Basty bet
Халыққа керегі – сапалы қызмет
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық Қоғамдық кеңестің отырысы өтті.
Отырысты Қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.
Жиынның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімі Нарбай Ергебековтің 2019 жылы атқарған жұмыстары мен 2020 жылға жоспарлаған міндеттері туралы есебі тыңдалды.
Аудан басшысы баяндамасын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасын іске асыру мақсатында ауданда атқарылып жатқан жұмыстардан бастады.
Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының ауданда жүзеге асырылуы, спорт, денсаулық сақтау, білім, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс, мәдениет, әлеуметтік салаларға тоқталды.
2019 жыл – Жастар жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына тіркелген 1516 жастың 732 жасы тұрақты жұмыспен, 122 жас қоғамдық жұмысқа, 329 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен, 47 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 49 жас ірі қара мал бағытында 110 700,0 мың теңге несие алып, өз жұмыстарын жасауда.
Екінші бағыт бойынша шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 505,0 мың теңгеден 197 жастың жобалары қолдау тауып, барлығы 99 485,0 мың теңге қайтарымсыз қаражат төленді. 89 жас кәсіби оқуға, 150 жас «Бизнес Бастау» курсына жолданған.
Ауданда Б.Момышұлы атындағы қайырымдылық қоры құрылған. Өткен жылы демеушілер тарапынан қорға түскен қаражаттарға аудан аумағынан бес отбасына тұрғын үй алып берілді.
Облыстық мәслихаттың депутаты Әлімбек Жұмабаевтың демеушілігімен екі мектепке 8 млн теңгеге екі ІТ сыныбы ашылды.
Аудан әкімі Қоғамдық кеңес мүшелерін 2020 жылы атқарылатын жұмыстармен де таныстырып өтті.
Аудан әкімінің 2019 жылы атқарылған жұмысы Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қанағаттанарлық деп бағаланды.
Қоғамдық кеңес мүшесі Керімқұл Бегалиев аудан басшысына аудан аумағында орналасқан 91678 әскери бөліміне жерлесіміз, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевтың есімі берілсе деген ұсынысын жеткізді.
Нұртаза Омаров ауданда мал басы көбеюіне байланысты жайылым жердің тарлығы орын алып отырғандығын, осыған байланысты ауылдың малы жайылатын жайылым жер мәселесін шешіп беруін сұранды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселені Сейітхан Шерелханұлы қорытындылады.
-Ауданда мемлекеттік бағдарламалар тиісті деңгейде орындалуда. Ауылдықтардың көптен күткен мәселесі – таулы аймақтағы ауылдарға газ құбырларын тарту еді. Бұл маңызды жұмыс та атқарылуда. Газ құбырының құрылысы 2021 жылы аяқталатын болады.
Өткен жылы Қарасаз ауылына ауыз су жүйесі тартылды. Енді биыл бес елді мекенде жұмыс жалғасын табады деп жоспарланып отыр.
Көптен бері айтылып, шешімін таппай келе жатқан базар маңын ретке келтіру де былтырғы жылы жүзеге асырылды.
Жалпы барлық сала бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Сол себептен біз аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға береміз.
Аудандық Қоғамдық кеңестің мақсаты – барлық сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қоғамдық бақылауды күшейту. Біз ауданда бір басшыға барлығымыз қосшы болып, бірігіп жұмыс істеуіміз керек.
Осы орайда отырыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе етіп ауданда халық арасында көп сұрақтар туындатып отырған үш саланы қойып отырмыз.
Ол: бірінші – газет-журналдардың ауыл тұрғындарына уақтылы жетпеуі. Оған басты себеп – пошта қызметкерлерінің айлығының аздығы. Ауыл-ауылдағы газет-журналдарды таратушылардың жалақысын көтеру мәселесін біз қанша көтеріп жатырмыз, бірақ әлі созылып шешімін таппай келеді. Екінші – ауданда орын алған ана мен бала өлімі, кейбір дәрігерлердің өз жұмысына деген жауапсыздығы. Үшінші- елді мекендердегі электр жарығының төмендігі.
Бірінші мәселе бойынша аудандық пошта байланыс торабының басшысы Бақытжан Устаев жауап берді. Пошта басшысының айтуынша, бұл мәселе тек жоғарыдан шешіледі. Бұл мәселемен жоғарыдағы басшылар хабардар екенін, әлі де мәселе бойынша тиісті орынға хат жолданып жатқанын жеткізді. Аудандық Қоғамдық кеңес тарапынан да тиісті министрлікке хат жолданған екен. Бірақ еш жерден мардымды жауап жоқ.
Екінші мәселе бойынша Сейітхан Жұмашев халықтан түскен арыздарды оқып берді.
-Күреңбел ауылының тұрғыны С.А есімді азаматша екі жасар немересінен дәрігерлердің салғырт қарауынан және дәрі-дәрмекті дұрыс тағайындамау салдарынан айырылып қалғанын жазған. Яғни, дәрігерлер жіберген аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміндегі дәрігер науқасқа тез арада көмек көрсетудің орнына «тамағы қызарғанға бола алып келесіңдер ма?» деп дауыс көтеріп, әрі 15-20 минуттай телефонмен сөйлесіп отырып алғандығы және сол сәттерде қараған дәрігерлер баланың салмағын, дәріге аллергиясы бар-жоғын тексерместен дәрі жазып бергенін, қызының сол дәріні ішкен сәттен бастап жағдайы күрт нашарлағандығы, сол сәтте ауылдық амбулаторияда, орталыққа жеткізген жедел жәрдем көлігінде де кислородтың істемейтіндігі немесе медицина қызметкерінің құрылғыны дұрыс пайдалана алмағандығы, қысқасы, тиісті көмек дер кезінде көрсетілмегендігі жайлы жазылған. Сонымен бірге Көлбастау ауылының тұрғынының да жазған арызын оқыды. Бұл екі іс бойынша да бүгінгі таңда қылмыстық іс қозғалған.
