Basty bet
Өзім сүйген мамандық
Елімізде қазан айының соңғы жексенбісі Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтеді. Бұл – қарттар мен мүгедектерге, жалғызілікті жандарға көмек қолын созып, қамқорлықтанытатын әлеуметтік қызметкерлермен,көпбалалы және күнкөрісі төмен отбасыларға, жұмыссыз азаматтарға қолдау көрсететін құрылымдармен қатар,зейнетақы және жәрдемақыларды есептеуді және төлеуді жүзеге асыратын әлеуметтік қамтамасыз ету саласы мамандарыныңда төл мерекесі.
Ауданда әлеуметтік қорғау саласында табанды жұмыс атқарып, көпшіліктің шынайы алғысы мен құрметіне бөленіп жүрген жандар аз емес. Соның бірі – «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Жамбыл облысы бойынша филиалының Жуалы аудандық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Күлсара Нағызбекқызы Затыбекова.
Күлсара Нағызбекқызы 1964 жылы сол кездегі Шымкент облысы Бәйдібек ауданының Шаян селосында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін еңбек жолын 1982 жылы Шымкент облыстық зейнетақы және жәрдемақы төлеу орталығында инспектор болып бастайды. Кейіннен Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтына оқуға түсіп, оны 1987 жылы инженер химик-технолог мамандығын алып шығады.
1996 жылы Жуалы аудандық әлеуметтік қамтамасыз ету бөліміне жұмысқа орналасты. Осы уақыттан аталған әлеуметтік салада табан аудармастан еңбек етіп келеді.
1997 жылы ауданда зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық құрылды. Ол аудандық әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінен бөлініп шығып, функционалдық міндеттері мен қызметі мүлде бөлек мекеме болып қалыптасты. Осы жаңа құрылымның қалыптасуы мен дамуының алғашқы бастауында Күлсара Затыбекова да болды.
1998 жылы елімізде зейнетақы реформасының жүргізілуіне байланысты орталықтың жұмыс бағыты нақтыланып, күрделене түсті. Зейнетақымен қамтамасыз ету саласында арнайы Заңның қабылдануымен міндетті зейнетақы жарналары, жинақтаушы зейнетақы қорлары, ынтымақты зейнетақы деген түсініктер пайда болды. Зейнетке шығар алдында азаматтардың Заң қабылданған 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен зейнетақы қорларына аударған жарналары есепке алынатын болды.
Жаңа жүйенің енгізілуіне байланысты халықпен жүйелі түсінік жұмыстары жүргізілді. Күлсара жұмыс қажеттілігіне байланысты еңбектен қол үзбей жүріп, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 2004 жылы «экономист» мамандығын қоса алып шығады. Бүгінде бөлімде атқаратын кәсіби міндеті зейнетақы, жәрдемақы электронды іс құжаттарын қалыптастырып, облыстық филиалға жөнелту, бекітілген шешімді төлемге отырғызу болып белгіленген.
Бүгінгі таңда ауданда зейнетақы төлемдерін алушы 5425, мемелекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушы 2063 азамат бар. Арнайы мемлекеттік жәрдемақы алушылар саны 615. Балаларға берілетін жәрдемақы алушылар – 4027, базалық төлем алушылар – 5387.
Бөлімде еңбек ететін жеті қызметкердің әрқайсысының өздеріне тиісті функционалдық міндеттері бар.
Күлсара қызметте білікті маман болса, отбасында аяулы жар, ардақты ана. Ол 1984 жылы Қазақ химия-технологиялық институтында бірге оқыған курстасы, Жуалы ауданының азаматы Нұрлыбек Затыбековпен шаңырақ көтереді. Отағасы Нұрлыбек ол кезде қорғасын зауытында инженер болып істейтін. Олар Шымкент қаласында 11 жылдай тұрып, 1995 жылы отбасылық жағдайға байланысты Жуалы ауданына қоныс аударады.
Шуақ шашқан Затыбековтер шаңырағында үш ұл дүниеге келіп, бүгінде олардың әрқайсысы өмірден өз жолдарын тапқан. Үлкен ұлы Ержан ТарМУ-дің тарих факультетін бітірген, Алматы қаласында кәсіпкерлік салада табысты еңбек етіп жүр. Ортаншы ұлы Нұржан ТарМПИ-ның қазақ тілі және әдебиеті факультетін бітіріп, қазір Көлбастау ауылындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектепте пән мұғалімі болып жұмыс істеп жүрсе, кенже ұлы Бақытжан Алматы технологиялық университетін және осы оқу орнының магистратурасын бітіріп, қазір аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бас маман болып қызмет істейді.
Нұрлыбек пен Күлсара бүгінде ұлдарынан бес немере сүйіп отырған бақытты жандар.
– Өз мамандығымды жаныммен сүйіп атқарамын. Күнделікті жұмысымды адал атқарып, халықтың көңілінен шығуға, қызмет алушыларға білікті әрі мінсіз қызмет көрсетуге бар білімім мен күш-қайратымды жұмсаймын. Себебі, өзімді осы салада қажетті маман болып сезіну мен үшін үлкен абырой, шексіз бақыт деп есептеймін, – дейді Күлсара Нағызбекқызы.