Basty bet
Жүз бесінші көктем
Алмағайып, аласапыран заманды көріп, тағдырдың тауқыметін бастан өткерген, ұрпағы, елі үшін ерен еңбек еткен жанның бірі – 105 жастағы кейуана Әнапия Жақсылықова. Ғасыр жасаған әже бүгінде Жетітөбе ауылдық округінің орталығы Кәріқорған ауылында балаларының, немере-шөберелерінің, ағайын-туыстың ортасында Наурыз мерекесін қарсы алып отыр.
Мереке қарсаңында қариямен тілдесу мақсатында округ орталығы Кәріқорған ауылына арнайы барған едік. Біз үйге енгенімізде әже бесіктегі шөбересін тербетіп, ұрпақ тәрбиесіне әлі де өз үлесін қосып отыр екен. Бізді көрген кейуана балаша қуанып, мейірімді жылы жүзімен қарсы алды. Өзі ширақ, денсаулығы жақсы. Бесіктегі шөбересін әлдилеп тербетіп, еркелетіп қояды.
-Ата-анамнан сәби кезімде айырылып, үлкен ағамның тәрбиесін алдым. Жастайымнан еңбекке араласып, тағдырдың небір қиын шақтарын бастан өткердім. Бізде бақытты балалық шақ болған жоқ. Ес біліп, етек жапқаннан бастап ауыр жұмысқа араластық. Өзім 45 жылдан аса колхозда сауыншы болдым. Одан кейін 10 жылдай қызылшада жұмыс істедім.
Ұлы Отан соғысы алдында және одан кейін де халықтың тұрмысы өте ауыр болды. Ер азаматтардың барлығы майданға аттанды. Ауылда қалғандар жеңіс үшін аянбай еңбек еттік. Соғыстағы жауынгерлерге шұлықтар, қолғаптар тоқып жібердік. Ауылда ер азаматтар қалмады. Олармен бірге менің де жолдасым майданға аттанды. Сол қиын-қыстау кезде егін алқаптарында әйелдер мен балалар жұмыс істеді. Ол кезде қазіргідей техника жоқ. Барлығын қолмен жасадық. Өгізбен жер жырттық. Шөпті де, бидайды да қол орақпен орып, бидайды үлкен диірмен таспен бастырамыз. Қол диірменімен бидайды майда етіп тартып, үйде ұн қылып пайдаланамыз. Малға азық үшін таудан қолмен сасыр жұлдық. Кезекпен ауылдағы шағын малды өріске айдап, кешке дейін мал жаятынбыз.
Ол уақыттарда мереке қарсаңында барымызды алып, бір дастарқан басына жиналамыз. Әркім өз үйінен дайындаған тағамын алып шығады. Үлкендер бөлек отырып, жастар ойын-сауық құрады. Боза салып, қымыз жасаймыз. Ұлттық ойындар ойналып, бір-бірімізге жақсы тілегімізді айтамыз. Бір самаурынға шай қойылса, бәріміз отырып ішеміз. Бір нанды бөліп жеп, бәрін көпшілікпен атқаратынбыз.
Құдайға шүкір, ел ішінде еңбек ете жүріп жетілдік. Көпшілікпен бәрін жеңдік, өткердік. Біз небір қиыншылықты көрдік. Оның ешбірін ұрпағымыз көрмесін дейді. Ең бастысы, заманымыз тыныш, еліміз аман болсын, – дейді кейуана.
Еңбекпен есейген ана өмірге үш ұл, екі қыз әкеліп, тәрбиелеген. Әнапия әже ұл-қыздарынан 25 немере, 63 шөбере көріп отырған жайы бар.
«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, қарияның үлкен ұлы марқұм Құрманғали ауылға беделді азамат болған. Өмір бойы колхозда инженер болып жұмыс істеген. Оны ауыл тұрғындары ерекше сыйлаған екен. Ал, екінші ұлы Рахымбек мал дәрігері болса, кенже ұлы Мағзымбек шаруа қожалық жұмысын қолға алған. Сондай-ақ, Тұранкүл, Гүлсін есімді қыздары да өмірден өз орындарын тапқан жандар.
Әнапия әже кенже ұлы Мағзымбек пен келіні Гүлжанның қолында бақытты ғұмыр кешуде. Кенже ұлының отбасы да көпбалалы жанұяның қатарында. Әңгімелесу барысында әженің келіні Гүлжан Бердібаевамен де тілдестік. Ол осы әулетке келін болып түскеніне 32 жыл болғанын жеткізді. Әженің үнемі ақыл-кеңесін айтып, ұрпағына ақ батасын беріп отыратынын, ауызбіршілікте, сыйластықта ғұмыр кешіп отырғандарын да баса айтты. «Апа мен келгенде өте тың еді. Маған тұрмыстағы бар шаруаны, салт-дәстүрді, ұлттық құндылықтарымыздың барлығын үйретті. Ол кісі келіндеріне жаман сөйлеп, арамызда түсініспеушілік орын алып көрмепті. Бір үйде абысыныммен бірге тұрдым. Оның барлығы осы апамыздың көрегендігі мен кеңдігінің арқасында. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» демекші, үйімізде береке, бірлік, татулық бар. Апа осы уақытқа дейін немерелерін арқасына салып өсірді. Енді міне, шөбере бағып, бізге өзінің көмегін тигізіп отыр. Әжеден тәлім алған немере рухани жағынан да тәрбиелі, көрегенді азамат болып жетіледі. Осыдан болар, қазір үйде үш келінім тату тұрады. Бір баламның үй-жайы бөлек, бірақ бізбен бірге әрдайым ісі ортақ. Міне, мұның барлығы апамыздың берген өнегелі тәрбиесі» дейді әженің келіні ағынан жарылып.
Адал еңбек адамды қашанда абыройға жеткізеді. Анасының үлгілі, адал еңбегінен тәлім алған балалары да еңбекпен есеюде. Кіші ұлы да ана салған дара жолмен жүріп, шаруасы шалқыған шаруа қожалықтардың қатарынан көрініп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда.
Әнапия әже адал еңбегінен, осындай өнегелі, өсіп-өнген әулетінен бақытын тапқан жан. Оның бетіндегі қарттықтың әдемі әжімдері ажарына өң беріп, өмірінің қатпар-қатпар жолдарын көрсеткендей. Ғасыр жасаған жанмен әңгіме барысында оның сөзінен көктемнің жайма-шуақ күнімен бірге аналық жылулық лебі сезілгендей болды. Сұхбатымыз аяқталып, құт қонған қара шаңырақтан әженің ақ батасын алып аттандық.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»