Basty bet
Домбыраны ұлықтағаның – өзіңді ұлықтағаның
Баршамызға аян, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар» мақаласындағы салиқалы ойдың төңірегінде «Мәдениет пен дәстүр – ұлттың генетикалық коды» деген тұжырым санамызда қалыптасып үлгерді. Ал, қазақтың қара Домбырасы ұлттық тектің жады емес пе? Күмбірлеген домбыраның үні халық тізгінін ұстаған абыз ақсақалдарымыздың, ел билеген билеріміздің ақыл-парасатын, рухын асқақтатқан, кіндік қаны тамған отанын қорғаған батырларымызға күш-жігер, ақын-жыршыларымызға шабыт берген.
Осыған орай, Ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясы негізінде арнайы Жарлықпен шілде айының 1-ші жексенбі күні елімізде «Ұлттық Домбыра күні» деп белгілеген-ді. Жағымды жаңалық жүрегімізге жылылық ұялатып, жанымызды жадыратты. Айтулы мерекені 2 жыл қатарынан барша Қазақ Елі болып атап өттік. Қуанатын жағдай, ұзағынан болсын.
Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Күні кешеге дейін әр үйдің төрінде ілулі тұратын ұлттық аспабымыздың күмбірлеген үні бүгінде алыстап бара жатқандай еді. Телеарналардан домбыраның дауысын есту мұңға айналғаны былай тұрсын (оның орнын салмақсыз телеарналар мен бағдарламалардың жаулап алғаны шындық), шілдехана, бесік тойы, тұсаукесер, тілашар, беташар сияқты дәстүрлі тойларымыз даңғырлаған эстрада әуеніне байланбады ма? Домбырамен әуелете шырқалып, тиесілі сыйлық иесін табатын «Тойбастар» дәстүрінің түр-сипаты мүлде өзгергеніне бәріміз куәміз. Құрметті қонақ келгенде «ауылдың алты ауызы» айтылып, «қонақкәдемен» жалғаса, әнмен өрілетін отырыстар көзден бұл-бұл ұшқалы қашан? Арасында үлкендердің әдемі әңгімелері тыңдалатын.
Домбыра – бұл өмірдің бір бөлігі, әр қазақ жанының бір бөлігі. Біздің шексіз даламызды тамаша әуенсіз, домбырасыз елестету мүмкін емес. Қазақтың музыка мәдениетінің халықтың рухани дамуында маңызы зор. Қазақ тарихының көптеген ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткен асқақ мұрасы бар. Ол мұра домбырада сақталған.
Домбыра күнінің белгіленуі жайдан-жай емес. Бұл рухани жаңғыру бағытындағы ең сүбелі тірліктің бірі болмақ. Осы күннің аясында ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында тың бастамалар бой көтеріп, көптен бері қолдау таппай жүрген игі дүниелер қайта жаңғыруда. Көп нәрседен үміттіміз. Көк сандықтан домбыра үнімен астас¬тырылған салмақты дүние¬лер¬дің көптеп көрсетілуін жанымыз қалайды. Ең дұрысы, науқаншылықтан ада, өзінің қоңыр үні мен қоңыр болмысына сай, ұлтымыздың жадын қайта бір жаңғыртатындай күн болса екен дейміз. Ол үшін ұлттық аспаптар үнін баршаға қол жетімді боларлықтай «Домбыра» атымен насихатталатын жеке жерсеріктік телеарна қосылса көптік етпейді.
Қазіргі таңда жұмыс жасап отырған «Домбыра» Ұлттық телеарнасы IDTV кабелдік желіде ғана таралатындықтан, оны тек қалаларда ғана көруге мүмкіндік бар. Ал, бүгінгі күні жалпы елімізде 3500 ауыл болса, онда 7,5 млн-дай халық тұрады екен. Ауылдардағы тұрғындардың басым бөлігі қаракөздеріміз екенін ескерсек, еліміздегі қазақтардың жартысынан астамы ауылдық жерлерде тұрады деген сөз. Бұл жалған статистика емес, мұны ескерген жөн.
Ауыл қазағымыздың алтын бесігі, ұлттық қаймақтың ұйытқы мекені деп даңғаралап жатамыз. Ендеше сол алтын бесіктің – ұлттың қаймана қазағы тамашалай алатын және рухани азық алатын жағдай туғызу керек десек, «Домбыра» Ұлттық телеарнасын «ОТАУ ТВ» жерсеріктік тележелі таралымына қосуды сұранамыз. Бұл сұраныс барша елдің көкейіндегі мәселе деп түсінген абзал.
Ұлы ұлттың ұланы, ұлықта Домбыраңды!
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ел ағалары мен мәдениет және ақпарат салаларының тұтқасын ұстаған атқамінерлер осы ұсынысымды, яғни «Домбыра» Ұлттық телеарнасын барша қазақ елі көре алатындай «ОТАУ ТВ» жерсеріктік телевизиялық желісіне қосылуын ескерсе екен деген тілегімді жеткізгім келеді.
Алдияр Көбеев,
Б.Момышұлы ауылы