Basty bet

Қордайлықтарға қолдау көрсетейік!

«Бауыржан Момышұлы» қоғамдық қорының аудан тұрғындарына Үндеуі

Құрметті жуалылықтар, жерлестер!
Тәуелсіздік жолында халқымыз аз қиыншылық көрген жоқ. Бүгін тағы да қоғамның сын-тегеуріндерге жауап беруде топтасқандығын және береке-бірлігін танытатын кез келіп тұр.
Қордай ауданында орын алған қасіретті оқиғаны баршамыз терең күйзеліспен қабылдадық. Қазақстандықтар бүкіл қоғам болып, қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтты. Оқиға зардаптарын жою шаралары шұғыл қолға алынып, зардап шеккендерге материалдық көмек ұйымдастырылуда.
Жуалы аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі, «Бауыржан Момышұлы» қоғамдық қоры да осынау орны толмас ауыр қайғыға ортақтастығын білдіріп, қақтығыста үй-жайлары бүлінген және дүние-мүлкінен айырылған отандастарымызға сын сағатта берік болуына, сабырлылық танытуына, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілек қосады. Бүкіл Жуалы жұрты осы күндері жанжалдың бейбіт жолмен реттелуі мен шекара асқан азаматтардың өз үйлеріне аман-есен оралуын тіледі.
Қиындықты басына түспей, ешкім сезінбейді. Сондықтан бүгінде жер-жерлерде, түрлі деңгейдегі жұмыс орындарында жанашыр азаматтар оқиға орнында қаза тапқандар мен зардап шеккендерге көмек қолын созу туралы бастама көтеріп, әркім қолынан келген жәрдемін көрсетуде.
«Бауыржан Момышұлы» қоғамдық қоры халқымыздың қиналғанға қол ұшын беруге дайын тұратын бауырмашылдық, мейірімділік қасиеттерін өнеге тұта отырып, аудан халқын осынау сын сағатта отандастарымызға жәрдемдесіп, азаматтық танытады деп сенеді.
Қазақстан халқының күші – бірлікте екенін бәр сәт жадымыздан шығармай, еліміздегі салтанат құрған бейбітшілік пен бірлікті сақтап, оны одан әрі нығайта беруге шақырамыз.
«Бауыржан Момышұлы» қоғамдық қорының деректемелері:
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ, Банктің БСК-ы: HSBKKZKX.
Қордың банктегі есепшотының нөмірі KZ746010161000127574.

Ізгі тілекпен, Естемес Аманбеков,
«Бауыржан Момышұлы» қоғамдық қорының президенті

Таңдаулы материалдар

Close