Basty bet

«Елдің ынтымақ-бірлігі ең бірінші кезекте тұруы керек»

облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Е.Солтыбаев осылай деді

Президент Жолдауы ел дамуының негізгі алғышарты екені белгілі. Ағымдағы жылдың қыркүйек айының 1 жұлдызында Қазақстан Республикасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының маңызы зор. Президент Жолдауынан туындайтын мақсат-міндеттердің де жүгі өз алдына.

Өткен аптаның жұмасында Президент Жолдауын насихаттау мақсатында облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев Жуалы ауданында болып, тұрғындармен кездесті.
Қарасаз ауылдық округінің орталығы Қарасаз ауылындағы мәдениет үйінде өткен жиынға ауыл тұрғындары шақырылды. Басқосуды Қарасаз ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жұмат Баетов ашып, сөзді облыстық ақпараттық-насихаттық тобының мүшесі Е.Солтыбаевқа берді.
-Құрметті ауыл тұрғындары. Қарасаз ауылы дәулеті тасып, сәулеті жарасқан үлкен елдімекенге айналып отырғанын осы елдімекеннен ары-бері өткен сайын байқаймыз. Бұл ауылдағы ынтымақ пен берекенің жарастығы мен тұрғындардың шағын және орта кәсіпкерлікке, шаруа қожалығының жұмыстарын ілгерілетуге қосып отырған сүбелі үлесі. Ауылдың орталығында мейрамхана, үлкен супермаркет, кішімаркет, басқа да кәсіпкерлік нысандар бой көтеріп келеді. Мұның бәрі тұрғындардың тұрмыстық жағдайының көтерілгені. Міне, бұл мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға жасап отырған қолдауы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да осы кәсіпкерлік саласын дамыту туралы кеңінен айтылған. Президент Жолдауының 11 бағытының екінші бағыты «Жаңа жағдайдағы экономикалық даму» деп аталады. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұзаққа созылған мұнай дәуірі аяқталған сияқты. Әлемдік нарықтың мүлде жаңа ахуалына дайын болу керек. Әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру – жәй қажеттілік емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ» деді. Президент сонымен қатар, Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану керектігін атап өтіп, осы саладағы табыстарымызға қарамастан ішкі нарықтың мүмкіндіктерін әлі де болса толыққанды жүзеге асыра алмай отырғанымызға қынжылды.
Шынында, бізде машина мен техниканың қосалқы бөлшектері шығарылмайды. Мұндай бөлшектерді Қытайдан, басқа да шет мемлекеттерден тасымалдаймыз. Оның бізге қажеті қанша? Оған қажетті темір де, басқа да металдар өзімізде өндіріледі. Соған қарамастан бізде мұндай кешендер жоқ. Жөндеу мен қосалқы бөлшектер шығаруды қолға алуымыз қажет деп есептеймін. Сонда ғана қомақты қаржыны босқа ысырап етпей, ел экономикасын дамытуға жұмсайтын боламыз.
«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, қандай жағдайда да халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесі алдыңғы орындарда тұруы қажет. Мемлекет бұл тұрғыда барлық мүмкіндіктерді қарастырып жатыр. Қазір бизнесті дамыту ісін, ауылда, мейлі қалада болсын, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік мол. Мысалы, Жуалы ауданында сүт өңдеу ісі жақсы жолға қойылған. Оған бұл ауданның құнарлы шөбі мен ауа райы жақсы әсер етеді. Бір ғана осы ауданда төрт бірдей сүт өңдеу орны жұмыс істейді. Бұл шағын аудан үшін үлкен көрсеткіш. Оны ары қарай дамытуды жалғастыруымыз қажет,- деді Еркінбек Бейсенбекұлы.
Жолдауды насихаттаған жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауылдарға ауызсу, табиғи газ тарту, сонымен қатар, ауданның бірқатар мектептеріндегі құрылыс, жөндеу жұмыстарын кеңінен айтып берді. Асхат Базарбайұлы кәсіпкерлік, қайтарымсыз гранттардың пайдасын әңгімелеп, цифрландыру үдерісі мен интернет мәселесін шешуде мемлекет тарапынан бірқатар шаралар қабылданып отырғанын, соның аясында аудан көлемінде бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқанын жеткізді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

Таңдаулы материалдар

Close