Basty bet

Ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетменшігіне қайтару жұмыстары жалғасуда

Бүгінде өңірде пайдаланылмай жатқан және заңсыз иеленілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару бойынша нақты әрі нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2022–2025 жылдар аралығында облыс аумағында жалпы көлемі 591,2 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылған болатын. Оның 499,9 мың гектары – жайылым, 37 мың гектары – егістік, қалғаны өзге санаттағы алқаптар. Ал биылғы жылдың жарты жылында облыста 47536,43 гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұл көрсеткіш Мемлекет басшысының тапсырмасының жүйелі түрде орындалып жатқанын айқын көрсетеді.

Елімізде әлі де пайдаланылмай жатқан, сондай-ақ заңнама талаптары сақталмай игеріліп жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау және мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасын тауып келеді. Ал биылғы жылдың басынан бері Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізді, ол 1 миллион гектардан астам аумақты қамтыды. Нәтижесінде 1,3 миллион гектар ауыл шаруашылығы алқабы мемлекет меншігіне қайтарылды. Басты міндет – пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарумен шектелмей, оларды кейіннен ауыл шаруашылығы айналымына енгізу. Бұл жұмыс ауыл тұрғындарын жайылымдық жерлермен қамтамасыз етуге, сондай-ақ аграрлық өндірісті дамыту үшін қосымша жер ресурстарын ұсынуға бағытталған.

Осы жылдың қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша елімізде қайта бөлінген жерлердің жалпы көлемі 13,5 миллион гектарды құрады. Оның 5,5 миллион гектары ауыл шаруашылығы жануарларын жаю және ортақ пайдаланылатын жайылым тапшылығын шешу мақсатында жергілікті халықтың ортақ пайдалануына берілді. Ал 8 миллион гектар жер агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне ауыл шаруашылығы қызметін жүргізу және кеңейту үшін конкурс негізінде ұсынылды.

Сонымен қатар Жер заңнамасының сақталуын бақылауды күшейтумен қатар, жерді адал әрі тиімді пайдаланатын жер пайдаланушылар үшін қолайлы жағдай жасау бағытында да шаралар қабылдануда. Арнайы құрылған жұмыс тобы жер пайдаланушылардың адалдығын бағалаудың бірыңғай өлшемшарттарын белгілеуді, ведомствоаралық өзара іс-қимыл мерзімдерін нақты реттеуді, сондай-ақ жер учаскелеріне құқықтарды ұзарту рәсімдерін жеңілдетуді көздейтін әдістемелік ұсынымдарды бекітті.

Жер қатынастарын жетілдірудегі маңызды кезеңдердің бірі – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру тетігін цифрландыру. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жер учаскелерін бөлу электрондық форматта жүзеге асырылады. Цифрлық платформа арқылы өткізілетін конкурстар рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, адами фактордың ықпалын барынша азайтады. Сонымен қатар қолданыстағы жер комиссияларының жұмыс тетігінен бас тартуға мүмкіндік береді. Жаңа тетіктерді ресми іске қосқанға дейін жаңартылған цифрлық платформа Ақмола облысы мен Жетісу облысында пилоттық жоба аясында кешенді сынақтан өткізіледі.

Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, оларды тиімді қайта бөлу және мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастырады. Қабылданып жатқан шаралар жер ресурстарына әділ қолжетімділікті қамтамасыз етуге, пайдалану тиімділігін арттыруға және еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақты дамуына қажетті жағдай жасауға бағытталған.

Бүгінде облысымызда қайтарылған жерлердің басым бөлігі ауылдық елді мекендердің ортақ жайылымдарын кеңейтуге және ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізуге бағытталуда. Мәселен, 2022–2025 жылдары 158,3 мың гектар жер конкурс арқылы шаруаларға қайта берілді. Жалпы облысымызда жер мәселесі сөз жүзінде емес, нақты көрсеткіштермен шешіліп келеді. Бұл ауыл халқының мүддесін қорғауға, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және жер ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашып отыр.

Облыстық Жер ресурстарын басқару департаментінің Kazinform ақпарат агенттігіне берген мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында жоғарыда айтқанымыздай өңірде 47536,43 гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның ең көп үлесі жайылымдарға тиесілі, олардың жалпы аумағы 42502,46 гектарды құрайды. Ал мемлекет қорына қайтарылған егістік көлемі 2969,05 гектар алқап. Өзге санаттағы жер көлемі – 2064,93 гектар.

Жер ресурстарын басқару департаментінің хабарлауынша, бұл жер учаскелері нысаналы мақсатына сай пайдаланылмағаны немесе жер заңнамасының талаптарын бұза отырып игерілгені үшін қайтарылған.

Таңдаулы материалдар

Close