Basty bet

Жаңа жоба тұрмысымызды түзейді

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» қанатқақты жобасына енген Ақтөбе ауылының тұрғындары 2,5 пайызбен несие алып, мал басын көбейтіп, қуанышқа кенелуде.

Несие алған отбасының бірі – Бәйтерек ауылының тұрғындары Шархан-Нәзира Алтаевтар. Отанасы Нәзира Тілеуқұл жеке кәсіпкерлік ашып, отағасы екеуі ақылдаса отырып, 4 млн теңге несие алған. Қаражаттың 3 млн 600 мыңына тоғыз бас жылқы, қалған 400 мыңына жем-шөп алып отыр.
Алтаевтар отбасы бұған дейін де мал, егін шаруашылығымен айналысып жүрген еңбекқор отбасы.
Шархан Алтаев осы ауылда туып-өскен. Совхозда жүргізуші болып еңбек еткен. Ал, жолдасы Тайыр Тастандиев атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Үлкендері отбасын құрған, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Ал екінші ұлы Нұрлыхан болса өткен жылы жоғары оқу орнын бітірді. Алайда әзірге әкесінің жанында көмектесіп жүр. Қалған екеуі- мектеп оқушылары.
Шархан Алтаев 2007 жылы «Мұхан» шаруа қожалығын құрады. 60 гектар жер үлесін бөліп алып, оны тиімді пайдаланып отыр, яғни жерге арпа, бидай, картоп егеді екен. Төрт түліктің де түр-түрін асырайды. Көкпар шабатын тұлпары да бар.
-Алғаш отбасын құрғанда басқа кішкентай үйде тұрдық. Азын-аулақ малымыз болды. Еңбек етіп, мал жинадық. Кейін осы жерді сатып алып, үй соқтық. Жанына қора салдым. Сөйтіп жалғап құрай бердік. Мал басына қарай қора-жайды да бірте-бірте кеңейттік. Биыл несие алып, мал басын көбейткен соң тағы да сарай салып жатырмын.
Былтыр лизингке МТЗ-82 тракторын алдық. Себебі, жаңа техникасыз жұмыс істеу қиын.
Бір механизаторым бар. Ол шаруа қожалығымызда қысы-жазы жұмыс істейді. Ал науқан кезінде үш-төрт жұмысшыға дейін жұмысқа аламыз. Ұлдарым да тірліктің бір шетінде жүреді.
Үкіметтен ауылға, шаруаларға қолдау барда неге еңбек етпеске. Өзімізге де, үкіметке де пайда.
Жоспар көп. Бірінші кезекте несиеден құтылып, мал басын көбейту керек.
Қазір жұмыс істеймін деген ынталы адамға жұмыс көп. Бәрі бірден бола салмайды ғой. Көп жастар ойындағысы бірден орындалса деп ойлайды. Олай ешқашан болмайды. Еңбекпен келген нан тәтті, бақыты да баянды. Сондықтан күш-қуатымыз барда ерінбей еңбек етуіміз керек.
Үкіметімізге, облыс басшысы Асқар Исабекұлына, аудан, ауылдық округ басшыларына рақмет! Барлығы ауыл тұрғындарының жағдайын көтеру үшін шырылдап жүгіріп еңбек етті.
«Қарапайым заттар экономикасы» жобасы ауылдағы әсіресе, тұрмысы орта, төмен отбасыларға өте тиімді. Себебі, несиенің пайызы аз. Ешқандай банк мұндай пайызбен несие бермейді. Міне, кооператив құрып, оған бірігу арқылы осы несиеге қол жеткіздік.
Ел басқарған ағаларымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал несие алып, жұмысын бастаған ауылдастарыма сәттілік тілеймін.
Осы жоба әрі қарай да жалғасын тауып, ауылдықтар бір көтеріліп қалса деген тілегім бар,- дейді Шархан Алтаев.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close