Basty bet
Аудан әкімі көпбалалы аналарды қабылдады
«Күннің шуағы – жылы, Ананың құшағы – жылы» дегендей, дүниеде ананың балаға және барша адамзатқа деген мейірімі мен махаббатынан асқан құдірет жоқ. Ананың аялы алақаны мен жылы құшағын сезініп өскен сәбидің арманы не?! Аудан басшылары қуанышы мен қызығын ала келген осынау мерекені пайдаланып, көпбалалы аналардың құшағын гүлге, көңілін нұрға толтырып, мерекелік ақжарма тілегін білдірді.
Қалыптасқан игі дәстүрге сай 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында аудан әкімі Нарбай Ергебеков ауданның әр түкпірінен келген, түрлі салаларда еңбек етіп, өңірдің дамуына үлес қосқан, дүниеге көп бала әкеліп, тәлімді тәрбие берген 20-дан астам көпбалалы ананы қабылдап, сый-сияпат көрсетті.
– Ардақты аналар! Сіздерді жыл мезгілінің ең көрікті де қуанышты мезгілі болып есептелетін көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осынау жарқын мерекенің адамзаттың үкілі үміттері мен асыл армандарын жарастыратын көктемнің алғашқы айының басында келуі жақсылықтың нышаны болса керек. Қашаннан берік дәстүрімізге сай біз бұл күні Сіздерге – аналарымыз бен апа-қарындастарымызға ең ыстық құттықтаулар мен ең ізгі тілектерімізді арнаймыз.
Әлемде нәрестеге өмір сыйлап, оны алғашқы қадам басуға үйрететін қасиеттеріңізге тең келер асыл міндет те, абырой да жоқ. Сіздердің осы төзімділіктеріңіз бен аналық ақ махаббаттарыңызға алғысым шексіз!
Бүгінгі әйел тек отбасының ұйытқысы мен береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекет істеріне және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз беріледі. Алаштың ұлтжанды азаматтары, ұлттың да, ұрпақтың да бесігін түзейтін, тілімізді де, дінімізді де, ділімізді де ана сүтімен санаға сіңіретін, қазақты тәрбиелейтін қыздарымыз. «Бәрі де адамның өз қолында, ал адам әйелдің алақанында» деген қанатты сөз әлемді билейтін де, тербейтін де әйел екенін білдіреді.
Тәуелсіз еліміздің бүгінгі күнге нығайып, әлем таныған биіктерге жетуіне асыл аналарымыз, ардақты жеңешелеріміз бен апа-әпке, қарындастарымыздың өлшеусіз үлес қосқандығы ақиқат. Отбасының күнбе-күнгі шаруасын, бала тәрбиесін және қоғамдық жұмыстарды қоса атқара жүріп, әйел заты біздің қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтау мәселесінде шешуші рөл атқарып келеді.
Сіздерге сәттілік пен шаттық көңіл серік болып, лайым ер азаматтардың сыйластығы мен құрметіне бөлене беріңіздер. Көктемгі мерекеңізбен құттықтай отырып, әрдайым әдемі, жылы жүректі аналық абыройлы атақтарыңыз биіктей берсін. Зор денсаулық, отбасыларыңыз бен өздеріңізге амандық, дендеріңізге саулық, ұзақ әрі шаттыққа толы ғұмыр, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін, – деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Келесі кезекте аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков пен аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков аналарды мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Құттықтаудан кейін аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков пен аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков қабылдауға келген аналарға арнайы гүл шоқтары мен сыйлықтарды табыс етті.
Қабылдауға келген аналардың атынан ардагер ұстаз Төлебала Сүңгібаева сөз алып, көрсеткен ыстық ықыласы мен сый-сияпаттары үшін аудан басшыларына алғысын білдіре келе, бір шумақ өлеңін оқып берді.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»