Basty bet

Демеушілік жасаудан жалықпаған

Басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер», «Жомарт жүрек» жобаларын жүзеге асыру мақсатында Талапты ауылындағы №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектепте «Мектепке тағзым» акциясы өтуде.
Мектеп директоры Руслан Сайлаубаев акцияның ашылуында шараның басты мақсаты мектеп түлектері мен өскелең ұрпақтар арасындағы сабақтастығын сақтап, алғыс сезімдерін қалыптастыру, мектеп түлектерін өз еліне, туған жеріне, білім алған мектебіне, сабақ берген ұстаздарына құрмет көрсетуге шақыру, оқушыларға өз мектептерін бітірген танымал түлектердің табысты өмір жолын үлгі ету болып отырғандығын атап өтті.
Кезінде ауылдағы орта мектепті бітірген түлектер бүгінде ел көлемінде табысты еңбек етіп жүрген жандар. Олар туған ауылдарын, білім алған мектептерін ұмытпай, қолдау көрсетуде. Әрине бұл ауыл тұрғындары, ұстаздар үшін үлкен қуаныш. Қандай игілікті іс бастаса да, халықтың қамын ойлап, оған жәрдем көрсетуді, еткен еңбекті елге арнауды мақсат тұтатын кәсіпкер демеушілік жасауда өмірлік ұстанымдарына айналғанын айтады. Әрі жасаған жақсылық пен жомарттықты жар салып жатпайды. Дегенмен, халқымыздың “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деген аталы сөзі бар. Ауылына бауырмал жанның жасаған жақсылығының бір парасын атап өткен жөн болар деп шештік.
Солардың бірі – ауылда оқып ержеткен азаматтар мектептің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, “Экос” шаруа қожалығын басқарып жүрген кәсіпкер Нұрлыхан Төреқұлов пен «Кәтімхан» шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Халықов. Олар мектебіміздің ішкі безендірілуіне демеушілік жасап, «Мектепке жол» акциясы аясында көпбалалы отбасыларға қарасып тұрады. Оның бір себебі, өздері де көпбалалы отбасынан шығуы болса керек.
Бүгінде Нұрлыхан Әуесбекұлы мен Нұрлан Кәтімханұлы бес перзенттің әкелері. Расында, осы азаматтардан ауылымыздың көптеген кәсіпкерлері үлгі алса екен деген пікір туындайтыны рас. Олар да түлеп ұшқан мектебі мен ауылдағы мұқтаж жандарға дәл осы азаматтай қарасып, жанашырлық танытар болса, нұр үстіне нұр болар еді. Айта кету керек, Туған жерге туын тігіп, азаматтық іс жасаған түлектердің, бүгінде балалары да осы мектепте білім алады. Келешекте олар да ата-аналары салған сара жолмен жүріп, тәрбиелі тұлға болып қалыптасады деген сенім мол.
Патриоттық сезімнің үздік үлгісі – туған жеріне, мәдениеті мен дәстүріне құрмет көрсету. Мектеп түлектерінің алтын ұя мектептерін естен шығармай, барынша көмек көрсетіп жатқандығына мектеп ұжымы атынан алғысымызды білдіреміз.

Жанар МЫРЗАХМЕТОВА,
№22 Б.Момышұлы атындағы
орта мектептің
әлеуметтік педагогы

Таңдаулы материалдар

Close