік – Адам өмірін сақтаудың басты кепілі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қоғамда заң мен тәртіп қағидатын орнықтырудың маңызын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы жол-көлік оқиғаларының қоғам үшін аса өзекті мәселеге айналғанын айтты.
Президент өз сөзінде, жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, интеллектуалдық жүйелерді енгізу, автокөліктердің техникалық жағдайына бақылауды күшейту және жүргізушілерді даярлау сапасын арттыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Үкіметке, әкімдерге және Ішкі істер министрлігіне бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Расында, бүгінде күн сайын еститін жаңалықтардың бірі – жол-көлік оқиғалары. Өкінішке қарай, оның саны азаймай отыр. Әрбір жол апаты – бір отбасының қайғысы, орны толмас қаза. Сондықтан, жолдағы тәртіп пен жауапкершілік әрбір азамат үшін басты қағида болуы тиіс
Аудандағы жол қауіпсіздігінің жай-күйі туралы аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Дәурен Бейсеев айтып берді.
– Жол-көлік оқиғаларының едәуір бөлігі жылдамдық режимін сақтамаудың салдарынан орын алады. Әрбір жетінші жол апаты жүргізушілердің елді мекендерде белгіленген жылдамдықты асыруынан болады.
Соңғы алты ай ішінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында аудан аумағында бірқатар профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Жол апаттары жиі орын алатын қауіпті учаскелерде тәулік бойы автопатрульдер кезекшілік атқарады.
Полиция қызметкерлерінің негізгі назары мас күйінде көлік басқару, қарсы бағытқа шығу, авариялық жағдай туғызу, бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өту, жылдамдық режимін бұзу және өзге де өрескел құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталды.
2026 жылдың алғашқы алты айында адам өлімі мен жарақаттануына әкелген 24 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 7 адам қаза тауып, 37 адам түрлі дене жарақатын алған. Ал өткен жылдың осы кезеңінде 35 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 4 адам қаза тауып, 64 адам жарақат алған.
Сондай-ақ, биыл алты айында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2 608 дерегі анықталса, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 2 185 болған,-дейді полиция капитаны Д.Бейсеев.
Полиция капитаны Дәурен Бейсеевтің айтуынша, балалар – жол қозғалысына қатысушылардың ең осал тобының бірі. Көп жағдайда жол ережесін білмеу немесе оған немқұрайлы қарау салдарынан кәмелетке толмағандар жол-көлік оқиғаларына себепкер болып жатады.
Балалардың жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын қалыптастыру және жаңа оқу жылы қарсаңында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан көлемінде «Абайлаңыз, балалар!» республикалық жедел іс-шарасы өткізіліп отырады.
Соңғы жылдары қоғамда алаңдаушылық туғызып отырған тағы бір мәселе – электромопедтердің көбеюі. Бүгінде көшелерде бұл көлік түрін тізгіндеген жастардың қатары күн санап артып келеді. Электромопедтің шағын қашықтыққа қатынауға қолайлы әрі үнемді екені рас. Алайда оны басқарушылардың барлығы бірдей жол қозғалысы ережелерін сақтай бермейді.
Әсіресе кәмелетке толмағандардың қорғаныш құралдарын пайдаланбай, жолдың жүру тәртібін сақтамай қозғалысқа қатысуы үлкен қауіп төндіруде. Жаяу жүргіншілер де, өзге жүргізушілер де мұндай жағдайларға жиі шағымданады. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының туындауына себеп болып отыр.
Осы орайда ата-аналарға да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Баласына электромопед немесе өзге де көлік құралын сатып әперген әрбір ата-ана оған жол қозғалысы ережелерін түсіндіріп, қауіпсіздік талаптарын сақтауды үйретуі қажет. Қауіпсіздік мәдениеті ең алдымен отбасынан басталады.
Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығу, мас күйінде көлік басқару, ұялы телефонға алаңдау және жүргізушілердің жауапсыздығы. Кейбір жағдайларда жолдың сапасы немесе қараусыз жүрген мал себеп болғанымен, кез келген жағдайда жүргізуші сақтықты бірінші орынға қоюы тиіс.
«Жол қателікті кешірмейді» деген сөз бекер айтылмаған. Көлік тізгіндеген әрбір азамат өзінің ғана емес, жанындағы жолаушылардың және жолдағы өзге адамдардың өміріне жауапты екенін ұмытпауы керек. Әрбір жүргізуші жол ережесін бұлжытпай сақтап, жылдамдықты асырмай, қауіпсіздік белдігін тағып, көлік тізгінінде ұялы телефон пайдаланудан бас тартса, көптеген қайғылы жағдайдың алдын алуға болады.
Қауіпсіз жол – баршамыздың ортақ міндетіміз! Жолдағы тәртіп пен жауапкершілік – адам өмірін сақтаудың басты кепілі!
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»