Basty bet

Салт-дәстүріміз жат ағымнан қорғайды

Қазіргі ата-ана баласы Алла атын аузына алып, намазға жығыла бастаса кәдімгідей қорқып, қобалжитын жағдайға жеткен. Мұндай жайт ата-бабамыздың үш ұйықтаса да түсіне кірмеген болар. Алайда, өкінішке қарай, бүгінгі ғаламдану заманындағы еліміздегі ахуал осыған саяды. Бұл арада мәселе діннің өзінен емес, дін атын жамылушы теріс пиғылдылардың құйтырқы әрекетінен ушығып тұрған жайы бар. Дәрігер мамандар ұлтымызға жат ағымдар пайдаланатын амал-тәсілдердің психикаға теріс әсері барын, тіпті кейбір жағдайда олар адамды жындыханадан бір-ақ шығаратынын немесе өз-өзіне қол жұмсауға дейін апаратындығын растап отыр. Осыдан кейін әке-шеше сыртта жүрген баласына қалай алаң болмасын? Сондықтан біз исламдағы жат ағымдар, одан қалай қорғану қажеттігі турасын сөз етуді жөн көріп отырмыз.

Ғаламдану заманындағы басты қатер – ашық-шашықтығымыз. Осы ұрымтал тұсты пайдаланушы мысық тілеу миссионерлер ұлтымызға жақын ислам діні атын жамылып, кез келген бағытта, соның ішінде ғаламтор арқылы да жастарымыздың санасын улап, қоғамымызға іріткі салып бағуда.
Сыртқы жат ықпалға бой ұрғандар туралы бізде ресми дерек жоқ. Бірақ бірер жыл бұрын осы мәселені Мәжіліс қабырғасында көтерген депутат Асхат Бекенов «Еліміздегі жастардың 60 пайызы түрлі діни ағымдардың жетегінде жүр» деп дабыл қаққан еді. 60 пайыз – айтарлықтай қомақты көлем, бұл жастарымыздың тең жартысынан көбісі деген сөз. Ал санасы бөтен пиғылдылардың ықпалымен әбден уланған жастан не күтуге болады?.
Діни ағым арбауынан айығу үшін бір адамға кем дегенде екі жыл қажет…
Бәрінен қорқыныштысы – «рухани аждаһалардың» мектеп қабырғасындағы талдырмаштай балақандарға қол салуы. Батыс Қазақстан облысында дәстүрлі емес діни ағым жетегіне кеткендер балаларын мектепте оқытудан бас тартып жатуы сынды кездескен фактілер оған нақты дәлел бола алады.
Тағы бір мысал. Жуырда отандық баспасөз «Жамбыл облысында 360 оқушы діни сектаның ықпалына бой ұрған» деген ақпарат таратты. Бұл дерек облыстық білім басқармасы жүргізген әлеуметтік сауалнама қорытындысы бойынша анықталған. Онда «жасөспірімдерді арбағандар қатарында салафит, уахабизм сияқты діни бірлестіктер мен протестанттық ілімдер де бар» деп көрсетілген.
Облыстық білім басқармасының бұл мәселеге баса назар аударуы, әрине бізді қуантады. Мұндай бастаманы еліміздің басқа өңірлерінің білім басқармалары да жалғастырып әкетсе құба-құп болар еді. Өйткені, психологтардың бағамынша, діни ағым арбауынан айығу үшін бір адамға кем дегенде екі жыл қажет екен. Онда да бөтен ілімге әлі терең бойламағандар үшін. Ал сана-сезіміне билік жүргізуден айырылғандар сол пір тұтқан жамағаттың құлына айналды дей беріңіз. Бірақ психологтар ешқашан қол жайып, үміттен күдер үзуге болмайтынын ескертеді. Мамандар мұндай жағдайда жатақтың жетегіне кеткенді кері қайтара алатындардың бірі ең жақын адамдары екенін айтады.
Тіпті, артық жүрісі жоқ баланың компьютер алдында отырып-ақ дұрыс жолдан тайып кету қаупі барын көп отбасы бағамдай бермейді. Оған сан мың фактор бар.
