Basty bet

БАУКЕҢ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ҚЫРЛАРЫ МЕН СЫРЛАРЫ

Қазақ поэзиясы дамуының 1940 жыл алдындағы қарсаң мен одан кейінгі жылдардағы сатысында Т.Жароков, Ә.Тәжібаев, Х.Ерғалиев, Қ.Бекқожиндер бастаған көште Ғ.Қайырбеков, Ж.Молдағалиев, Ж.Нәжімеденов, М. Хакімжанова, Т.Әбдірахманова, М. Мақатаев, Т.Mолдағалиев, Қ.Мырзалиев, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов, К.Ахметова, т.б. ақындардың шығармалары жаңашыл ізденістерімен лириканы байытты. Бауыржан Момышұлының өлеңдері де осы тұста жазылып (бірақ жарыққа кейінде ХХІ ғасыр басында шықты), сол кезеңдегі адам болмысының табиғи сипатын білдіре алды.
Бауыржан Момышұлының 2010 жылы басылып шыққан шығармаларының 30 томдығына енген өлеңдерін тақырыптық-идеялық тұрғыдан, әлеуметтік бағытталуы жағынан шартты түрде жеке тұлғаға арнаулар, туған ел мен туған жерге арнаулар, көңіл-күй өлеңдері, махаббат лирикасы, нақылдық-дидактикалық толғаулар, Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлік ерлік туралы философиялық жырлар, бата-тілектер, термелер деп топтастыруға болады. Алайда бұл топтастырулар авторлық пішім де емес, зерттеудің үзілді-кесілді шекаралауы да емес, тек жалпы түсініктің түзілуі үшін жасалғанын ескертеміз.
Әдебиет заман ағымына елгезектік, сергектік танытпай өмір сүрмейді, онда заман ізі, замандық ой-өрістің табы жатады. Солай болса да әдебиет заман ағымының қас-қабағымен шектеле алмайды. Ол – көктегі күн сәулесі сияқты заманға да, адамға да – баршаға ортақ құндылық. Бұл орайда Ш.Елеукенов зерделі пікір айтады: “Суреткер дүниетанымы кіл саяси көзқарастан тұрмайды. Көп жағдайларда әдебиетші қаламгердің саяси көзқарасынан гөрі оның философиялық, эстетикалық, этикалық көзқарасы әлдеқайда басым түсіп жатады. Көркем образ өз идеясынан әлдеқайда бай келеді” .
Ақындар өмір шындығын өзінің мұрат-мүдделеріне сай жырға қосумен бірге, соған байланысты туындайтын сезім құбылыстарын оятуға, азаматтық көзқарас қалыптастыруға ұмтылады. Бауыржан Момышұлы да өз өлеңдерінде “өмірдегі жамандыққа, сұрқиялыққа деген адамгершіліктік қарсылық туғызады”. Ол адамгершілік-азаматтық қасиеттердің бұзылу нышандарын көрген тұста, бұғып қалмай, ашық айыптайды.
Б.Момышұлының жекелеген нақты адамның ұнамсыз мінездерін сынайтын арнауларының стилі – тікелей ашық эпикалық баяндау, жанры – сатира. Мұндай өлеңдерге “Омарбекке,” “Қ-ға,” “Найза ұстап жауға барған жоқсың,” “Өмірдің қиыры жоқ, түбі шолақ,” “Біреулерге” т.б. туындылары жатады.
Біздің елге сен келген мейман едің,
Өркөкірек, икемсіз милау едің…
Бұл өлең әзіл болсын саған айтқан,
Пайдалы қызмет жұртқа қылмап едің…
… Қалды ма айыр тұяқ елде малдан,
Жалғыз сиыр қалмады “ет планнан”,
Ел – етсіз, бала – сүтсіз қалып отыр,
Барып ең уәкіл болып сен ауданнан.
Автор бұл арнауында нақты аудан басшылығы уәкілінің елге жасаған қиянатын әшкерелеу арқылы 1931-1932 жылдардағы қазақ ауылын ашаршылыққа ұрындырған “голощекиншілдік” деп аталып кеткен кеңестік саясатқа қарсы ашық үн көтереді. “Барып ең уәкіл болып сен ауданнан” дегеннің астарында “Кеңес үкіметінің уәкілі” деген тұспал жатқанын аңғару қиын емес. Бұл өлең тарихта белгілі 1932 жылғы қолдан жасалған ашаршылықта 2 миллиондай қазақ қырылып кеткен тұста, сол 1932 жылдың өзінде жазылған.
