Basty bet

Ұлы даланың ұлы перзенті

Әл-Фараби философияны үйренудің түпкі мақсатын айқындай келіп: «Ол мақсат-жаратқан иені тану, ол-өзі ауыспайтын, өзгермейтін бір жалғыз нәрсе. Бүкіл дүниені, барлық заттардың бәрін барлыққа, болмысқа келтірген жаратушы. Жомарттығымен, хикметімен, әділетімен осы ғылымға тәртіп беруші –Алла Тағаланы тану. Барлық философ ғалымдардың істеген еңбектері – өздерінің шамасынша сол жаратқанға ұқсап бағу».
«Философия дегеніміз – жалпы жұрт пікірінде де, шындығында да теориялық ғылымдар адамына теңесу және оның барлық іс-әрекеттері жалпы жұрт пікірінде және ақиқатында өте жақты деп танылған ережелерге үйлеседі». Ғалым, философ болу озық тұрған, жұрт мойындаған ғылым адамына еліктеу, жету және ең жоғарғы адамгершілік, логикалық ережелер, қағида (заңдар) талабына сәйкес өмір сүру».
Фараби өзінің «Ғылымдар тізбегі» атты классикалық еңбегінде поэтиканы логиканың 8-тарауының біреуіне теңейді. Аристотельдің «поэтика»-сы мен «риторика»-сын осы тарауға жатқызған.
Ұлы Фараби араб, парсы, түркі тілінде өлең жазған.
Платон, Аристотель, Әл-Фараби, Ибн-Сина, Дауани, Әбдірахман Жәми т.б. білімпаз, өнерпаз ақындар музыкаға үлкен мән берген.
Музыка теориясына арнаған «Музыканың ұлы кітабы», «Музыка туралы талдау», «Ырғақтардың классификациясы» және «Ғылымдардың шығуы» мен «Ғылымдар тізбегінің» музыкаға арнаған тараулары бар.
«Музыка асқақтардың арынын басады, кемелге келмегендерді кемелдендіреді, өз шамасын білетіндерді өз дәрежесінде сақтайтындығы жағынан алғанда өте пайдалы болып табылады. Ол денсаулық үшін де пайдалы, өйткені тән ауырғанда, жанда ауырады, тән азап шеккенде, жан да күйзеледі. Сондықтан жағымды дыбыс көңілді көтеріп, жанды жадыратып, субстанцияға лайықты күш тудырып, тәнді кеселден айықтырады»,-деп жазды.
«Жаратылыстанудың жоғары діни негіздері» трактатының түп негізінде құран, хадис қағидалары жатыр. Ғылым- Алланың бір сипаты. Дүние басынан бастап үздіксіз қозғалыста, эволюциялық даму барысында қарастырады. Жалпы табиғат бар, оны зерттейтін ғылым-жаратылыстану.
Әл-Фарабидің афоризм-нақыл сөздерге негізделген «Таһлихат» және «Мемелекет қайраткерінің афоризмдері атты шығармалары бар. «Таһлихат», метафизика, логика, физика, натурфилософия, психология, математика ғылымдары бойынша 101 афоризмдік түйін жиынтығынан тұрады. Әл-Фараби бабамыз сұрақ-жауап түрінде алғашқы трактат жазған.
«Жаратылыстанудың жоғары негіздері» трактатында Фараби Алла Тағаланың дидарынан пайда болған Нұр түріндегі материалдық субстанция жатыр деген қорытындыға келеді. Адамзат жер бетінде тіршілікке, өмір сүруге қажетті жағдайлар (су, ауа, өсімдік және хайуанат) дайын болғаннан кейін пайда болған.
Ғұлама «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы» трактат жазған.
