Basty bet
Кіндігімнің жас қаны тамған жері – ауылым…
Жақында ауданда Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Астана» телеарнасының «Біздің ауыл-2» бағдарламасының түсірілім тобы болды. «Біздің ауыл-2» бағдарламасы нағыз қазақ ауылының бейнесін көрсетуге бағытталған. Онда ешқандай әзіл жоқ, бәрі шынайы. Сонау Сарыарқа төрінен отандық телеарнаға белгілі екі тележүргізуші еліміздің түкпір-түкпіріне сапар шегуде. Олардың бірі – Анар Садыр-Асхатова. Ол қаладан тыс өмір сүрмеген, ана тілін үйренуді, қазақ халқының салт-дәстүрін білуді армандайтын орыс тілді журналист. Ал, Майра Төлепберген керісінше ауылда өскен және қазақ мәдениетінің барлық нәзік тұстарына арналған танымал радио тележүргізуші. Олар бірге сапар шеге жүріп, көрермендерге халқымыздың асыл бесігі – ауыл тұрғындарының күнделікті өмірін паш етуде. Сондай-ақ, әр өңірдің өмір сүру салтын көрсетіп, елді мекендердегі тұрғындардың тұрмыстық ерекшеліктерін салыстырады. Осы мақсатта түсірілім тобы Бауыржан Момышұлы ауылы Әулие-Бастау көшесінде тұратын Бейсеқұловтар отбасында болып, ауылдың бір күндік тыныс-тіршілігімен танысып шықты.
Аталған журналистермен аудан орталығындағы «Жуалы Арлан» аралас жекпе-жек клубында жүріп жатқан түсірілім барысында сұхбаттасқан едік.
-Жері мен суы дуалы қасиетті Жуалы мекеніне келіп қалдық. Қасиетті жердің тыныс-тіршілігімен, мәдениетімен, табиғатымен, халқымен танысудамыз. Бірінші күні біз осындағы Бейсеқұловтар отбасында болдық. Онда таңертеңнен бастап ауылдың бір күндік өмірін көрдік. Таңғы бестен тұрып, әулеттің отанасы Майкөн апамен бірге сиыр сауып, оны өріске жібердік. Сауылған сүт өнімін «Бақдәулет» сыр зауытына өткізуге бардық. Сыр зауытта құрт жасап, моцарелла ірімшігінің дәмін таттық. Үйде таба нан пісіріп, қымыз іштік. Бір сөзбен айтқанда, бір отбасы арқылы бүкіл аудан тұрғындарының күн көрісін тамашалап, бірге біз білмейтін дүниелерді жасап үйрендік. Ауылды сыртынан бақыламай, өзіміз сол тірліктің ішіне еніп, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен етене таныстық. Міне, қайнап жатқан ауылдың тоқтаусыз тірлігі осы болар деген пайымға келдік.
Сонымен қатар, ауыл жастарының туған жерге деген ыстық ықыласын, сүйіспеншілігін байқадық. Оған осы спорт залдағы ерлі-зайыпты Азат пен Анжеланың еңбегі дәлел. Бұл спортзалды олар облыс көлемінде де ашуға болады. Алайда жастар туған жерінің топырағынан алыстамай, өсіп келе жатқан ұрпаққа спортпен шұғылдануға жағдай жасауда. Міне, бұл көпке үлгі боларлық жайт. Біз осындай жігерлі жастарды көргенімізге қуаныштымыз, -деді радио тележүргізушісі Майра Төлепберген.
Тележүргізушінің айтуынша, бағдарлама алғаш 2017 жылы көрерменге жол тартқан болатын. Бірінші маусымда жоба аясында 20 түсірілім жасалса, биылғы жылы 15 бағдарлама түсірілу жоспарлануда. Осындай түсірілімдерді олар Алматы, Павлодар облыстарында да жасаған екен. Енді атбасын Жамбыл облысына бұрған. Сонымен қатар, ол бағдарламаның түсірілудегі басты мақсатына да тоқталып өтті. Яғни, көрермендерге ауылдың бір күндік өмірі арқылы сол өңірдің ерекшелігін, табиғатын, өнерін, мәдениетін көрсету, сондай-ақ сол елді мекендердің көрікті жерлерін халыққа көрсету арқылы еліміздің туризм саласын дамытуға атсалысу болып табылады.
-Бұл бағдарлама 1 қыркүйекте «Астана» телеарнасынан берілетін болады. Баршаңызды біздің сүйікті каналымыздан «Біздің ауыл-2» бағдарламасын тамашалауға шақырамыз. Алтын бесігімізде тірліктің бел ортасында жүрген мейірбан, қонақжай жандарға мың алғыс!,- деді ол өз сөзінде.
«Жақсыны көрмекке» дейді дана халық. Құрметті, оқырман қауым, «Астана» телеарнасынан Жуалы жері туралы түсірілген бағдарламаны бірге көріп, тамашалайық!
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»