Basty bet

Ақын мұрасы жадымызда жаңғырады

«Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп өз ұлтын ауызбіршілік пен ынтымаққа, сыйластық пен достыққа шақырған, сонымен бірге, ұрпағына мәңгілік өшпес мұра қалдырған ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту мақсатында жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланды. Осы мақаланы көңіл қоя отыра оқып талдай отырып, ел Президентінің осы тойды өткізу үшін: «Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» деген сөзіне толығымен қосыламын және қолдаймын.

Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жазба әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырған жан-жақты синкретті тұлға екені даусыз. Халқымыздың бас ақынының өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейіннен Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды. Күні бүгінге дейін маңызы мен мәнін жоғалтпаған ұлттың рухани өзегіне айналған Абай мұрасы ұлттық болмыстың сақталуының символы іспетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған мақаласын оқи отырып, ұлттық сананың қалыптасуы мен дамуының талмас өзегі екеніне көз жеткізгендей боласың. «Абайдай ақыны бар халық бақытты» деген пікірлерді қолдай отырып Абайдың мерейтойын атап өтуге ұлттық намысы қалыптасқан «Мен-қазақпын!» деген әрбір қазақ өз үлесін қосуы тиіс. Осы оқу жылының басында біздің де мектебімізде ұлы ақынның мерейтойын атап өту мақсатында іс-шара жоспары жасалып, оған кірісіп те кеттік. Ұлы ақынның тағылымы мол өлеңі мен қара сөздерін мәнерлеп оқу байқаулары төменгі және жоғарғы сынып оқушылары арасында ұйымдастырылып, жеңімпаз атанған оқушылар мектеп басшылығы тарапынан марапатталды. Алдағы уақытта жыл бойы жалғасын табатын бұл іс-шара жоспары барысында «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» тақырыбында ұстаздар арасында ән байқауын өткізу көзделіп отыр. Жоғарғы сынып оқушылары арасында ұлы ақын туралы эссе мен мақалалар жазып, «Жас қалам» мектеп қабырға газетіне шығару қолға алынды. Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының жолдаған «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының дайындау және өткізу іс-шаралары» жоспарын негізге ала отырып, аудан және облыс көлемінде өтетін байқауларға ұстаздар мен оқушыларды қатыстыру көзделіп отыр. Ұлттың рухани мұрасына айналған ақын еңбегі, оның өлеңдері мен қара сөздері жас ұрпақтың жадында мәңгілік жасай беруі тиіс. Оны насихаттау бүгінгі ұрпақтың міндетті.

Әлия Кебекбаева,
№6 А.Пушкин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Қарасаз ауылы

Таңдаулы материалдар

Close