Basty bet
Азаматтарды қабылдады
Жамбыл облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Мәтен Мәди Мейірбекұлы Жуалы ауданына жасаған жұмыс сапары барысында жоспарға сәйкес, аудан әкімшілігінде жеке қабылдау өткізді. Қабылдауға ең алғаш болып аудан әкімінің бас инспекторы Мұрат Мәжит кіріп, ол мемлекеттік қызметшілердің тұрғын үймен қамтылу мәселесін көтеріп, мемлекеттік қызметшілерге «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында тұрғын үймен қамтылуға көмектер көрсетілсе деген ұсынысын жеткізді.
-Мемлекеттік қызмет саласында кадр тапшылығы бар екенін жасыра алмаймыз. Әсіресе, ауылдық жерлерде маман тапшылығы қатты сезіліп отыр. Мемлекеттік қызметшілердің ауылдық жерлерде тұрақтап жұмыс жасауы аса маңызға ие екені белгілі. Аталған салада жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің мәселелерін шешу жұмыстары бірте-бірте жолға қойылады деп санаймын,- деді Мәди Мейірбекұлы.
Келесі кезекте облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Мәди Мәтеннің қабылдауында болған Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғабит Үмбеталиев мемлекеттік қызмет саласындағы кәсіподақ ұйымының жұмысын жолға қою мәселелерін айтса, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және мемлекеттік-құқықтық жұмысы бөлімшесінің бас маманы Еркебұлан Қамбарбеков мемлекеттік қызметшілердің статусын көтеру, сонымен қатар, бірыңғай киім үлгісі бекітілсе деген ұсынысын жеткізді. Қабылдау барысында қойылған сұрақтар мен ұсыныс-тілектердің барлығына Әдеп жөніндегі уәкіл Мәди Мейірбекұлы зерделей отырып жауап беріп, кейбірінің тиісті органдарға жолданатынын жеткізді.