Basty bet

Тұрғындар оң бағасын берді

Жылдағы дәстүр бойынша апта басында ауыл әкімдерінің тұрғындар алдындағы есебі басталды. Жыл қорытындысына арналған жиын Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Талапты ауылында да ұйымдастырылды. Оған ауыл тұрғындарының барлық өкілдері шақырылып, жиын жұмысына аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлбара Бекмұрзаева, аудандық мәслихаттың депутаты Эсмира Мамедова қатысты.
Жиынның күн тәртібі бойынша округ әкімі Ғабитбек Үмбеталиев жыл қорытындысына арналған есептік баяндама жасады. Баяндамада ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы көрініс тапты. Ауыл әкімі округтегі ең басты сала ауыл шаруашылығы саласына жіті тоқталып, жалпы жер көлемі, жиналған өнім және аталған саланы дамытып отырған шаруа қожалықтарды атап өтті. Округте кәсіпкерлік саласы да жолға қойылған. Аталған саланы оңтайлы жүзеге асыру мақсатында қазіргі таңда округте 75 жеке кәсіпкерлік субъектісі және 6 заңды тұлға, 127 шаруа қожалығы тұрақты жұмыс жасауда. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында округте мал басын көбейту үшін жеңілдетілген несиеге 9 жеке тұлға жалпы 24 900,0 мың теңгеге қол жеткізді. Округте мал шаруашылығымен қатар құс шаруашылығын дамыту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылған.
Сонымен қатар «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті қамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша 36 округ тұрғындары жалпы 22 412,0 мың теңге қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін жүргізуде. Оның ішінде ЖК «Мадина» 3000 000 теңге қайтарымсыз грант алып, ЛЕГО кірпішін шығаратын шағын цех ашқан. Ал, ЖК «Мырзатаева» 3 000000 теңге қайтарымсыз грант алып, құрама жем шығаратын шағын цех ашып, кәсібін өрге домалатуда. Қалған 34 тұрғын 505 000 теңге және 252 500 теңге қайтарымсыз грант алып, мал, құс шаруашылығы және тұрғындарға қызмет көрсету бағытындағы әртүрлі кәсіп ашып, жұмыстарын жүргізуде.
Баяндамашы округтегі тұрғындардың жұмыспен қамтылуын және жастар саясатының іске асырылу барысын айта келе, 2019 жылы атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
-Жергілікті өзін-өзі басқарудың төртінші деңгейлі бюджетіндегі қаражатты жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімі бойынша жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге жұмсалуда. Атап айтқанда, 2019 жылға арналған жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын іске асыруға бағытталған қаржы есебінен келесі жұмыстар атқарылды.
2019 жылы 14968,0 теңгеге Талапты ауылының Б.Момышұлы көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі күнге пайдалануға берілді.
2019 жылы «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы шеңберінде 3 917,0 мың теңге қаржы қарастырылған. Аталған қаржыға Талапты ауылының Б.Момышұлы көшесіне 1 238,0 мың теңгеге жарықтандыру жүргізіліп, үнемделген 2697,0 мың теңгеге Көлбастау ауылы Д.Қонаев және Б.Момышұлы көшелерінің қиылысына құмшағал төсеу жұмыстары жүргізілді. Округке қарасты «Ақсай-1» каналына 4 899,0 мың теңгеге ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.
6320,0 мың теңгеге Көлбастау ауылы А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің спорт залына ағымды жөндеу жұмыстары, 250,0 мың теңгеге аталған мектептің кіреберісіндегі пандусына ағымды жөндеу жұмыстары және 1 800,0 мың теңгеге аталған мектептің кіреберіс алаңына брусчатка төсеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді, – деп Ғабитбек Ақылбекұлы 2020 жылы атқарылатын жұмыс жоспарларын атап өтті.
Баяндамадан соң жарыссөз басталып, кезек ауыл тұрғындарына берілді.
Алғаш сөз алған Аман Мелдеханов Талапты ауылы Көлбастау көшесінің жолына шағал төсеп, жарықтандыруды сұрады. Бұл сұраққа округ әкімі үстіміздегі жылы үнемделген қаржы көлеміне қарай шағал төсеу немесе жарықтандыру жүргізілетінін айтты. Ал, Мерхат Махамедиев малды қолдан ұрықтандыруды қолға алуды, сүт бағасының тұрақсыздығын болмауын және үй іргесіндегі жерді судың жоқтығынан пайдалана алмай отырғандығын жеткізді. Округ әкімі тұрғынның бұл сауалына жан-жақты жауап бере келе тиісті бағыт-бағдар берді. Келесі кезекте ауыл имамы Әзілхан Балданбаев округ әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close