Basty bet

Қазір той тойлайтын емес, ел амандығын ойлайтын уақыт

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Нарбай Ергебековтың төрғалығымен коронавирустық инфекцияға қарсы комиссияның отырысы өтті. Облыстық комиссия отырысынан бастау алған басқосуда аудан басшысы алдымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың берген тапсырмаларына тоқталды.

– Коронавирустық инфекцияның алдын алу, таралуына жол бермеу – бүгінгі таңда ең маңызды мәселе. Яғни, бәрінен де маңыздысы – халықтың денсаулығы, амандығы,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
– Сондықтан осы мақсатта бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Ол үшін жаңа облыс басшысы айтып өткендей, мониторингтік топтардың жұмысын жандандыру керек. Осы уақытқа дейін мониторингтік топтардың кәсіпкерлік нысандарды аралап, бақылау барысында тиісті талаптарды орындамаған азаматтарды әкімшілік шараға тартуда бірқатар кемшіліктер орын алып, салдарынан кейбір құжаттар тиісті мекемеден қайта қайтарылған жағдайлар орын алды. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбауы керек. Ол үшін әрбір топ мүшесі жауапты.
Ауданда құрылған төрт топқа аудандағы кәсіпкерлік нысандар кесте бойынша бөлінеді. Топ мүшелері осы нысандардағы сақтық шараларының қатаң сақталуына жауапты болады.
Жақында ғана өздеріңіз білесіздер, аудандағы тойхана иелерін осында шақырып, карантин талаптарын сақтау туралы тағы бір ескерту жасадық. Енді тек қана әрекетке көшу керек.
Елімізде, оның ішінде облыста індетке шалдыққандардың саны өкінішке орай артып келеді. Бұл індеттің қаупін елемей әлі де той тойлап, сақтық шараларын ұстанбай жүргеніміздің нәтижесі. Қазір той тойлайтын уақыт емес. Өзіңнің, отбасыңның, туған-туыстың амандығын ойлайтын уақыт. Халық осыны жете түсінуі қажет. Алда Тәуелсіздік күні және Жаңа жыл мерекесі келе жатыр. Осы мереке күндері өте абай болуымыз керек.
Сонымен бірге дәстүрлі түрде оқып жатқан мектептер де қатаң бақылауда болуы керек,- деді аудан басшысы.
Саулық – сақтықта. Шілде айында болған жағдай кім-кімнің болса да жанын түршіктіреді. Сондықтан әлі де үйінде той-жиын өткізуді жоспарлап жатқан жандар жақындарының алдында жауапкершілігін сезінсе дейміз.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close