Basty bet

Барлық мәселе терең зерделенуі керек

Кеше аудандық «Достық» мәдениет үйінде аудан әкімінің халыққа қорытынды есеп беру кездесуі өтті.
Есепті жиынға Жамбыл облысының әкімі Мырзахметов Асқар Исабекұлы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің Мемлекеттік инспекторы Базарханов Еркін Сейілханұлы, облыс әкімі аппаратының басшысы Дәулет Рүстем Рысбайұлы және облыс әкімдігінің бірқатар басқарма басшылары қатысты.

Кезек бірден аудан басшысы Нарбай Ергебековтің есебіне берілді.
-Құрметті Асқар Исабекұлы!
Қадірменді аудан тұрғындары!
Өздеріңізге белгілі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес жыл сайын барлық деңгейдегі әкімдер халық алдында есеп береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында еліміздің даму бағытындағы 5 негізгі міндеттерді шешуге жұмылуды ұсынды.
Саяси жүйенің бұл формуласы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру» болып табылады.
Осыған сәйкес, ай сайын 2 ауылдық округ елді мекендерін қамти отырып 14 ауылдық округті аралап, 116 мәселе көтерілді. Хаттамалық тапсырмалардың 86-сы орындалып, 30-ы бақылауда тұр. Сонымен қатар, әр ай сайын кемінде екі реттен аудандағы әр сала өкілдерімен 24 кездесу өткіздім. Онда 197 сұрақ көтеріліп, бүгінгі күні 183-і орындалды, 14-і бақылауға алынған,- деді Нарбай Әбілқасымұлы. – Есепті мерзімде менің жеке қабылдауыма 228 азамат жазылып, барлығына заң аясында тиісті жауаптар берілді. Қабылдауға келген азаматтардың басым көпшілігі тұрғын үй, жер, жұмыс мәселелерімен келетіні анық болып отыр.
Құрметті жерлестер!
Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне жылдан-жылға артығымен қол жеткізілуде. Есепті мерзімде жалпы өңірлік өнім көлемі 47,9 млрд теңгені құрады (2018 жылы 39,8 млрд теңге). Өткен жылмен салыстырғанда 8,2 млрд теңгеге орындалып, 120,6 пайызға өсті.
Оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 29,9 млрд теңгені құрап, (2018 жылы 24 881,1 млн теңге) 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 105,8 пайызды құрады.
Өсімдік шаруашылығы 13,9 млн теңге, нақты көлем индексі 108,2 пайызды, мал шаруашылығы 15,8 млн теңге, нақты көлем индексі 103,8 пайызды құрап отыр.
Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар.
Ал бұл міндетті жүзеге асыруға алғышарт болатын, әрине, суармалы су көздерін тиімді пайдалану. Осы орайда, Ақсай №1 және Көксай №11 ішкі шаруашылық каналдарын 7,7 млн теңгеге мехотрядпен тазалау жұмыстары жүргізіліп, 410 га егіс алқабы суарылатын болды.
Сонымен қатар, аудан шаруалары су үнемдеу технологиясын енгізуді жүзеге асыруда. Есепті кезеңде «Дархан» шаруа қожалығы 27,0 млн теңгеге жаңбырлатып суғару қондырғыларын орнатып, 100 га жер қамтылып отыр.
Ауданда өнеркәсіп өнімдерін шығарып отырған кәсіпорындар 2019 жылы 10380,7 млн теңгенің өнімдерін өндіріп, (2018 жылы 7 761,9 млн теңге) өткен жылмен салыстырғанда өнімнің нақты көлем индексі 102,3 пайызды құрады.
2019 жылы аудан көлемінде 4792 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кәсіпкерлік субъектілер саны 330-ға артып отыр.
Ауданда 5 шағын микрокредиттік ұйымдар 4501 адамға 2 628,9 млн теңге несие таратты (2018 жылдың осы мерзімінде 4445 адамға 2 325,1 млн теңге).
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында инфрақұрылымды дамыту мақсатында 15 жоба, «Даму» КДҚ-ның қолдауына ие болып 297,5 млн теңге несиеге қол жеткізді.
Кәсіпкерліктің өріс алып, дамуы үшін қызмет сапасы мен ұсынылатын өнімнің қауіпсіздігі басты рөл атқаратыны түсінікті. Бүгінгі күні өздеріңізге мәлім 2 жыл бойы көтерілген күрмеулі мәселе – Б.Момышұлы ауылы Үсенов көшесінде орналасқан орталық базар маңын кеңейту, сауда орындарын ретке келтіру жұмыстары атқарылды. Базар маңын абаттандыру жұмысы қолға алынып, Мәншүк Мәметова, Ыбырай Алтынсарин көшелерінің бойына 800 метр суағар лотоктар қойылды.
Аталған орында Оңласын Бүтінбаев 80 орындық жабық көкөніс базарын, Лечи Оздамиров 20 орындық жабық сауда орнын ашып, ел игілігіне жұмыс жасауда.
Елімізде экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән берілуде.
Өздеріңіз білесіздер, мұндай жобалар біздің ауданымызда да іске асырылуда. Билікөл ауылдық округі Берікқара шатқалынан жазғы демалыс орны ашылып, іске қосылды. Тәттібай Дүйсебайұлы ауылынан бой көтеріп жатқан Қаралма таушаңғы базасы алдағы уақытта пайдалануға беріледі. Көксай шатқалынан арнайы спорттық демалыс-сауықтыру орталығының құрылыс жұмыстары қолға алынбақ. Бұл жобалар аудан экономикасын ілгерілетуге септігін тигізері ақиқат.
Осы ретте айта кететіні, Берікқара тау шатқалындағы жазғы отбасылық демалыс орнының кәріз су жүйесіне ЖСҚ дайындалды, қаржы қарастыруды қажет етуде.
Есепті мерзімге құрылыс жұмыстарының көлемі 5 475,1 млн теңгені құрап, (2018 жылы 6 402,6 млн теңге) былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 83,9 пайызға орындалды.
2019 жылы мемлекеттің қаражат есебінен 1 221,5 млн теңгеге14 нысан (- Қошмамбетов атындағы ОМ спортзал, қазандық;
– ИКИ Көктөбе,Теріс, Нұрлыкент, Қосбөлтек тұрғын үй алабы 93 га, 298 жер учаскесі) құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.
– Қарасаз ауылының су жүйесінің құрылысы.
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 8 (Майбұлақ, Қарасу, Қосбөлтек, Ақтасты, Теріс-Ащыбұлақ, Кәріқорған, Қаратас,Т.Дүйсебайұлы) медициналық пункттің құрылысы жүргізілді.
Жеке тұрғын үй есебінен 2019 жылы 11 079 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер қабылданды (2018 жылы 10 572 шаршы метр). Бұл көрсеткіш 104,8 пайызға артығымен орындалды.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 5 392,6 млн теңгені құрады (2018 жылы 21 869,4 млн теңге), 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,3 пайызға орындалды. 2018 жылы инвестиция көлемі «Бурное Солар-2» күн электр станциясына 19,0 млрд теңгеге құрылыс жұмыстарының жүргізілуі негізінде артқан.
Келесі маңызды мәселе – ауыз су мәселесі. Бүгінгі күні ауданда орталықтандырылған ауыз сумен қамтылу деңгейі 32,6 пайызды құрайды. Мәселені шешу мақсатында 5 елді мекенге құрылысқа қаржы бөлініп отыр. 7 елді мекеннің ЖСҚ дайындалып, облысқа сұраныс жасалды. 10 елді мекеннің ЖСҚ-ы дайындалуда. Аталған жобалар іске асқан жағдайда ауыз сумен қамту 77 пайызға жетеді деп жоспарлануда.
15 елді мекенді газдандырудың жалпы құны 2 976,0 млн теңге. Газ құбырының ұзындығы 102,3 шақырым. 2019 жылы құрылыс жұмыстарына 1 365,0 млн теңге бөлініп, Қошқарата бағытына магистральды газ құбыры құрылысы жүргізілді.
Осы жылы магистральді газ құбырының құрылысы 723,0 млн теңгеге жалғасып, 2021 жылы аяқталуы жоспарланған.
7 елді мекенге ауылішілік газ құбырларын жүргізуге ЖСҚ әзірленген. Жобаларды іске асыру үшін қаржы қарастыруды қажет етеді.
Ал Билікөл ауылдық округіндегі 4 елді мекенге АГРС құрылысын бастау үшін республикалық бюджеттен 117,5 млн теңге сұралған болатын. Алайда аталған қаржы биылғы жылы қаралған жоқ.
Білім саласында жалпы 39 білім беру мекемелерінде 11 244 бала білім алуда. Барлық мектептер компьютерлендірілген, 1 компьютерге 7 оқушыдан келеді.
Қ.Сағындықов, С.Бәйтіков, А.Байтұрсынов атындағы орта мектептерінде және Мыңбұлақ орта мектебінде ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Алатау және Диқан ауылдардағы орта мектептердің ЖСҚ-сын әзірлеу үшін басқа мердігермен келісімшарт жасау жоспарлануда. Алдыңғы мердігердің құжаттары сотқа жолданды.
Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің базасында цифрлық сауаттылыққа оқыту және ақпарат алмасу мақсатында 12 ауылда цифрландырылған ақпараттық орталық ашылды.
Осы жылы екі елді мекеннен цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашу жоспарланды.
Мәдениет саласында көңіл аударатын мәселе – жаңа мәдениет үйін салу екенін айтқым келеді. Орталықтағы бұл мәдени ошақ өткен ғасырдың 1956 жылы пайдалануға берілген болатын. Егер қолдау болып жатса, аудан орталығынан 400 орындық нысанның бой көтергені тұрғындарға ерекше қуаныш болары анық. Ал ескі ғимаратты этномәдени орталықтардың, жастардың «Достық» үйі ретінде пайдалануға мүмкіндік болар еді.
2019 жылы жұмыссыздық деңгейі 4,3 пайыз, жалпы жұмыссыздар саны 1 240 адамды құрады.
Жұмыспен қамту мәселесімен есепті мерзімде 2637 азамат қайырылып, жұмыспен қамту шараларына 3355 адам тартылды.
Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі 64 азамат жұмысқа орналастырылды.
2019 жыл – Жастар жылында жастарды жұмыспен қамту негізгі бағыттардың бірі болды. Жұмыссыз 1516 жас жұмыспен қамтылды.
Сондай-ақ, 49 жас ірі қара мал бағытында 110,7 млн теңге несие алып, өз жұмыстарын жасауда.
Шағын кәсіпкерлікті дамытуға 197 жасқа 505,0 мың теңгеден қайтарымсыз қаражат берілді.
Әрине, аудан тұрғындары мен жастардың басты мәселесі – баспана екені белгілі. Былтырғы жылы ауданда «Б.Момышұлы» атындағы қайырымдылық қоры арқылы аудан аумағынан аса мұқтаж 5 отбасыға тұрғын үй алынып берілді.
Демеушілер көмегіне алғысымыз шексіз. Дегенмен бұл қажеттілікті толық қанағаттандырмайтыны түсінікті. Былтырғы жылы біз орталық аурухана маңындағы бұрынғы бақтың орнына көп қабатты тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледік. Бүгінгі күні сараптамада.
Бұдан басқа Ақбастау елді мекеніндегі колледждің бұрынғы жатақханасын коммуналдық меншікке алған болатынбыз. Өткен жылы ЖСҚ дайындалып, сараптамадан өткізілуде.
Сонымен қатар, тұрғын үй мәселесін бұрынғы фабриканың жатақханасын мемлекеттік меншікке сатып алу арқылы қосымша шешуге мүмкіндік бар. Ол үшін облыстық басқармалардың қолдауы қажет болып отыр.
Мемлекеттік бюджеттің кірістер жоспары 13 825,4 млн теңге болса, орындалғаны 13 853,5 млн теңге, жоспар 100,2 пайызға орындалды.
Аудандық жергілікті салықтарының жоспары 1 492,8 млн теңге болса, түсіп отырғаны 1 521,0 млн теңге орындалуы 101,9 пайыз немесе 28,1 млн теңге артық түсіп отыр.
2019 жылғы аудан әкімінің халыққа есеп беру барысында көтерілген ұсыныстар бойынша 20 мәселе іс-шаралар жоспарына енгізіліп, оның 19-ы орындалды. Бір мәселе Нұрлыкент ауылынан 100 орындық клуб құрылысы осы жылы жүргізілетін болады.
Енді, 2020 жылы атқарылатын жұмыстарға қысқаша тоқталып өтсем.
Биылғы жылы 7 нысан құрылысы жүргізіледі.
Ауыз су бойынша 5 елді мекенде, білім саласында 1 нысан, мәдениет саласында 1 нысан, жұмыстарына 1 409,7 млн теңге қаралды.
Жобалау жұмыстары: барлығы 39 жоба: көп қабатты тұрғын үй -1 жоба, ИКИ – 12 жоба 5 елді мекенге, білім саласында – 2 жоба, спорт саласында – 3 жоба, мәдениет салсы – 2 жоба, ауыз су бойынша -7 жоба дайын, 10 жоба дайындалуда, газдандыруға – 11 жоба.
Мұнан басқа ауылдық округтерде 43 нысанға 324,0 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Білім саласындағы Мыңбұлақ ОМ, Шыңбұлақ ОМ (терезе, сырты) ағымды жөндеу жұмыстары және орта мектептердің 5-не қоршау, 12-не пандустар және 27-нің әжетханаларын жөндеуге 105,0 млн теңге жоспарланды.
Сонымен қатар, облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы бойынша жұмыстар жалғасады. Бүгінгі күні Ақтөбе ауылдық округіндегі 195 үйдің өтінімдері қабылданды. 120 тұрғын жалпы сомасы 375,0 млн теңге несиеге қол жеткізді. 29 адам 82,0 млн теңгеге 473 бас ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алды.
Аудан әкімінің баяндамасынан кейін кезек көпшіліктің ұсыныс-пікірлеріне берілді.
Жиынға қатысушылар залда орнатылған екі микрофонға келіп, ұсыныс, өтініштерін білдірді.
«Атамекен Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшісі Зайырбек Сұлтанмұратов облыс тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатындағы қанатқақты жобаға енген Ақтөбе ауылдық округінің халқын алдағы уақытта суармалы жерлердің жағдайы, яғни қырғыз елінен келетін судың мәселесі Ақмолда, Қаратақы, Төмен тамға су каналдарының мәселесі толғандырып отырғандығын жеткізді.
Мәселеге аудан басшысы суармалы жерлерді суару, яғни аталған каналдар арқылы келетін ағын су мәселесі мемлекеттік комиссияның қарауында қаралып жатқандығын айтты.
«Жуалы-Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Смайыл Көбесов ауданда қой терісін өңдейтін цех ашылса, бүгінде ұнның бағасы қымбат, сондықтан орталықтандырылған қойма салынса, жас отбасыларды тұрғын үймен қамту мәселесі шешімін тапса деген тілегін және мал жайылым мәселесі туралы сөз қозғады.
Аудан әкімі тері өңдейтін цех ашу туралы кәсіпкерлер тарапынан ұсыныс түсіп жатса, қолдау білдіретінін айтты. Ал қойма мәселесі ауданда үш-төрт көкөніс қоймасы және әр шаруа қожалықта өзінің өніміне сай қоймалар бар екенін және былтыр кәсіпкерлерге аукцион арқылы жер берілгенін, онда кәсіпкерлердің жоспарында бұл мәселе де барын жеткізді.
Жайылым жерге байланысты жерін тиімді пайдалана алмай отырған азаматтардан заң аясында жерлері қайтарылатыны, жалпы мәселе заң аясында шешімін табатынын айтты.
Сонымен бірге, Қаралма таушаңғы демалыс кешені құрылысын аяқтаған соң, ауданымызға келетін туристердің саны артатыны, ал оған біздің аудан орталығындағы темір жол бекеті тарлық ететіні және заман талабына сай еместігі, сол себептен заман талабына сай темір жол бекеті салынса, Қошқарата бағытындағы жолға қыста қар көп түсетіндігі, сондықтан қар қатты түсетін жерлерге қар ұстағыш қондырғы орнатылса, орнатылған қондырғының сапасына мән берілсе, жерлесіміз халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туған жері Талапты ауылындағы үйін шығармашылық үйіне айналдырсақ, Шерағаның есімін Талапты ауылына, аудандағы бір мектепке берсек деген өтініштер айтылды.
Жиында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойынан Шақпақата, Қарасаз ауылдық округтеріне өтетін жолайрығы салынса деген сауал көтерілді.
Батыр Баукеңнің музейі жаңғыртылса, аудан орталығынан теміржолдың төмен жағынан балабақша салынса, Жамбыл көшесінің бойынан салынған жаяу жүргіншілер жолы жалғасын тапса, «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы жалғасын тапса, ауданда генералдар аллеясы салынса, мектепте мұғалімдердің айлық жалақысы көтерілді, алайда мектепте жұмыс істейтін медбикелер мен кітапханашылар бұл жағымды жаңалықтан сырт қалды, сол себептен осы мәселе де ескерілсе деген ұсыныс-тілектер айтылды.
Сөйлеушілер облыс әкімінің облысымызда атқарып жатқан жұмыстарына ризашылығын білдірді. Аудан басшысының жұмысына да оң баға берді.
Сұрақтардың барлығына аудан басшысы саралай келіп, тиянақты жауап берді. Кей сұрақтарға облыс әкімдігінің тиісті басқарма басшылары мен орынбасарлары жауап берді.
Сахнаға облыс әкімі Асқар Исабекұлы көтеріліп, қойылған сұрақтарға берілген жауаптарды пысықтап, облыста атқарылып жатқан жұмыстарға да қысқаша тоқталды.
Өңір басшысы әр сұрақтың жауабын жан-жақты талдай келіп жауап берді. Қырғыздан келетін су мәселесімен қоса, өзімізде бар су қорын қаншалықты тиімді пайдаланып отырмыз? Осы мәселе бойынша да жұмыстар атқарылып жатқандығын айтты. Газ, ауыз су мәселесін шешу мәселесінде де дәл солай. Әр мәселені шешудің тиімді жолдары қарастырылған.
Қолға алынып отырған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қой терісін өңдейтін, сүт, ет өңдейтін, тағы да басқа шағын цехтар ашу жобаның жоспарында барын жеткізді.
Қойма мәселесінде де шаруалар үшін өнімін сақтамай қолма-қол ақшаға сату, әрине, тиімді. Алайда, мемлекеттік тұрғыдан бұл – тиімсіз. Сондықтан бағаны тұрақтандыру үшін қойма салу да жоспарда бар. Осы мақсатта облысымызда екі көтерме -тарату орталықтарын іске қосу жоспарланып отырғанын айтты.
Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де өте күрделі мәселе. Сол себептен, мәселе басты назарда екенін және бүгінгі таңда облыста 30 көп қабатты тұрғын үй салынып жатқанын, тағы да 9,8 млрд қаржыға тұрғын үй салу жоспарда барын жеткізді.
Облыс әкімі аудан, ауылдық округ әкімдері 2019 жылы наурыз айында №70 өкімімен бекітілген жұмыс алгоритміне сай жұмыс істеу керектігін, яғни алгоритмде әр ауылдағы әлеуметтік-экономикалық мәселелер терең зерделеніп, қалай жұмыс істелуі керектігі жазылғандығын, ендігі жерде әкімдер тек қана жұмыс істеуі керектігін түсіндірді.
Атқарылып жатқан жұмыстарға азаматтық бақылауды күшейту керектігін де ескертті.
Жиында көтерілген мәселенің ешқайсысы облыс әкімінің назарынан тыс қалған жоқ. Барлығына тоқталып, жауап беріп өтті.
-Бұл тек аудан әкімінің есебі емес, бұл – аудан әкімдігінің есебі.
Аудан кейбір мәселелерді өзі шешуі үшін өзінің экономикасын көтеруі керек.
Нақты индикаторлық көрсеткіштердің орындалуына көңіл бөлу қажет.
Жалпы, жиын барысында аудан әкімінің есебіне берілген қанағаттанарлық деген бағаға мен де қосыламын. Аудан басшысының биылғы жұмысына да сәттілік тілеймін,- деді облыс басшысы.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close