Basty bet
Құтты болсын мереке, әр үйге келсін береке!
«Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! деген баталы сөзден басталатын мерекенің игілігі мен қуанышы ерекше. Осындай ұлық мейрамды тек қазақ халқы емес, сонымен бірге Орта Азия халықтары мен түркітілдес өзге елдер де тойлайды. Әр елдің өз салты мен дәстүрі бар. Осы орайда, ауданымызда тұратын бірнеше өзге ұлт өкілдерінен мерекені қалай қарсы алатыны жайында аз-кем сұхбаттасқан едік.
Гүлчехра Исмайлова, өзбек ұлтының өкілі
-Біз қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан ұлттардың біріміз. Отанымыз, еліміз бір. Мерекелеріміз де ортақ. Сондай мерекелердің қатарында Жаңа жылымыз – Наурыз мерекесі бар. Көктемнің шуақты күнімен бірге келген мерекені асыға күтеміз. Ұлттық тағамдарымызды дайындап, салт-дәстүрлерімізді орындаймыз. Мерекеге үлкен-кіші болып, 10-15 күн бұрын дайындаламыз.
Айналаны тазартып, арықтарды тазалап, тал түптерін әктейміз. Бастысы, көктемнің мерекесіне айналаның тазалығымен қоса жан тазалығы да керек. Сондықтан санамызды жаман нәрседен арылтып, бір-бірімізге ізгі тілек білдіру үшін Наурызды ерекше қуанышпен қарсы аламыз.
Өзбек халқы Наурыз мерекесінде міндетті түрде сүмәләк тағамын әзірлейді. Оны дайындау үшін ең бірінші бидайды өндіріп, өсіреді. Ұлттық тағамның ерекшелігі де осы бидайдың қосылуында, осы өніммен дайындалуында. Оны көпшілік болып жасаймыз. Бір күн бұрын әйелдер қауымы сүмәләкті әзірлеуді бастайды. Тағам неғұрлым ұзақ дайындалса, соғұрлым дәмді болады. Сонымен қатар, мерекеде міндетті түрде өзбек палауы, көк самса, ет қосылған самса, тағы басқа тағамдар пісіріліп, дастарқан жайылады. Көк самсаның ішіне жуа, жалбыз және жаңадан шығып келе жатқан жоңышқаның басын үзіп қосады. Бұл – тек көктемде жасалатын дәстүрлі тағамның бірі. Қыста соғымнан қалған етті асып, нарын жасаймыз. Ол қыстан аман шықтық, нанымыз көп, молшылық, тоқшылық болсын деген ниетте жасалады. Ақ мол болсын деп уыз қатырылып, дастарқанға қойылады. Көршілерді үйге шақырып, дәм татқызамыз.
Мерекені тойлау кем дегенде үш күнге созылады. Кішілер үлкендерге сәлем беріп, баталарын алады. Мейрам кезінде әулетке жаңадан түскен келінді үйге келіншайға шақырамыз. Келіндер ізет көрсетіп, сәлем береді. Олар да дайындалып жатқан сүмәләкті қозғап, іштей тілектерін тілейді. Осы тағамдай өсіп-өнген, үбірлі-шүбірлі болып, молшылықта ғұмыр кешейік деп ниет білдіреді. Өзбек жұртында дәл осы тағамды әзірлеу барысында құрсақ көтере алмай жүрген келінді пештің қасына отырғызады. Яғни, барлығы іштей өздерінің тілектерін ойлап, аман-саулық сұрайды. Бұл күні қазақ халқы секілді жаңадан тәй-тәй басып келе жатқан баланың тұсауы кесіледі. Ағайын-туыс, құда-жекжат бәріміз бір-біріміздің шаңырағымызда болып, көрісіп, бір-бірімізге жылы лебізімізді білдіреміз. Ең бастысы, ауызбіршілікті, еліміздің тыныштығын тілейміз.
Ең алдымен мереке қарсаңында өз отбасымызбен жиналып, Наурызға дайындаламыз. «Отан – отбасынан басталады», демекші балалардың арасындағы бауырмалдық, мейірбандық, ауызбіршілік айнымасын деп міндетті түрде осылай басымызды қосуға тырысамыз.
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі құтты болсын! Бірлік пен ынтымаққа, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін Наурыз мейрамы Отанымызға береке, халқымызға игілік, мемлекетімізге молшылық, әрбір шаңыраққа бақыт пен шаттық әкелсін.