Халық алдында есеп беру кездесуінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев статистикалық көрсеткіштер мен қол жеткізілген жетістіктерді тізіп, ұзын-сонар баяндама жасамай, тұрғындармен диалогқа, өзекті мәселелерді шешуге және алдағы жүйелі жоспарларға назар аударды. Кездесуде бейнебайланыс арқылы ауыл тұрғындары да өз сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.
Әкімнің облысымыздың тұрғындары алдындағы алғашқы есеп беру кездесуіне қатысуға ниет білдірушілердің қарасы қалың болып, «Көне Тараз» тарихи-этно мәдени кешенінің «Көрме» павилонының кең залы лық толды.
Аймақ басшысы алдымен өткен жылдың қорытындысымен негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасқанын атап өтті. Экономиканың өсуі 105,5 пайызды құраса, негізгі капиталға салынған инвестициялар 9,3 пайызға өскен. Инфляция деңгейі 105,3 пайызды, жұмыссыздық – 4,8 пайызға, бюджетті игеру көрсеткіші – 99,9 пайызды құраған.
Есепті жиында барлық қажетті ақпараттар панорамалық слайдтарда көрсетіліп отырғандықтан облыс әкімі негізінен алдағы атқарылар ауқымды жұмыстарға көңіл бөлді. Бірінші кезекте қарқынды жоғалтпай, қолда бар әлеуетті барынша пайдалануда жаңа тетіктерді қарастыру қажет. Экономиканы дамытудағы басымдық инвестициялар тартуға және инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға беріледі. Ағымдағы жылы жалпы құны 114 млрд. теңге болатын 18 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. «Тараз Химпарк» арнайы экономикалық аймағын дамытуға 648 млрд. теңге бөлінбек. Нәтижесінде өнеркәсіп көрсеткішінің бес пайызға өсуін қамтамасыз ету көзделуде.
Ауыл шаруашылығын субсидиялау шаралары жалғасады, оған 21 миллиард теңге қарастырылған. Өңірдегі егістік алқаптарын 705 мың гектарға дейін жеткізу, бұл орайда рентабельді дақылдар мен қызылша шаруашылығын кеңейтудің маңыздылығы зор. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасы жалғасады. Ауыл тұрғындарын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатынан жеке кәсіпкерлерге айналдыру мақсаты негізге алынған.
700 шақырымға жуық жол жөнделіп, жолаушылар тасымалының сапасын арттыру мақсатында 100 жаңа автобус сатып алу жоспарлануда.
Ағымдағы жылы облыс аумағындағы 70-тен астам елді мекен ауыз сумен, 35 елді мекен газбен қамтамасыз етілмек. Қосылуы күтіліп отырған төрт жаңа баламалы энергия стансиясы бұл бағыттағы көрсеткішті 17,2 пайыздан 22 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, 14 жаңа мектеп ашылып, 285 оқу орындары жылы санитарлық жүйелермен жабдықталады. Денсаулық сақтау саласында 18 жедел жәрдем көлігін сатып алу, медициналық жабдықтау деңгейін 92 пайызға жеткізу, МӘМС енгізу бойынша белсенді жұмыстарды жалғастыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, аймақта 91 спорт алаңшасы салынып, жастарға 1200-ден астам грант беріліп, жеңіл атлетикалық және гимнастикалық манеждердің құрылысы басталады.
Аймақ басшысының баяндамасынан кейін есеп беру кездесуі диалог форматына айналды. Қызылша өсіретін диқандардың атынан «Меркі» шаруа қожалығының басшысы Саха Манатов сөз сөйлеп, әкімнің жеке қабылдауын сұрады. Облыс әкімі қант зауыттарына тапсырылған шикізат үшін төлем алу мәселесіне үнемі тап болатын қызылша өсірушілердің мәселелерінен хабардар екенін жеткізді.
– Біз міндетті түрде қант қызылшасын өсірумен айналысамыз. Ел Президенті елімізді өз қантымен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берген болатын. Мен сіздерді қолдау үшін барлық шешімдерді қабылдайтын боламын. Бұл тақырып аясындағы мәселелерді талқылау үшін сенбі күні сіздермен арнайы кездесетін боламын,- деп сендірді аймақ басшысы.
Мойынқұм ауданының елді мекендерін, атап айтқанда, Айдарлы ауылын газдандыру мәселесі зерделеу шараларын талап етеді. Бұл мәселе облыс әкімінің аталған ауданға жұмыс сапары кезінде жан-жақты қаралып, сараланатын болады. Ол үшін алдымен тиісті құжаттар дайындалу қажет.
Облыс әкімі полиция департаментінің басшылығына сирек кездесетін дәрі-дәрмек өсімдіктерінің контрабандасы туралы шағымдарды талдап, заң бұзушылықтар болған жағдайда тиісті шаралар қолдану туралы тапсырмалар жүктеді.
Талас ауданы Қаратау қаласынан көпбалалы ана Айгүл Бескемпірова бейнебайланыс арқылы көпбалалы отбасыларға арналған жатақханалар салу жұмыстары жалғасын таба ма деп сұрады.
– Кеше мен бірқатар азаматтарды қабылдадым. Ондағы өтініштердің көпшілігі тұрғын үй мәселесіне қатысты болды. Тұрғын үй заң шеңберіне сәйкес кезек бойынша беріледі, алайда көпбалалы отбасыларға арнайы тізім жасақталады. Ағымдағы жылы бес жатақхана пайдалануға беріледі,- деп жауап берді Бердібек Сапарбаев.
Қала тұрғыны Берікбол Валиханов облыстың Қоғамдық кеңесінің құрамын өзгертуді ұсынды. Оның сөзінше, қоғамдық кеңес тек ақсақалдардан тұрады. Қариялар өз ережелерін қояды, ұйымдарға белсенді жастардың импульсі жетпейді, деп есептейді Б. Валиханов.
– Бүгін қоғамдық кеңестер туралы заңға, оның ішінде олардың құрылымдық құрамы бойынша өзгерістер енгізілуде. Айтылған сын – орынды, көп жылдар бойы кеңесте отырып, бірақ ешқандай бастамашылдық танытпаған адамдарды ауыстыру керек,- деп атап өтті облыс әкімі.
Сондай-ақ, аймақ басшысы жалған ұрандарды кім көрінген ұсына беретінін тілге тиек етіп, алайда шынайы өмірде жүзеге асыру қажеттігін баса айтты. Осы тұста еліміздегі барлық бастамалардың басында жастар тұруы керек емес пе?! – деп көпшіліктің көкейіне ой тастады.
Кездесуді қорытындылай келе, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев барлық көтерілген мәселелер бойынша қажетті шаралары қабылданатынын атап өтті. Өңір басшысы үшін халықпен тиімді кері байланыс орнату және облыс тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерге дер кезінде әрекет ету маңызды.
– Пікір алмасу және өзекті мәселелерді шешу үшін бірге сындарлы диалогты жолға қоя алатынымызға сенімдімін,- деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі