Basty bet
Ардагер-диктор
Тіршілік атаулының ең асыл қазынасы – Ана. Ананың баласы, отбасы үшін еңбегі өлшеусіз. Ана қай кезде бақытты? Ана үшін жарының, бала-шағасының амандығы, олардың жетістігінен, қуанышынан артық бақыт жоқ.
Әйел заты, оның ішінде қазақ әйелінің қайсарлығы, төзімділігі, даналығы жайлы тарихымыздан жақсы білеміз. Қай заманда болмасын қазақ әйелі тек отбасында ғана емес, қоғамда да ер азаматтармен қатар елдің өсіп-өркендеуі үшін тер төгіп келеді. Сол асыл да аяулы жандардың бірі – Қазақ радиосының ардагері, ҚР Журналистика академиясы «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Ұлжан Пармашқызы.
Өткен ғасырдың екінші жартысында Қазақ радиосының Әнуарбек Байжанбаев бастаған көптеген майталман дикторларының даусы бүкіл Қазақстанға танымал болып, тіпті олар әр үйдің отбасы мүшелеріне айналып кеткендей болды. Осы дикторлар шоғырының ішінде жуалылық Ұлжан Пармашқызы да болды. Ұлжан Пармашқызының дауысы бүкіл Қазақстанға таныс. Ол кез халық Қазақ радиосының даусымен оянып, қазақ радиосының даусымен ұйқыға кететін уақыт. Менің өзімнің есімде Ақтасты ауылының ортасында тұратын радионың дауысы, радиодан айтылатын тамаша әуендер мен тағылымды әңгімелердің әсері әлі күнге сол қалпында сақтаулы. Қазақ радиосы халыққа үлкен рухани күш беретін. Халқымыздың ұлттық сана-сезімін, рухани деңгейін, өскелең мәдениетін қалыптастыруда ересен іс тындырып келе жатқан қара шаңырақ – Қазақ радиосы барлық қазаққа барынша қымбат.
Оқырманға түсінікті болу үшін Ұлжан Пармашқызының өмір жолына қысқаша тоқталып өтейін.
Ұлжан Пармашқызы 1947 жылы 13 ақпанда Ынтымақ ауылында өмірге келген. Әкесінің әкесі Сағындық ата елге сыйлы кісі болған. Яғни, бүркіт ұстайтын, бес-алты тазысы бар, сынықшылық қасиеті бар жан болған. Соғыстан кейінгі елдің есі жинала қоймаған қиын кезеңде атасы бүркітімен, тазыларымен аулаған аңның терілерін өткізіп, оны астыққа айырбастап, ашыққан елге көп көмектескен. Жалпы ол кісінің елге жасаған қамқорлығы туралы әңгіме көп.
Әкесі Пармаш адамгершілігі мол, жүрегі жұмсақ, мұқтаждықпен келген кісіге қолындағы барын беретін жомарт, қайырымды жан болған екен. Пармаш Ұлы Отан соғысының ардагері. Бір аяғын соғысқа беріп келген жан. Анасы Күлпаш та ауылдағы сабырлы да парасатты аналардың бірі болған.
Осы бұрынғы кісілер жайлы әңгіме болса, сол заманды емес, сол замандағы мейірімді, қазақылығы аңқыған аңғал, адал, кең пейілді жандарды қатты сағынамын. Өздері тойып тамақ жеп, керемет киім кимесе де көңілдері кең. Барлығы жетіп тұрғандай жайма-шуақ. Барлығы еңбек етіп, бар тапқанын бір-бірімен бөлісіп, бір-біріне қарайласып өмір сүрді. Өмір осысымен тамаша емес пе?! Тәу етер тәуелсіздігіміз біздің халықтың пейіліне бұйырған бақыт!
Ал, қазір барлығы жетіп тұрса да кейбір адамдардың бойындағы қанағатсыздық, тек өзімде болса деген кем түсінік, мейірімсіздік жүрегіңді сыздатады.
Жә, тақырыпқа оралайық.
Ұлжан Пармашқызының әкесінің туған інісі Құрманбек Сағындықов Бауыржан Момышұлымен бірге оқып, дос болған жан.
Ұлжан Пармашқызы бала кезден әртіс болуды армандаған екен. Алайда ата-анасы қызының әртіс болғанын қаламауына байланысты Жамбыл технологиялық институтына «қант өндірісінің маманы» факультетіне оқуға түседі. Содан не керек газет-журналды көп оқитын жас қыз бір күні газеттен «Алматының өнер институтына талапкерлерді қабылдайды» деген хабарландыруды көзі шалып қалады. Содан оқып жатқан институттан орта мектепті бітіргендігі туралы куәлігін уақытша өтініп сұрап алып, ата-анасына айтпастан өнер институтына тапсырады. Өнер институты қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Өнер Академиясы.
