Basty bet

Ауылымыз таза болсын десек…

Халқымызда «Тазалық – иманның жартысы» деген сөз бар. Қазақ халқы о бастан-ақ тазалыққа баса мән беріп, ұрпағына да осыны өсиеттеген. Бабаларымыз көшпенді өмір сүрсе де, өмір сүру салтында тазалықты бірінші орынға қойғаны белгілі.

Қазіргі қоғамда да тазалық жұмыстарына баса мән беріліп отыр. Көріктендіру, көгеріштендіру, сонымен қатар санитарлық тазалық жұмыстарына Үкімет басында отырған лауазымды тұлғалардан бастап, қарапайым халыққа дейін аталған мәселеге мән беруі, экологиялық тұрғыдан алып қарағанда өте жақсы үрдіс. Тазалықты сақтау үшін ең алдымен тәртіп керек. Тәртіп болмаған жерде ешқандай да тындырымды жұмыстың болмайтыны анық.
Ауданның тазалығына, оның көрікті де көркем болуына бәріміз жауаптымыз. Көзі қарақты азаматтар білсе керек, соңғы жылдары Жуалы ауданында саябақтарға тал-дарақтар отырғызу, жаппай сенбіліктер аясында тазалық жұмыстарын жүргізу жұмыстары жүйелі жолға қойылып отыр. Соның нәтижесінде аудан орталығына кіреберіс аймақ, одан бөлек, көшелердің бойы, ескерткіш-тақталардың айналасы жасыл желекке айналып келеді. Бұл жұмыстардың атқарылуына әлбетте көктемгі және күзгі көріктендіру және көгеріштендіру, санитарлық тазалық айлығы елеулі септігін тигізуде.
Өткен аптада қызметтік іссапармен Ақтөбе ауылдық округіне барғанбыз. Округке кіреберістен-ақ тазалық жұмыстарының тұрақты жүргізіліп тұратыны аңғарылады. Көшелердің бойында бей-берекет шашылып жатқан күл-қоқыс байқалмайды. Әсіресе, округтің орталығы саналатын Бәйтерек ауылында тазалық жұмыстарының сапалы атқарылғаны көзге көрінеді. Ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Мадияр Кәрімов күзгі екі айлық барысында округте атқарылып жатқан жұмыстарды аз-кем айтып берді.
-Жақында Ақтөбе ауылдық округінде күзгі екі айлық аясында кең ауқымды шара өткізілді. Оған округте орналасқан барлық мекемелерден 250-ге жуық қызметкер белсене қатысқан болатын. Мекемелерге алдын ала бекітіліп берілген аумақтарда атқарылып жатқан жұмыстарды бақылау үшін ауылдық округтің әкімі аппаратынан бір қызметкер жауапты болып бекітіліп, атқарылған жұмыстарды фотоға және бейнетаспаға түсірді.
Бекітілген аумақтарда жұмыс қарқынын арттыру үшін «Уәлихан» шаруа қожалығы тарапынан бір дана доңғалақты трактор бөлініп берілді. Күзгі көріктендіру, көгеріштендіру, санитарлық тазалық екі айлығы барысында ұзындығы сегіз шақырым болатын жолдың бойы қураған шөптер мен аласа бұталардан, күл-қоқыстан тазартылды. Ағаштардың қураған бұтақтары шабылып, ретке келтірілді. Күл-қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтар тасталған кездейсоқ 10 орын анықталып, тазаланды. 15 шақырымға жуық су жүретін арықтар мен дренаждар, 23 көпірдің айналасы ретке келтірілді. Қарттарға қамқорлық жасау мақсатында мектеп оқушылары еңбек ардагерлерінің аулаларын тазартып берді. Міне, ауылдық округте күзгі екі айлық аясындағы жұмыстар ұйымшылдықпен өтуде. «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» демекші, ауылдың тазалығы алдымен өзімізге сын болмақ. Екі айлық аясындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады,- дейді Мадияр Асқарбекұлы.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close