Сөз етіп отырғанымыз бөтен діни ағымдар жайы болғандықтан, сол төңірегінен дәйек келтіре отыралық. Мысалы, еліміздегі Дін істері жөніндегі агенттік былтыр 1174 интернет-ресурсқа талдау жүргізіп, оның ішінде 58 сайттың діни экстремизмді насихаттайтынын анықтаған. Сотқа шағымданған олар мұндай лаңкестік сипаттағы діни сайттарды жабуға ықпал еткен. Сондықтан ашық-шашық тұстан ағылған ақпараттардың қауіптісі де барын қазақ ағайын біліп жүрсе дейміз. Кейбіреулер секілді баласы автомат ұстап Сириядан бір-ақ шыққанда ғана санын соғып, мұның қалай болғанын білмей аңырап отырмаса дейміз. Одан өздері қорғанбаса, бұл арада өзгеге көп үміт артудың қажеті жоқ. Өйткені еліміздің дін туралы заңнамасы солқылдақ. Бұл аталған бағытта құқық құрылымы еш қимыл жасамай жатыр деген сөз емес.
Құпия болғандықтан, бізде ауыздықталған лаңкестік топтар жайында ресми айтыла бермейді. Қаржылық қадағалау тұрғысында да заңдар қатайып, бізде лаңкестікті қаржыландыруды анықтауға үлкен басымдық берілген.
Елдің діни сауатын арттыру, солайша азаматтарымызды жат пиғылдылардан қорғау мақсатында бертінде арнайы Дін істері агенттігі құрылды. Оның еліміздің барлық аймағында бөлімшелері бар.Осы агенттіктің бастамасымен былтыр «Үлес 2020» қоғамдық қорымен азаматтардан және ұйымдардан діни салаға қатысты барлық сұрақтар бойынша ақпарат қабылдау, сондай-ақ деструктивті діни қызметтен зардап шеккендерге кеңес беру және психологиялық көмек көрсету үшін «Қауырт желі 114» ақпараттық-кеңесшілік орталығы ашылды.
Бейресми деректер бойынша, бір жыл ішінде мұнда 2 мыңға жуық адам шағымданыпты. Аталған орталықта психотерапевт, дінтанушы сынды білікті мамандар барын нақтылай кетелік. Қалай дегенмен де бала дінге бет бұра бастаса, осы сала мамандары ата-ананың оны ертіп, жақын маңдағы мешіт имамы немесе орынбасары қабылдауына баруына кеңес береді. Сөз барысында діни өкілі баланың теріс жамағат уағызын тыңдап жүргенін немесе оған қатысы жоқтығын демде анықтап береді.
Мұндай жағдай туындағанда ең бірінші мешіт имамдарымен кеңесіңіз…
Әрине, ата-ананың алаңдауы орынды. Бірақ, тіпті қобалжып, қорқып тұрса да онысын баласына байқатпауы керек. Ұрыс деген мүлде болмауы тиіс. Әрдайым бала таңдауына құрмет көрсетілуі қажет. Өйткені бұл арада, ең бастысы, ата-ана мен бала арасында бар әдемі қарым-қатынасты бұзып алмау. Сондай жағдайда ғана оған көмектесуге болады.
Бастысы, дінге бет бұрған баласын ата-анасы жақын маңдағы мешіт имамына немесе оның орынбасарына ертіп баруы керек. Сөз барысында мешіт қызметкері баланың дұрыс немесе бұрыс жолда екенін анықтайды, бірақ имамның өзі бірден бас салып оны жағадан алмауы керек. Бұл жағын біз үнемі ескертіп отырамыз. Жылы қабақ, жақсы сөз ғана адам бетін бері қаратады. Сондықтан осыны жадыдан шығармаған абзал.
Ал өзге жамағаттың жолында жүргендерді қалай анықтауға болады? Мінез-құлық қалай өзгеріске ұшырайды? Өз-өзіне қол салатын жағдайға қалай жетеді?
