Basty bet
Тазалық сақтау – әрбір азаматтың міндеті
Ауданда көріктендіру, көгеріштендіру екі айлығы өтуде. Осы орайда, аудан әкімінің «Көріктендіру, көгеріштендіру, аббаттандыру және санитариялық тазалық жұмыстарын өткізу туралы» 2020 жылғы 18 ақпандағы №94 қаулысы негізінде Ақсай ауылдық округінің әкімдігі тарапынан жұмыс жоспары дайындалып, елді мекен аумағында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Аймақта атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ауылдық округтің әкімі Қазыбек Бейсеқұлов айтып берді.
-Ауылдық округте әкімшілік қызметкерлері, орта мектептер, балабақша қызметкерлерінің, ауыл тұрғындарының, қоғамдық жұмысшылардың қатысуымен сенбіліктер ұйымдастырылды. Сенбілік барысында күл-қоқыстар мен жапырақтар арнайы орындарға шығарылып, тал-дарақтар бұталды. Селдің алдын алу мақсатында арық-атыздар мен көпір ауыздары тазаланып, ағын судың кедергісіз өтуі бақылауға алынды. Ауыл тұрғындары тұрмыстық қатты қалдықтары мен қоқыстарын шығару үшін «Бақ-Дәулет» жеке кәсіпкерлігімен келісімшартқа тұрып, аптаның әр бейсенбісінде арнайы орынға шығарылуда. Бұл өз кезегінде ауыл тазалығын сақтауға үлкен көмек болуда, – дейді ол.
Ауыл әкімі өз сөзінде аймақ тазалығына жауапкершілікпен қарамай жүрген азаматтарға аталған кәсіпкермен келісімшартқа отырып, елді мекеннің тазалығына үлестерін қосуға шақырып отыр.
Оның айтуынша, Қайрат ауылында орналасқан Б.Момышұлы атындағы саябаққа арнайы орын дайындалып, 300 түп жеміс ағаштары мен теректер отырғызылған. Қосымша жеміс ағаштарын отырғызуға Абай көшесінің бойынан жер дайындалып, көшеттерге тапсырыс берілген.
-Бізде басты мәселе ретінде қоқыс шығаратын полигонымыз Ақсай ауылдық округі аумағында орналасқандықтан көршілес елді мекен тұрғындары мен қоқыс шығарушы мекемелер тарапынан полигонға жеткізбей төгіп кету жағдайлары көптеп орын алуда. Биылғы жылдың өзінде кездейсоқ қоқыс орындарын жоюдың жеті оқиғасы орын алды. Бұл, әрине әр азаматтың тәртіпке мойынсұнбауынан және қоршаған ортаның таза болуы өздері мен жақындарына тікелей қатысы барын жете түсінбеулерінен деп ойлаймыз. Ауылдық округтік әлеуметтік желілердегі парақшаларында және кез келген жиналыстарда ауыл тұрғындарына «Тазалық сыпырған жерде емес, сақтаған жерде» екеніндігі айтылуда. Сондықтан қоқысты рұқсат етілмеген жерге төгуге болмайтындығын, бұл үшін айыппұл салу көзделгендігін тұрғындарға тағы да ескерткіміз келеді, – деп округ әкімі тұрғындардың жауапкершілікке тартылатындығы жайында айтып өтті.
Биылғы жылы Ақсай ауылдық округінде Қайрат ауылы А.Байтұрсынов көшесін жарықтандыру, Ә.Молдағұлова көшесін аббаттандыру жұмыстары мен Диқан ауылына «Street wofkout» алаңшасын салу жоспарлануда. Бұл жұмыстардың барлығы ауыл тұрғындарының игілігіне жасалатын дүние. Сол себепті, әрбір адам азаматтық борышын сезініп, ауыл тазалығына өз үлестерін қоса білсе, ауылдың келбеті мен сәні келісті болатынына сеніміз мол.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»