Basty bet
Ерлік даңқы – мәңгілік
Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы, «Парыз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекқұлы Әліұлы Ұлы Отан соғысында сырт жерлерде қаза тапқан жамбылдық жауынгерлерді іздестіріп, осы бағытта табанды еңбек етіп келеді. Осы ретте, жақында «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай, «Парыз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекқұлы Әліұлымен кездесу ұйымдастырды. Кездесуге 14 ауылдық округтің жастар ісі нұсқаушысы және №1 мектеп-гимназияның белсенді оқушылары қатысты.
Шараның мақсаты – жастардың бос уақытын тиімді пайдалана отырып, тарихи құнды мәліметтерден ақпарат алуға, ұлы тұлғаларымызды танып-білуге, Ұлы Жеңістің ащы дәмін татқан батырларымызды құрметтеуге жастарды шақыру.
Кездесуді «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Телеушов ашып, жүргізіп отырды. Шежіреге толы кездесуде жас ұрпақ елін, жерін қорғаған бабаларымыздың батырлығы және жерлесіміз Қасым Ералиевтің ерлігі жайлы өнегеге толы әңгіме өрбітті.
Аталған шараға Ұлы Отан соғысының батыры, Көлтоған ауылының тумасы, жерлесіміз Қасым Ералиевтің немере інісі мен немересі қатысып, жаңа мәліметтерімен бөлісті.
Кездесу барысында Бекқұлы Әліұлы сөз алып, ол Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жеке деректерін жинақтаумен, ашылмаған деректерді жас ұрпаққа насихаттау жұмыстарымен айналысатындығын жеткізді. Сонымен қатар, Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлеріміз елге оралған, оралмағандығы туралы ақпараттарды зерттеумен айналысып, Белоруссия мемлекетінде қаза тауып, сүйегі сонда қалған жауынгерлеріміздің құрметіне ескерткіш орнату керектігін де айтып өтті.
Бекқұлы Әліұлы «Қаһарман, батыр мерген Мәншүк Мәметова, Ыбырайым Сүлейменовтың құрметіне Смоленск жерінде ескерткіш орнатылған. 1982 жылы жазушы Әзілхан Нұршайықов пен де жолығып, отты жылы қаза тапқан майдангерлердің тарихы жайлы құнды мәліметтерді де жинақтадық» деп, аудан жастарына алғысын айтып, елге оралмай қалған бабаларымыз жайлы әлі де зерттеу жүргізетіндігін жеткізді.
Ал, Көлтоған ауылының тумасы Қасым Ералиев туралы немере інісі Нұрғали Ералиев және немересі Ринат Ералиев те ашылмаған құнды дүниелерді жинақтап жүргендерін айтып, батырдың құрметіне Б.Момышұлы, Көлтоған ауылдарынан көше аты берілгендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, олар батырдың ерлігі, батырлығы жайлы кітап жинақтап жатқандықтарын да айтып өтті. Айта кетерлігі, Қасым атаның немересі қазіргі таңда білім беру саласында қызмет етуде екен. Осы орайда, ол жас ұрпаққа ізгі тәлім-тәрбие беру басты ұстанымы екендігін жеткізді. Батырдың ұрпағы елімізде тыныштық заман болуын, еліміз көркейіп, өсуін, жалынды жастарымыздың көп болуын тіледі.
Элмира Сүйінбаева,
Б.Момышұлы ауылының
жастар ісі нұсқаушысы