Basty bet
ҚАШЫҚТЫҚТАН ҚОСЫМША БІЛІМ АЛУДА
Елімізде төтенше жағдай режімі енгізілгелі бері білім саласында бірқатар өзгерістер орын алғаны белгілі. Мектеп оқушылары ұстаздарымен онлайн жүйе арқылы қауышып, білім алып жатқанынан да хабардармыз. Бұл олардың мектепте деген сағынышын баспағанымен, білім алуларының тоқтап қалмауына оң септігін тигізуде. Сондай-ақ, мектептермен қатар, қосымша білім беру мекемелері де қашықтықтан жұмыс істеуге көшкен.
Аудан орталығындағы «Аула клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2013 жылы 200 оқушыға арналып ашылған болатын. Қазіргі таңда мекемеде 2000-нан астам оқушы қосымша біліммен қамтылып отыр.
– Әлемдегі соңғы болып жатқан оқиғалар адамзатты дүр сілкіндіргені рас. Бұл індеттің тосыннан таралуының залалы білім саласын да айналып кетпегені бәрімізге аян. Төтенше жағдай енгізілгеннен кейін оқушылардың барлығы қашықтықтан оқыту режіміне көшірілді. Әрине, басында бізге де өте қиын болды. Өйткені, бұл жаңалыққа ата-аналар да, ұстаздарымыз да, оқушылар да дайын емес еді.
Осы ретте, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқытудың жоспарын әзірлеп, қосымша білім беру мекемелерін де назардан тыс қалдырмады. Білім және ғылым министрлігі 2020 жылдың 1 сәуіріндегі №123 бұйрығының 1-тармақ 20-тармақшасы негізінде қосымша білім беру мекемелерінің жұмыс бағыттарын ескере отырып, қашықтан оқыту режіміне көшуді ұсынды.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің 1 сәуір 2020 жылғы №123 бұйрығының 3- қосымшасында «Пандемия кезеңінде коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында қосымша білім беру ұйымдарында білім беру процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар» әзірленіп, әдістемелік көмек ретінде ұстаздарға ұсынылған болатын. Бұл қосымшада қосымша білім беру педагогтарына түрлі интернет-дереккөздерді пайдалану ұсынылды.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің республикалық қосымша білім беру оқу әдістемелік орталығының сайты арқылы да онлайн-кеңестер өткізіліп, төтенше жағдай кезінде контингенттің сақталуы, жазғы демалыстың дұрыс ұйымдастырылуы және қашықтық режімде балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін жағдайлар жасау керектігі тапсырылды, – дейді «Аула клубының» директоры Ақбота Қаңтарбаева.
Оның айтуынша, қазіргі таңда мекемеде 16 үйірме бойынша 1155 оқушы қашықтан оқытылуда екен. Сабақтар видеосабақтар, Telegram, WhatsApp, Zoom.us, Skype платформалары арқылы жүргізілуде. Қосымша сабақтар тіл танымдық, жаратылыстану-математикалық, спорттық-сауықтыру, көркем эстетикалық бағытындағы үйірмелері бойынша өтілуде.
-Мекемеде бүгінгі күні барлығы 34 мұғалім қашықтан оқыту бойынша жұмыс жасаса, 30 мұғалім жеке кесте бойынша өз өтініштеріне сәйкес еңбек демалысына жіберілді. Бізде қашықтан оқытуда ешқандай қиындықтар туындап отырған жоқ, себебі, бізге келетін оқушылардың барлығы жалпы орта мектепте оқиды. Мекемеде оқушыларға тиімді болу үшін сабақ кестелеріне өзгерістер енгізіп, жалпы орта мектептің сабақтары аяқталғаннан кейін, оқушылардың өтініштері бойынша тиімді уақытқа сәйкес қойылды.
Індетті бірлесе отырып, жеңіп, әлі талай жақсы күндерде қауышатынымызға сенім білдіремін. Ол үшін темірдей күшті талап пен тәртіпке бағынуымыз керек. Сабыр сақтап, сақтану шараларын қолға алғанымыз жөн болар. Себебі, біз де шәкірттерімізді сағындық. Мекемемізге балалар шат-шадыман күйде келіп, ұстаздарымен қауышатын күнді асыға күтеміз. Ең бастысы – балаларымыздың қуаншы, күлкісі. Мұндай қиын кезеңді бірге өткеріп, күнделікті өмір қалпымызға оралатынымызға сенімдімін, – дейді «Аула клубының» директоры А.Қаңтарбаева.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»