Basty bet
Еңбек ету өмір салтына айналуы тиіс
Қоғамдағы түрлі саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани маңызы бар мәселелерге байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт басылымы «Ана тілі» газетіне сұхбат берді. Басылымдағы «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты тақырыппен жарияланған мақаланы зейін қоя оқып, танысып шықтым.
Президент өз сөзін әлемді абдыратқан коронавирус пандемиясынан бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев індет жалпы адамзаттың бет-бейнесін, тұрмыс-тіршілігін өзгерткенін айтты. Ауыр дерттің алдында дамыған мемлекеттердің өзі дәрменсіз болып отырғаны белгілі. Озық деп жүрген Еуропа елдері, азуын айға білеген АҚШ, Азия алыптары – Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, өзге де елдер тығырыққа тірелгендей болып отырғанын баса айтты. Бұл – өтпелі қиындық, уақытша сынақ екендігін айтып, сақтық шараларын сақтауға шақырды. Жақынымызға жанашыр болуға үндеді.
Осы сұхбатында Президент еңбек адамы мен қазақ тілінің мәртебесін көтеруге басымдық беру керектігіне ерекше назар аударды. Алғашында қазақ тілінің мәртебесі туралы айтқан сөздері кімді болсын ойландырары анық. Себебі, қазақ тілін дамыту үшін түрлі жұмыстар атқарылғандығын, оның аясын кеңейту үшін нақты шаралар қолға алынып, іске асырылғандығы туралы сөз қозғады.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамдарын қолдауды баса айтты. Қоғамдағы еңбеккерлерге деген көзқарасты түпкілікті өзгертуіміз керектігін, олардың еңбегін бағалай отырып «Халық алғысы» наградасы тағайындалатынын жеткізді. Мұны оқып, еңбектің бағаланғаны адамға жігер беретінін ұғынуға болады. Барлық нәрсе еңбекпен келетінін түсінетін уақыт жетті. Еңбегіне қарай құрмет көрсетіп, «Еңбек Даңқы» орденінің мәртебесін көтеру жөнінде шешім қабылдады. Былтырғы жылы Ақордаға мекемелер мен ауылдардағы жұмысшыларды арнайы шақырып, марапаттағанын да білеміз. Еңбек адамдарын бағалай отырып, олардың өнегелі істерін жас ұрпаққа үлгі ету керектігіне мән берді. Яғни, өскелең ұрпақ қоғамның құрметіне бөлену үшін жоғары мемлекеттік лауазым иеленбей-ақ, өз ісін тыңғылықты, мұқият атқаруы жеткілікті екенін ұғынуы керек. Сонда ғана елімізде жұмыссыздық саны азайып, жастарымыз еңбекқор болып өседі.
Сұхбатта Мемлекет басшысы қазіргі таңда жұмыссыздар санының көптігі – әлеуметтік мәселе екендігіне тоқталды. Сондықтан оны шұғыл шешу керектігін дөп басып айтып отыр. «Қазір «тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлерміндікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» деді Мемлекет басшысы.
Президент бұл сөздерімен қоғамның еңбеккерлерге деген көзқарасын түпкілікті өзгерту керек деп санайды. Сондықтан алдағы уақытта әлемдегі өзгерістерді ескере келе, өз еңбегімен жетістікке жету керектігі айдан анық болып отыр. «Еңбек бәрін жеңбек» демекші, еңбек ердің, қала берді тұтас халықтың көркі. Сондықтан еңбек ету біздің күнделікті өмір салтымызға айналуы тиіс.
Айбек ЕЛЕКБАЕВ,
«Боранды» шаруа қожалығының төрағасы.
Нұрлыкент ауылы