Ол мінсіз қаланы «адамның шынайы болып табылуымен байланысты, оның өмір сүруі, тамаша заттарға қол жеткізуде адамдар бір-біріне көмектесетін қала», сипаттаған қала атауы «қайырымды қала», оған лайықты тұлғалар-ораторлар, есепшілер, батырлар мен байлар. Бұл қайырымды билеуші басқарған феодалдық қала. Әр тұрғыны бақытқа жету жолында бір-біріне көмектесетін қайырымды қала деп түсіндіріледі, қайырымды тұрғындар болады дейді. Қауым адамдары бір-біріне көмек көрсетулері арқылы ғана кемелдікке жетіп, тыныштығын сақтайды және үйлесімді өмір сүреді. Игілік пен кемелділік дәрежесіне ең бірінші қала жетпек. Бақыт-әл-Фараби этикасының орталық санаты- дербес болып саналмайды. Қайырымды қалада бақыт, адамдар, мейірімділік, әділдік және әдемілік арқылы жүзеге асырылады.
Қала болмысы адамның кемелденген денесімен оның мүшелері секілді. «Қайырымды қала» басшылары дені сау, ешбір мінсіз адам мінезіне ұқсас дейді.
Енді бұған карама-қарсы «Қайырымсыз қала», ол «қала тұрғындары бақыт дегенді білмеген, оған жету олардың ойына да кірмеген». Оларды қажеттілік қаласы, айырбас қаласы, бақытсыз қала, билікті сүйетін қала, адамгершіліксіз қала, өзгермелі қала деп білген.
Қайырымсыз, надан басқаруда теріс әрекеттер мен жаман қасиеттер бой алады. Озбыр басшы, қайырымсыз, қатал мемлекеттік тәртіпті өткір сынайды.
Қайырымды билеушілер билеген қала тұрғындары ғана бақытқа жете алады. Өйткені, онда жоғары тәртіп, тұрғындары мәдениетті, сыпайыгершілікті, билеушілерінің қайырымдылығы, ақыл-парасаты бар.
Ғұлама: «Әкім алғыр да аңғарымпаз, өткір, сөзге шешен өнер-білімге құштар, сауыққұмарлықтан аулақ болмаққа керек. Ақиқат пен ақиқатшыл адамдарды сүймек керек, жалған мен жағымпаздықты жек көрмек керек» – деген анықтама берген.
Фарабитанушы ғұлама ғалым Ақжан Әл-Машани «Әл-Фараби мирасын меңгерер болсақ, оны дамытар болсақ, алдыңғы қатарлы халықтар арасынан орын алатын боламыз. Мен сіздерді осындай Ұлы Бақыт жолына шақырамын»,-деп жазған еді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Алматыдағы бүгінгі таңда ғұламаның еңбегін насихаттау үшін сан алуан жұмыстар жүзеге асырылуда. Оқу орнында жыл сайын халықаралық «Фараби форумы» өткізіліп тұрады. Сонымен бірге «Әл-Фараби» ғылыми зерттеу орталығы жұмыс істейді.
«Әл-Фарабидің әділетті және адамгершілік қоғам туралы идеясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының мықты және жауапты адамдардан тұратын ұлт қалыптастыру туралы негізгі жолдауымен үндес» – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтанов. Бұл ретте ол Қазақстанда ізгілікті әлеуметтік ортаны қалыптастыру және нығайту үшін еліміздің барлық азаматтары мен ұйымдарын қоғамға қайырымды істер жасауға тартуға бағытталған.
Бар саналы да ғибратты ғұмырын араб елінде өткізген ұлы ғұламаны арабтар иеленіп те алған еді. Өткен ғасырдың 60 жылдары фарабитанушы ұлттың жанашыр азаматы коммунистік идеологиядан жасырынып, 50 жыл намаз оқыған Ақжан әл-Машани атамыз отырарлық ұлы бабамыз әл-Фарабидің есімін зор еңбекпен туған еліне қайырып алған еді.
Ұлы даланың ұлы перзенті Әл-Фараби бабамыз қазақтың жаны мен бетке ұстар ары боп, биыл туғанына 1150 жыл толып, ғылым тұлпарының мерейтойын зор ілтипатпен атап өтіп жатқанымыз ғанибет, деп білеміз.

Болатбек қажы Қайыпбекұлы,
Көкбастау ауылдық округінің ардагерлер
кеңесінің төрағасы.
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close