Basty bet
Туған жерге тағзым, тұлғаға құрмет
«Берекелді ауыл – Ел мерейі» өнер фестивалі аясында Қошқарата ауылдық мәдениет үйінде «Жуалының түкпірінде ауыл бар…» тақырыбында әдеби-сазды кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен өткен мазмұнды шара туған жердің тарихын, ауылдың рухани болмысын және елге танымал қаламгерлердің шығармашылық мұрасын дәріптеуге арналды.
Шара басталар алдында мәдениет үйінің ауласында ұлттық тағамдардан құралған «Ауыл дәмі» көрмесі, «Ер қанаты – ат, ер-тұрман – ерлік мұрасы», «Туған өлке – жүрек төрінде» тақырыбында көрмелер ұйымдастырылды. Қонақтар мәдениет қызметкерлерінің орындауындағы «Аман ба?!» әнімен қарсы алынды.
Әдеби-сазды кеш театрландырылған прологпен ашылды. Сахнада Қошқарата ауылының табиғаты, тарихы мен рухани құндылықтары сөз болып, ауылдың талай азаматты түлеткен қасиетті мекен екені бейнеленді. Одан кейін «Жуалының түкпірінде ауыл бар…» тақырыбында бейнеролик көрсетілді.
Кеште ауылдың адам өміріндегі орны мен ұлттық тәрбиеге ықпалы кеңінен айтылды. Қошқаратадан шыққан Бауыржан Үсенов, Әміртай Бөриев, Талғат Айтбайұлы, Қасым Әзімханов сынды қаламгерлердің есімдері аталып, олардың шығармашылық мұрасы туған жермен сабақтастықта сөз болды.
Шынберген Сүлейменовтің «Ауылым» әнін Арман Рысбаев орындап, кештің мазмұнын әнмен жалғады.
Әдеби кештің негізгі бөлігі ақын Б.Үсеновтің шығармашылығына арналды. Ақынның туған жер, адам тағдыры, ауыл өмірі мен балалық шақ туралы жырлары оқылды. «Ауыл», «Самғау», «Ән бар еді», «Жапырақ жайлы бір өлең», «Шағала арман» және «Өтінем» өлеңдері ақынның балаларының орындауында көпшілік назарына ұсынылды.
Б.Үсеновтің шығарма-шылығындағы ән мен өлеңнің үндестігі де кеш барысында көрініс тапты. Ақынның бауыры, сазгер Біржан Үсенов ағасының «Тымырсық» және «Перронда» әндерін орындады.
Шарада ұлттық өнерге де кең орын берілді. Бишілердің орындауындағы «Шашу» биі көрермен көңілінен шықты. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев пен орынбасары Әбуғали Ералиев және Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов сөз сөйлеп, ауылдың өткені мен үлкендердің өнегесі жайында ой бөлісті.
Музыкалық бағдарламада Әбілмансұр Жарылқасын Бәкір Тәжібаевтың «Ақ бұлақ» әнін орындады. Әжелер әуесқой клубының мүшелері Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен попури орындап, кештің сәнін келтірді.
Кеште Б.Үсеновтің жары Гауһар Жұматайқызы мен ұлы Мұхамедсалық Бауыржанұлы сахна төріне шақырылып, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктерімен бөлісті. Бұл кездесу көрерменге қаламгердің шығармашылық болмысын жақынырақ танып-білуге мүмкіндік берді.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған әдеби-сазды кештің негізгі мақсаты – туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, ауылдан түлеген қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау, олардың өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізу болды. Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен өткен тағылымды шара осы бағыттағы жұмыстардың мазмұнын айқындай түсті.
Туған жердің тарихын түгендеп, оның рухани мұрасын ұлықтау – елдіктің бір көрінісі. Қошқарата ауылында өткен әдеби-сазды кеш ауылдың қарапайым тіршілігінің өзінде тұтас бір тарих, өнер мен әдебиет жатқанын тағы бір аңғартты.