Basty bet

Ауылдан оқу орталығы ашылды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясында еліміздің әлемдік интеграцияға кірігуі үшін көптілділікті дамыту міндеті қойылды. Елбасының «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында «Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобасын жүзеге асыруды ұсына отырып: «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үшін үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі»,- деген болатын.

Көп тіл білу – заман талабы. Көп тілді меңгергеннің білімі мен дүниетанымы да кеңейе түсетіні рас. Ғылым мен білімнің дамуы да тілді үйренумен тікелей байланысты.
Заман талабына сай бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу мақсатында былтырғы оқу жылында аудан орталығынан «Білімді ұрпақ» білім орталығы ашылған болатын. Орталықтың бүгінде 200-ге жуық шәкірттері бар.
Сәрсенбінің сәтті күні Нұрлыкент ауылының орталығынан ауылдағы ата-аналардың сұранысы бойынша «Білімді ұрпақ» оқу орталығының филиалы ашылды.
-Бұл ауылдан жазғы демалыста орталығымызға көптеген балалар келіп, тіл үйреніп жүрді. Әрине, балалары күнделікті барып-келетін болғандықтан ата-аналарға олардың жолақысы да оңай емес. Сондықтан ата-аналар тарапынан «Ауылымызда 900-дей оқушы бар. Сол себептен біздің ауылдан орталықтың филиалын ашсаңыздар» деген ұсыныс түсті. Әрі-бері ойлана келіп, ашуды жөн санадық. Еліміздің болашағы – жастар. Олардың келешегін ойлауымыз керек.
Бұл ғимарат бұрын дүкен болған. Бос тұрған соң жалға алып, ішін жөндеп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Енді жылу жүйесін жүргіземіз.
Бүгінгі таңда 100 бала оқуға жазылып отыр. Әлі де жазылуда. 100 баланы он топқа бөлдік. Олар аптасына үш күн оқиды.
Білім алушыларға ата-аналардың сұранысы бойынша жоғары санатты ұстаздар ағылшын тілінен Гүлбану Сәрсенбиева мен орыс тілінен Айгүл Сәттібаева сабақ береді,- дейді орталықтың иесі кәсіпкер Нүрилә Мәлібекова.
Орталықтың ашылуына ауылдық округ әкімі Нұржігіт Бөлекбаев, аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсима Шекеева, мүшелері Гүлмира Әсемова, Айнагүл Ахмадбекова, оқушылар мен ата-аналар, ұстаздар қатысты.
Ашылу салтанатын М.Ломоносов атындағы орта мектептің оқушылары Диана Рахматуллаева, Дариға Ережепбай және Даярбек Санжар үш тілде жүргізді.
Құттықтау сөз кезегі ауылдық округ әкімі Нұржігіт Бөлекбаевқа, аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсима Шекееваға, ардагер ұстаз, ауыл тұрғыны Тамара Раисоваға берілді. Сөз сөйлеушілер ауылдан осындай білім орталығын ашып жатқан кәсіпкерге ризашылығын білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі. Оқушылардың заман талабына сай ағылшын, орыс тілін жетік меңгерулеріне, алайда «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, өз ана тілдерін құрметтеуге шақырды.
Орталықтың лента қию рәсімін ауылдық округ әкімі Нұржігіт Бөлекбаев пен іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсима Шекеева жасады. Тәттіден шашу шашылып, жиналған қауым ішке кіріп, оқу кабинеттерімен танысты.

Перизат Шымыртайқызы.
Суретті түсірген
Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close