Basty bet

Еңбек – ердің көркі, ер – елдің көркі…

«Бәйтерек» шаруа қожалығы өнімділікті арттыруға күш салуда

Ауыл шаруашылығы саласы – ел экономикасының драйвері екені даусыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында да ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған жұмыстар, шаруаларға жасалатын көмек-қолдаулар мен жерді тиімді пайдалау мен игеру жөнінде кешенді шаралар қабылдау қажеттігіне де баса көңіл бөлінгені белгілі.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экологиялық таза өнім қорын молайту ісі де қазіргі таңда өзекті болып отырғанын жасыра алмаймыз. Бұл әсіресе, дәл қазіргі күрделі кезеңде ел ішінде аты жаман індеттің таралып, алыс-жақын шет мемлекеттермен шекара жабылып, алыс-беріс тоқтаған уақытта аса маңызға ие болып отырған мәселе. «Елде болса ерінге тиеді» демекші, өзіміз өндірген таза табиғи өнімді тұтынғанға не жетсін?! «Ауру – астан, дау – қарындастан» дегенді алға тартатын болсақ, бұл ең алдымен адам өміріне қауіпсіз, денсаулыққа пайдалы болса, екіншіден шығыны да аз болады.
Таулы Жуалы ауданы бұрыннан-ақ аграрлы аймақ болғандықтан мұнда ауыл шаруашылығы – ең үлкен әрі маңызды сала болып табылады. Әлбетте, Жуалының еті мен картобына, сүті мен ірімшігіне, бал татыған сары қымызына жетер не бар дейсің? Ауасы саф, шөбі шүйгін, құнарлы жерде өндірілген өнім қашанда халық сұранысына ие.
Картоп – екінші нан. Кеңес Одағы тұсында ақ картобымен даңқы алысқа тараған Жуалының картобына деген сұраныс ішкі нарықта артып отырғанын анық байқауға болады. Сапалы тұқым қашанда мол өнімнің кепілі. Тұқымды жаңартып отыру үшін ауданға жыл сайын 1500 тонна көлемінде сырттан жоғары репродукциялы тұқымдар әкелінетін көрінеді.
Картоп егумен дәстүрлі айналысып, одан мол өнім алып отырған шаруашылықтар Нұрлыкент ауылдық округінде де бар. Солардың бірі – еңбекқор азамат Рысбек Юсупов басшылық жасайтын «Бәйтерек» шаруа қожалығы 2000-шы жылдардың орта тұсында құрылған. Шаруашылық бақша дақылдарымен қатар картоп егуді де мықтап қолға алған. Шаруашылық биылғы жылдың өнімі үшін өздеріне тиесілі алқапқа күздік бидай мен арпа сепсе, ал, картоп алқабының көлемі 2,5 гектарды құрайды. «Не ексең, соны орасың» демекші, жақында картоп егу науқанының қызу шағында Нұрлыкент ауылында орналасқан шаруаның картоп алқабына барып, егу жұмыстарын көзбен көріп келген едік.
-Егетініміз негізінен, картоптың «Алладин», «Латона», «Импала» сұрыптары. Алдыңғы екі сұрыпты өткен жылы Қарағанды облысынан әкелдік. Ауа райының жылылығын пайдаланып, картоп егу жұмыстарын қызу жүргізіп жатырмыз. Жақсылап қарап, баптасаң қара жер де құр қалдырмайды. Жерге күтім жасамасаң, аз ғана жылда тозып кетеді. Сондықтан жерді тыңайту үшін жоңышқа, арпа, картопты кезектестіріп егіп, ауыспалы егістік тәсілін қолданамыз. Аға-інілерімізбен күндіз-түні тер төгіп жұмыс жасаған соң биылғы жылы да өнім жаман болмайды деп сенемін.
Ішкі нарықта отандық өнімнің үлесін көбейту де басты мақсатымыздың бірі. Шаруашылық болған соң бәрі жақсы, бәрі жеткілікті деп айта алмаймын. Жұмыс барысында проблема болмай тұрмайды. Шаруаларға мемлекет тарапынан әлі де көңіл бөлініп, нақты қолдаулар көрсетілсе, жер баптаған диқандардың еңсесі көтеріліп, еңбек өнімділігі де бұдан да арта түсер еді,- дейді «Бәйтерек» шаруа қожалығының басшысы Рысбек Юсупов. Шаруашылық жетекшісі өз сөзінде алдағы уақытта егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын дамыту да ойда бар екенін айтты.
Шаруашылықтың иелігінде «МТЗ», «ЮМЗ» маркалы тракторлар, одан бөлек, шөп тайлағыш, тіркеме, т.б. қосымша агрегаттар бар екенін көрдік. Картоп алқапқа арнайы тіркемелі техникамен егілуде. Рысбектің ағалары мен інілері, басқа да жұмысшылар тұқымды және минералды тыңайтқышты тіркемеге салып беруге көмектесу үстінде.
Баптамаса егін де өспейді. Бағып, қарамаса мал да көбеймейді. Жер баптап, диқаншылықты кәсіп еткен шаруа қожалықтың техникасы да тірлігіне сай. Бұл да егіннен мол өнім алудың бірден-бір алғышарты болмақ…

Таңдаулы материалдар

Close