Мұнда көп таралған діни теріс ағымдардың ұстанған қағидасы – адамды алдап-арбау, физикалық, психикалық және рухани еркіндігіне тұсау салу жағдайы медициналық-психологиялық тұрғыда зерттеліпті.Бір парасын ұсына отыралық. Деструктивті діни ұйымдарға жиі қатынайтындардың жан дүниесінде мынадай өзгерістер аңғарылады: діни соқыр сенімнің шынайылығына сену, ата-аналарға деген қарым-қатынастарында өшпенділіктің пайда болуы, оқудан, жұмысынан, дәрігерге қаралудан бас тарту, журнал, телеарна, газеттерді оқып, көруден жиіркену, кемінде 3-5 сағатқа ғана көз ілу, ақуызы бар тағамды тұтынбау, тұйықталу, достармен араласпау, әлемде орын алған сыртқы өзгерістерге міз бақпау.
Ұйым жетекшілері тобындағы адамдардың санын арттыру үшін әртүрлі айла-тәсілдер қолданады. Мысалы, сананы бақылау техникасы былай өрбиді:
Бірінші, топтық зорлық және «махаббатпен бомбалау» техникасы. Күмән тудырмас үшін балалар ойынына ұқсас ойынның түрін қолданады. Адамды өзіне жақын тарту үшін ән айтып, құшақтап, асыра мақтайды. Мәселен, муниттер. Әдіс-тәсілдің мақсаты – болашақ ілімге сеніп жақтаушының өзін сол ұйымға қажетті екенін барынша сендіру. Ұйым мүшелері тек соны ғана күтіп және соның қастарында әрдайым жүргенін қалайтынын, оның қажетті екенін сездіреді. Теріс ағымға жаңадан келген адам бір минутқа да көзден таса қалмайды. Ол шараны өз іштерінде «сандвич» деп атайды. Жаңа келген адамның жанына білікті екеу қойылады, олар оны түрлі уағызымен әбден көндіреді.
Екіншісі – оқшаулау. Бұл кезде адам шынайы ақпаратты тексеру мүмкіндігінен айырылады.
Үшіншісі – ойлау қабілетін тоқтататын әдіс-тәсілдер ретінде адамды медитацияға итермелейді. Бұл әрекетті шамадан тыс жасаған адам толықтай сенімге енеді.
Төртіншіден, бойына қорқыныш ұялатып, күнәсіне кінәлі екенін мойындатады. Мойындау әдісімен жасалатын бұл психологиялық амал нәтижесінде адамның күнәларына сай жазасы мен сыйы беріліп отырады. Дүре соғылады, жақсылығына жақсылық жасалады.
Бесіншіден, ұйқыдан бас тарту. Рухани кемелденуге жеткізетін әртүрлі жаттығулар, жобалар мен жоспарларды сылтау етіп, адамды ұйқысынан айырады.
Алтыншысы, дұрыс тамақтанбау. Астыртын адамның рухани әрі физикалық кемелденуді көздеген ойдан шығарылған диеталармен адамды ашықтырады.
Жетіншіден, сенсорлық басыну. Тез арада жаңадан келген адамды өз ырықтарына бағындырады.
Сананы бақылау төрт негізгі бағытта жүзеге асады: жүріс-тұрысты бақылау, ақпаратты бақылау, ойлау жүйесін бақылау, көңіл-күйді бақылау.
Жоғарыда аты аталған санаға жасалған барлық шабуыл мен іс-қимыл адам денсаулығын нашарлатпай қоймайды.
Сайып келгенде, діни нанымына секталардың ұстанымдары, салттары мен ғибадаттары адам психикасынан бастап, тән денсаулығына дейін орасан зор зиянын тигізбей қоймайды. Қазіргі жастарымыздың осындай жат ағымның ықпалына еріп кетпес үшін, әрбір ата-ана өз баласының бойында дінімізді, салт-дәстүрімізді сіңіріп өсіріп, қоғамымызға қосса деймін.

Рамазан ӘБДЕЛИЕВ,
Жамбыл облысы әкімдігінің
«Дін проблемаларын зерттеу орталығы»
КММ-ның Жуалы
ауданындағы инспекторы

Таңдаулы материалдар

Close