Basty bet
Елдігіміздің бет-бейнесі
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші, әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Яғни, қазіргі таңда ұлттар мен ұлттық мемлекеттердің нағыз өзекті мәселелері экономика, саясат, қорғаныс саласымен емес, керісінше, ұлттың басты құндылығы болып табылатын ұлттық нышандармен тығыз байланысты.
Қай елді алып қарасақ та, оның мемлекеттік рәміздері бар. Олар – Ту, Елтаңба, Әнұраны. Бұл символдарға – әрбір тәуелсіз мемлекет үшін ең маңызды қажеттіліктер. Әр елдің рәміздеріне қарап, сол елдің тарихын, салт-дәстүрін, құндылықтарын көруге болады. Сондықтан Тәуелсіздік алғаннан кейін ең басты міндет – еліміздің рәміздерін тағайындау еді. Міне, сол мемлекеттік нышандарымызды қабылдап, қазіргі таңда оған құрметпен қарап, қадірлеуге міндеттеліп отырмыз.
Осы орайда, №1 мектеп-гимназияда ҚР Мемлекеттік рәміздерін білім алушыларға құрметтеу, насихаттау жұмыстары нақтылап, жолға қойылған. Мемлекеттік рәміздерді қолдау және насихаттау жоспарына сәйкес мектепте түрлі тақырыптарда іс-шаралар ұйымдастырылып өткізіліп тұрады. Оқу жылының басында сынып жетекшілеріне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерін салтанатты шараларды өткізу кезінде қолдану ережелері түсіндірілді. Атаулы мерекелік іс-шаралар мен саптық жиындарда Туды қолдану ережелері қатаң сақталады. Сондай-ақ, белгіленген сынып бөлмелері мен мектептің екінші қабатында оқшауланған жерде Мемлекеттік рәміздер талапқа сай жабдықталған.
Сонымен қатар, Мемлекеттік Рәміздерді, Ата Заңды қадірлеуге, Отанын сүюге, тілді, дінді берік ұстауға, қастерлеуге, сыйлауға үйрету, Отанға деген патриоттық сезімдерін ояту мақсатында 2019-2020 оқу жылына жылдық жоспар құрылып, жоспарға сәйкес түрлі тақырыптық іс-шаралар жүргізілуде.
Атап айтар болсақ, оқу жылының басынан «Рәміздер – елдігімнің реңі, теңдігімнің тірегі» тақырыбында мектеп кітапханасында кітап көрмесі, Мемлекеттік рәміздерге арналған мәнерлеп оқу байқауы, «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық абырой», «Мемлекеттік рәміздер тарихы» тақырыптарында дөңгелек үстелдер, «Рәміздерім – мақтанышым» атты тақырыпта оқушылардың білімдерін шыңдау мақсатында насихаттау жұмыстары және «Мемлекеттік – рәміздердің тәрбиелік мәні» тақырыбында шығарма жұмыстары өткізілді.
Сонымен қатар, бекітілген жоспарға сай оқушыларға патриоттық тәрбие беру мақсатында Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік тұғырым» атты тақырыпта мерекелік кеш өтті. Кешті директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Нұрбол Шотбайұлы мен Билора Мамедова және педагог ұйымдастырушы Нұрсұлу Жақсытаева, тәлімгер Зарина Оспанова, музыка пәнінің мұғалімі Салтанат Әжібекова мен би жетекшісі Жанна Досыбайлы бірлесіп ұйымдастырды. Патриоттық тәрбиелік мәні зор шараға Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Ләззат Әшірбекова қатысып, балалармен тағылымдық әңгіме өрбітті.
Алдағы уақытта Мемлекеттік рәміздерді насихаттау мақсатында мектепте «Желбіресін – біздің Ту!» тақырыбында спорттық ойындар, «Тұғырлы туым – тәуелсіздік белгісі» тақырыбында кітап көрмесі, «Мен елімді сүйемін!» атты тақырыпта патриоттық тәрбиелік іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай белгіленген жоспарға сай түрлі тақырыптарда шаралар өткізілетін болады.
Мемлекеттік рәміздер – біздің еліміздің бет-бейнесі, біз үшін биіктік, қастерлі нышан. Осы ретте, Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік айшықтарды құрметтеп, қастерлей біледі деп ойлаймын.
Нұрбол Абдубаитов,
№1 мектеп-гимназия директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары