Basty bet

Қасымбековтың есебі қанағаттанарлық

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 05 ақпандағы «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» №190 Жарлығына сәйкес, Қызыларық ауылдық округінің әкімі Марат Қасымбеков тұрғындар алдында есеп беріп, өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ағымдағы жылы атқарылар жұмыстарды бір пысықтап алды.

Ауылдық округ әкімі бірінші кезекте Теріс-Ащыбұлақ ауылының тұрғындарымен кезедесті. Теріс-Ащыбұлақ бастауыш мектебінде өткен кездесуге тұрғындармен қатар, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов, аудандық мәслихаттың депутаты Руслан Сайлаубаев қатысты.
Есеп беру жиынын ауылдық округ әкімі Марат Қасымбеков ашты.
– Мемлекеттік қызмет көрсету барысында біздің басты мақсатымыз – елімізді дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарламалар мен Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «10 негізі міндетті», «Бес әлеуметтік бастаманы» жүзеге асыру,- деді Марат Сайлауұлы. – Мемлекеттік қызмет көрсету стандарты бойынша ауыл әкімшілігіне жердің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша бір өтініш түсіп, қанағаттандырылды. Жалпы өтініштердің басым көпшілігі мектепке дейінгі балаларды тіркеу, мектепке тасымалдау туралы. Өтініштердің барлығы қаралып, қанағаттандырылды.
2019 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде округіміздің негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы қамтамасыз етіліп отыр. Округтегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 8688 гектар. Сәйкесінше, 6119 гектар алқапқа түрлі дақылдар егіліп, жинап алынды. Бірқатар шаруалар «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы өз қаражаттарына заманауи үлгідегі және ауыл шаруашылығы техникалары жалпы сомасы 48 млн 175 мың теңгеге сатып алынды. Атап айтқанда, «Берік», «Вадим», «Дархан», «Ахмет» шаруа қожалықтары трактор, суғару машинасы, дән сепкіш сияқты шаруашылық жұмыстарына қажетті техникаларды алды. Басқа да салаларда айтарлықтай жетістіктер бар.
Ауылдық округ әкімі Марат Қасымбеков жыл бойы атқарылған жұмыстарды тізбелей келе 2020 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы да айтып өтті. Әкімнің сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы Сұрым ауылындағы М.Сламбай көшесінің қалған бөлігі ағымды жөндеуден өткізіліп, аталған көше мен Сарымсақсай көшесі жарықтандырылатын болады. Округ шекарасына кіреберіске арка және паспорттық мәліметтерді орнату жоспарлануда. М.Қасымбеков сонымен қатар, шешімін таппай отырған мәселелерге де тоқталып, облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасынан да тұрғындарды хабардар етті.
Отыз үйден тұратын Теріс-Ащыбұлақ ауылының тұрғындары ескірген электр бағаналарын ауыстыру, үй салуға жер телімін беру, мал жайылымы, ауылдағы жалғызілікті азаматтарға қол ұшын беру сияқты мәселелерді көтерді.
* * *
Қызыларық ауылдық округінің әкімі Марат Қасымбековтың есептік кездесуі келесі кезекте Қызыларық ауылында жалғасты. Онда да ауыл әкімі тұрғындар алдында өткен жылдың қорытындысына арналған ауқымды баяндама жасап, өтініштерге назар аударды. Баяндамадан кейін жергілікті қауымдастықтың төрағасы Серік Сәдіров сөйлеп, округ тұрғындары медициналық көмек алу үшін Бәйтерек ауылына баратынын, орайы келсе тұрғындарды аудандық емханаға есепке алу, ауылда рухани тұрғыдағы жұмыстарды жаңғырту, күрес үйірмесін ашу, суды ысырапсыз пайдалану мәселелерін көтеріп, сонымен қатар, тұрғындарды кәсіпкерлікке бет бұруға шақырды. Ауылдық округ әкімінің есебін қанағаттанарлық деп бағалады.
Жиын барысында тұрғындар Боранбек Ахметжанов, Әжібек Сүгірбеков, Несіпбай Оспанбаев, Перизат Қазыбаева ауыз су, ауылға кіреберіс көпірді жөндеу, жолдарды күтіп-баптау, көшелерді жарықтандыру сияқты мәселелерді көтеріп, басқа да ұсыныс-ескертпелерін жеткізді.
* * *
Марат Қасымбеков округке қарасты Алатау ауылы тұрғындарының алдында да есеп беру жиынын өткізді. Мұнда да әкімнің баяндамасымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы да кеңінен сөз болды. Ағымдағы жылы аталған ауылда бірқатар жұмыстар атқарылады деп күтілуде. Ауыл тұрғыны Мира Бейсалиева кәсіп ашып, мал басын көбейтуге көмек сұраса, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Бекасыл Қадыров көшелерді жарықтандыру, Алатау орта мектебінің директоры Тоқтағұл Құдайқұлов мектеп аумағындағы шіріген теректерді кесу мәселелерін орынды көтерді. Олардың барлығына жауап берілді.
Айта кету керек, үш ауылда өткен жиын барысында аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов тұрғындарға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың тәртіптерін кеңінен түсіндіріп, сұрақтарға жауап берді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close