Бұл жерде оқуға қабылдау басқаша екен. Құжат маңызды емес. Ең бастысы, түр-келбетің келіскен сахнаның адамы болуың керек. Талапкерді сахнаға шығарып, ары-бері жүргізіп көреді. Сосын бір қойылымнан үзінді немесе өлең оқытады екен. Содан не керек оқуға түсемін деп келген 400 талапкердің ішінен 25-ін ғана таңдап алулары керек. Ұлжан Пармашқызы осы 25 баланың қатарына кіріп, оқуға түсіп кетеді. Өнер институтын бітіргенімен әртіс бола алмайды. Ол кезде Өнер институтының студенттері оқу бітіріп жатқанда Қазақстанның он тоғыз облысындағы облыстық театрлардың бас режиссерлары келіп, өзара келісе отырып, өздеріне керек түлектерді алып кетеді екен. Оқу бітірген соң кемінде үш жыл сол жіберген жерде жұмыс істеуің керек болған екен. Әйтпесе дипломыңды бермейді. Осы арада Ұлжан Пармашқызының жолдасы үзілді-кесілді қарсы болыпты. Жолдасы үздік оқитын белсенді азамат болғандықтан ректорға кіріп, еркін диплом жаздырып алыпты.
Әртіс болғанын құптамай жүрген Құрманбек ағасы бұл жағдайды естіп қуанады. Сөйтіп қарындасының Қазақ радиосына жұмысқа тұруына себепші болады.
Дипломын алып, радио үйіне барған жас түлекті тәжірибелі мамандар дауысын тексереді.
-Дикторлық әркімнің орналасып істеп кететін жұмысы емес. Бәрі дауысыңа, үнге байланысты. Дауыс тексеретін бірнеше аппаратынан, кәнігі сарапшылардың елегінен өту керек. Кейбір дауыстар өмірде ыңғайсыздау естілгенімен микрафонда жанып кетеді. Ал өмірде әдемі естілетін дауыстар микрафонға келмей жатады. Қысқасы, даусымды тексеруге алып барған режиссер кісі мәтінді микрафон алдына алғаш оқи бастағанымнан-ақ «бәрі жақсы» деп бас бармағын шошайтып жатты. Осылайша 1970 жылы Қазақ радиосына дикторлық қызметке алынып, осы жерде 2010 жылға дейін табан аудармай 40 жыл еңбек еттім. Жұмыс барысында төрт жыл бойы сахна тілінен дәріс алғаным маған үлкен көмек болды.
Әнуарбек Байжанбаев, Мәмбет Сержанов, Мырзабек Қуатбеков, Омархан Қалмырзаев, Мина Сейітова, Сара Омарходжаева, Жаңыл Біржанова, Жәнел Асқарова сынды аға-апаларымның, Зияда, Сауық сынды құрбыларымның жұмыс істеу тәсіліне қарап, сол кісілерден үйрендім. Тікелей эфирде хабарларды оқығанда кекештеніп, тұтығып қалмауың керек. Микрафонды қосқаннан кейін эфирде халықтың алдындасың. Өзің көрінбесең де, миллиондаған тыңдарман құлақ тосып отыр.
Дикторлық – жауапкершілігі мол, қиын да қызықты, тамаша мамандық. Бұрын болсын, қазірдің өзінде еліміздің қай бұрышына бармайық даусымыздан танып, болмаса атымызды айтып таныстырған кезде «бәсе, қандай таныс дауыс деп ойласам» деп барлығы төбелеріне көтеріп, құрметтеп жатады. Өнерді сүйе білген, жан дүниесімен қабылдай білген жандарға рақмет!- дейді Ұлжан Пармашқызы.
Ұлжан Пармашқызы тек автор дайындаған материалдарды ғана оқыған жоқ. Өзі де талай еліміздегі атақты кісілермен, өмірден озған кісілердің отбасымен, жақындарымен кездесіп, сыр-сұхбат құрып, талай тағылымды дүниелерді жазып, өзі оқыды. Сол оқырманға берері мол Қазақ радиосының алтын қорындағы мақалаларының бірқатары Қазақ радиосының 100 жылдығы қарсаңында біздің газетте жарияланып жүр.
Ұлжан Пармашқызы екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, олардан немере сүйіп, әже атанып отырған бақытты жан.
«Қыз тілеуі – қыдыр тілеуі» демекші, Ұлжан Пармашқызы Алматыда тұрса да әрдайым хабарласқанда ең бірінші, «Ел-жұрт аман ба?» деп сұрап, елдегі қуанышты жаңалықтарды естісе, балаша қуанып жатады.
Ұлжан Пармашқызы, мерекеңіз құтты болсын! Деніңіз сау, ғұмырыңыз ұзақ болсын! Бақытыңыз ешқашан ортаймасын!