Basty bet
Есімі «Қазақстанның Алтын кітабына» енгізілді
Ақсақалдық – абзал да абыройлы қасиет. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ақсақалдық қасиет, тәуелсіздік жылдарында ел еңсесін, егемендіктің шаңырағын көтеріп, уығын қадауға атсалысқан аға буын өкілдері, ақсақалдар туралы «Ұлы дала ұлағаттары» туралы еңбегінде тереңнен жан-жақты ой толғайды. Елбасы өз еңбегінде: «Жұртымыздың бағзыдан бергі болмыс-тірлігінде ақсақалдық өнеге қоғамдық өзін-өзі басқарудың бүтіндей институты болған. Ол тұста сот та, полиция да, прокуратура органдары да болмаған. Барша әділ-қазылар алқасының қызметін қадірменді ақсақалдарымыз атқарған. Осы жерде бір нақтылай кететін нәрсе, «ақсақал» деген сөздің өзі тек сақалдың ағаруына ғана байланысты айтылмаған-ау» деп толғанады.
Осы ретте, аудан халқын өнегелі істерге үндеп, ауыл-аймақтағы жастарға жол көрсетіп, өмірден көрген-түйгенін айтып жүретін ақсақалдың бірі – Аманжол қажы Дүрәліұлы. Аманжол да ел өміріндегі қиын кезең саналатын Ұлы Отан соғысы жылдары туып, қабырғасы қатпай жатып еңбекке ерте араласты. Қарапайым шопаннан бастап, 1963 жылы Карл Маркс колхозының жолдамасымен «СПТУ-57»-ні үздік бітіріп, училищенің жолдамасымен Түркістан индустриялды-педагогоикалық техникумын тамамдады. Тиісінше, техникумның жолдамасымен «СПТУ-136» училищесінде шебер болып бірер жыл еңбек етті.
Аманжол Дүрәліұлының одан кейінгі өмір жолы Ленин және Чапаев колхоздарында жауапты қызметтермен жалғасын тауып, 1977 жылы аудандық партия комитетінің жолдамасымен Жуалы аудандық газ шаруашылығы мекемесінің басшылығына жіберілді. Өмір көріп, еңбек майданында шыңдалған азамат бұл жұмысты да дөңгелетіп әкетті. Ол ауданды көгілдір отынмен қамтамасыз етуде ерен еңбек сіңірді.
Ауданның қоғамдық-саяси өмірін дамытуда көпті көрген азамат Аманжол Дүрәліұлының қолтаңбасын анық көруге болады. Әбекеңнің батагөйлігі өз алдына, ел бастайтын көсемдігі мен сөз бастайтын шешендігі оның азаматтық келбетін айшықтап тұрғандай.
Елге сіңірген еңбек ешқашан елеусіз қалмақ емес. Аманжол Дүрәліұлы Жуалы ауданының Құрметті азаматы, Жамбыл облысының Құрметті ардагері. Сондай-ақ, бірқатар мерекелік және мерейтойлық медальдармен, төсбелгілермен, Грамоталармен марапатталған.
Былтыр еңбек ардагері Аманжол Дүрәліұлының есімі «Қазақстанның Алтын кітабы» жинақ кітабына енгізіліп, онда ардагер ақсақалдың өмір жолы мен ұрпаққа айтар өнегесі туралы кеңінен жазылып отыр. «Қазақстанның Алтын кітабы» – бойындағы қабілетін ізденіске, қажыр-қайратын, еңбегін ел игілігіне арнаған алтын жүректі, есімі ел есінде, еңбегі кейінгі ұрпаққа қалуға тиіс тұлғаларды бір жинаққа топтастырған өзіндік айтары бар кітап деп айтуға болады. Жинақ Нұр-Сұлтан қаласындағы «Издательский Дом «Эдельвейс» ЖШС баспасынан басылып шыққан. Кітап көпшілік қауымға арналған.
«Jańa ómir»-ақпарат