Сондай-ақ, өткен жылы бір ана өлімі, 13 сәби өлімі тіркелгендігі, 2018 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш екі есеге ұлғайып отырғандығы жайлы айтты.
Аталған орын алған жағдайларға аудандық аурухананың бас дәрігері Батихан Алпысбайұлы жауап берді.
Ол жоғарыда айтылған екі мәселеге байланысты қозғалған қылмыстық істің біреуі бүгінгі таңда қысқартылғандығын айтты. Ал орын алған 13 бала өлімі жағдайында оның жетеуі ерте босанудан орын алып отырғандығын, яғни, ерлі-зайыптылардың отбасын жоспарлау мәселесіне немқұрайдылықпен қарайтындығын, аналардың өз денсаулығына деген немқұрайдылығынан орын алып отырғандығын, тағы бір бала өлімінде анасы кішкентай нәрестесімен алыс жолға шыққандығын, жолда көлікте адам көп болуы салдарынан баланың беті жабылып қалып, тұншығып шетінеп кеткендігін, қысқасы, адамдардың өз денсаулығына, балаларының денсаулығына деген салғырттығы жайлы айтып өтті.
Аурухана басшысына ауданда кардиолог, педиатр мамандарының жетіспеушілігі жайлы сұрақтар қойылды. Оған бас дәрігер еліміз бойынша 105 кардиолог маманы жетіспейтіндігі, біздің аудандық аурухана бір кардиолог маманмен келісімшартқа тұрғандығы, аталған маман алда маусым-шілде айларында келетіндігі жайлы айтты.
Бас дәрігерге тағы да бірнеше сұрақтар қойылды. Сұрақтарға бас дәрігер бүгінгі заң талаптарына байланысты аудан тұрғындары тарапынан да түсініспеушіліктер, яғни өздерінің мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана алмау, өз құқығын білмеу жағдайлары да орын алатындығын жеткізді.
Ал электр жарығының төмендігі жайлы аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы Абдубахас Құрбанов жауап берді. Ол біраз ауылдарда бағаналардың ескіргенін, жаңа қуатты трасформатор керектігін және бұл мәселелер бойынша жұмыс істеу жоспарда бар екендігін айтты. Алайда электр қуатын көп пайдаланатын көптеген фермерлерге қуатты есептегіш құрылғы орнату керектігін түсіндірді.
Ашық айтылған әңгіме, көтерілген мәселелер барлығы халықтың көкейінде жүрген, бүгінгі таңда орын алып отырған жағдайлар. Мұндағы мақсат – халықтың сұраныс-талабына құлақ асу, қанағаттандыру, халыққа жағдай жасау. Сол себептен, отырыста айтылған сын-ескертпелердің барлығы алдағы уақытта ескерілуі тиіс деген пікірмен қорытындыланды.
Р.S. Бірінші байлығымыз – денсаулығымыз. Ал аудан тұрғындарының басы ауырып, балтыры сыздаса бірінші жүгінетін орны – аудандық аурухана. Ал, сол ауруханамыз тұрғындардың көңілінен қаншалықты шығып жүр?
Әрине, бізде мүлдем жұмыс жоқ деп айта алмаймыз. Жұмыс бар, тәжірибелі, білікті мамандарымыз да бар. Алайда, бізде әттеген-ай деген мәселе көп. Ең басты мәселе – білікті маманның өз жетіспеушілігі, екінші мамандардың жұмысына салғырттықпен қарауы. Бұл ауруханаға барған әрбір адамның жанына бататыны рас. Бірақ, қазақпайшылыққа салынып, «қайта барар есігімізді қатты жаппайықшы» деп жылы жауып қойып жатамыз. Әр нәрсенің шегі бар. Барлығымыз көрсек те, көрмегенсіп жүре берсек, салдарын өзіміз тартамыз. Сондықтан, кемшіліктерді айтып, түзетуге үлес қосуымыз керек.
Жоғарыда айтылғандай, дәрігердің науқасты дұрыс қабылдамауы, дөрекі сөйлеу, кейде бас салып айқайлап ұрсу, науқасты күттіріп қойып, телефонмен сөйлесіп отырып алу, қысқасы, кейбір дәрігерлердің өз жұмысына селқос қарауы, адамдармен сөйлесу мәдениетінің төмендігі сияқты келеңсіз жағдайлар біздің ауруханада жиі кездеседі. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан аурухана басшылығы осы мәселені жақсылап қолға алса деген халықтың тілегі бар.
Тағы бір мәселе, біздің ауруханада білікті балалар дәрігер маманы жетіспейді. Жалпы тәжірибелік дәрігерлер баланың диагнозын дұрыс қоя алмайды. Ауырған балаңды алып барсаң, не жазарын білмей бір-бірінен сұрап отырғандарына қайран қаласың. Ауруханада жағдай осындай болған соң, бар білікті педиатрға балаларды қабылдауға уақыт бөліп берсе. Қайткенде де осы мәселені шешуге болады ғой.
Көп жағдайда амалдың жоғынан баламызды алып, облыс орталығына шапқылаймыз. Халық айтса, қалт айтпайды. Халық бәрін де көреміз, естиміз бірақ, қазақылыққа салынып, қолымызды бір сілтейміз. Ал осы іс-әрекетіміздің соңы өкінішті жағдайға жеткізіп жатады.
Халыққа артық ештеңе керек емес, тек сапалы қызмет көрсетілсе. Әр маман өз жұмысының жауапкершілігін сезінуі тиіс.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»