Basty bet

Ел бірлігі – ең асыл қасиет

«Тату елге тоқшылық пен тыныштық нәсіп» деп дана бабаларымыз өсиет еткендей, татулықтан, тыныштықтан, ел бірлігінен асқан байлық жоқ. Тәуелсіз Қазақ елі өзінің отыз жылға жуық тарихында тыныштықты ту етіп ұстанған мемлекет ретінде қалыптасты. Қасиетті қазақ жеріне қоныстанған түрлі ұлттың өкілдерімен татулықта өмір сүре отырып, ел экономикасы өсіп, халықтар достығы да беки түсуде. Өкінішке орай, ел ішінде арандатушы топтардың араласуымен кей кездерде орынсыз оқиғалардың бой көрсетіп қалатынын жасыра алмаймыз.

Өткен аптаның жұма күні осындай оқиғаның облысымыздың Қордай ауданында орын алғаны өкінішті жағдай. Ресми ақпараттарға қарағанда, Масаншы ауылында қазақтар мен дүнген ұлтының арасында келіспеушіліктің соңы үлкен жанжалға ұласқан. Әлбетте, жанжал болған жерде айқай-шу, бей-берекетсіздік болатыны түсінікті. Жанжалдан үйлер бүлінді, автокөліктер өртенді. Адамдар арасында да абыржулар орын алды. Өкініштісі, адам шығыны бар. Қалай десек те, Қордай ауданында елімізге, халықтар достығына жайсыз оқиға болды.
Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша назар аудара отырып, полицияның жағдайды реттеп, өз бақылауына алғанын, қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылатынын айтты. Сонымен қатар, Президент Қ.Тоқаев Жамбыл облысындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ел Президенті: «Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – біздің мемлекетіміздің берік негізі. Халқымыз қиын-қыстау замандарда өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Сондықтан біз кейбір азаматтарға, соның ішінде арандатушыларға еліміздің басты құндылығын – ынтымақ-бірлігімізді бұзуға жол бермейміз. Бұл еліміздегі барша азаматтарға ортақ тілек деп санаймын» деп қадап айтты.
Ел болған соң ел ішінде саналуан пікірлердің де болатыны түсінікті. Қордай ауданында орын алған қайғылы оқиғаға байланысты желдей ескен неше түрлі пәтуасыз пікірлерді де естіп қалып жатырмыз. Арандатушылардың алыпқашпа әңгімесіне емес, ресми ақпарат көздеріне ден қойғанымыз абзал. Оқиға орнындағы жағдайдың тұрақталғанына шүкіршілік етеміз. Алдағы уақытта мұндай жағдайдың қайталанбауын тілейік. Қалай дегенмен, ел бірлігінің ең асыл қасиет екенін естен шығармайық, ағайын.

Жарас МҰРАТАЙ,
Жамбыл облысының және
Жуалы ауданының Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close