Нақты өмірбаяндық деректерге жүгінсек, Б.Момышұлы ол шақта 22 жаста ғана, демек ол қоғамдық биікте ерте бастан-ақ ойлай білген. Өзінің ойын бүкпесіз ашық айта алатын, өрлігі де, ерлігі де туа көрінген тұлға екенін байқаймыз. Осы сарындас “Біреулерге” деген өлеңінің 1930 жылы жазылғаны бұл пікірді дәйектей түседі. Ал “Омарбекке” арнауында ақын тұжырымы:
Қолдағыны сыпырып алып кеттің,
Енді келсең, таппасың бір үзім нан,–
деп аяқталады. Бұл Кеңес өкіметінің саясатын батыл әшкерелеу еді. Ол ел билеушінің өктемшіл мінезін бетке басып айыптауынан да көрінеді:
Бас алдың, шаш ал десе уәкіл болып,
Айдаттың малдың бәрін қырып-жойып.
Деп келсе “Жалғыз сиыр” болсын сауын,
Ақырдың ала көзбен зекіп қойып.
Тәркілеуден, жер аударудан, жаппай “тап жауы” деген жалалы жазалаудан тозған халық психологиясын да автор ашына жазады. Осы өлеңнің жалғасы ретіндегі бірқақпай шумақта (“1932 жыл 25.05” деген авторлық белгі қойылған):
Апыр-ай, мына елді жын соққан ба,
Жар салып жөнсіз айғай – бұл дуанға.
Ақырын ойлап, ақылға көнген ел жоқ,
Ілесіп ниеті жат антұрғанға, – деп құлдық мінездің халық санасына тереңдеп орнап бара жатқанына налиды, ызаланады, намыс туын көтереді. Мұндағы “ниеті жат антұрған” деген ұғымның өзі жеке бір адамға ғана айтылған арнаудан әлдеқайда кең елес туғызады.
“Билеу парқын білмейтін антұрған ең,
Ел басқармай, қой бақсаң жақсы болар,” –
деген ащы кесім, авторлық үкім айтады.
Бұл өлеңдер автордың өз қолында жатып қалған, кезінде жарық көрмеген. Дейтұрғанмен, оның идеялық ақиқаттығы халқымыздың 1930 жылдардағы ауыр өмірін кейінгі ұрпақтың танып білуіне жетелейді.
Әдебиетімізде “голощекиншілдікті” айыптайтын шығармалар сол уақытта аз туған жоқ. Айталық, Б.Майлиннің “Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры” сияқты астарлы әңгімелері, С.Сейфуллиннің “Қызыл ат” поэмасы т.б. Бұл турасында белгілі ғалым С.Қирабаевтың “Кейбір шығармаларын Сәкен дәуірдің маңызды мәселелерін саралай талдап беруге құрған. “Қызыл ат”, “Лашын әңгімесі” сияқты поэмаларын ол тұспалдай айту арқылы жазған. Поэмадағы қызыл ат – қоғамның даму заңдылықтарын бұзып, асыра сілтеуге жол берген өкіметтің яғни қызыл шындықтың бейнесі. Ол жүдеп, жадап, арқасы жауыр күйге жетеді. Қызыл аттың сыры өмірдің қайшылықты күйлерін ашуға себеп болады. Сол негізде Сәкен шаруаларды ұжымдастыру кезіндегі қайғылы оқиғаларды суреттейді” , – деп жазады. Бұл тұжырым 1930 жылдардағы дәуір қайшылықтарын ашуға бағыт ұстанған шығармаларға тегіс қатысты. Б.Момышұлының жоғарыда көрсетілген өлеңдері – қазақ әдебиетіндегі осы сарынға құйылған бір арна.
Б.Момышұлының уытты өлеңдері ауызекі сөйлеу стилінде өріледі. Сондықтан болар жергілікті диалект сөздер қат-қабат жүреді. “Мәшке” (қанден), “сарпай” (шат), “пұл” (теңге), «қашар едің» (ұрықтану), “айуан” (хайуан), “бадамша” (өсімдік:бұта), “милау” (ақымақ, мисыз), «мейман» (қонақ), нәмі (есімі, аты) т.б. сөздер көбінесе Жамбыл облысының Жуалы ауданы қазақтарының қолданысында ауызекі түрде кездеседі. Баяндау тәсілі де ауызекі тілге жақын: “бас алдың, шаш ал десе”, “біздің елге сен келген мейман едің”, “қалжыңға бұның не деп ашуланба”, “ақырдың ала көзбен” т.б. тіркестер – бұған айғақ.
Сондай-ақ жоғарыда атап көрсетілген:
Қолдағыны сыпырып алып кеттің,
Енді келсең таппассың бір үзім нан, –
деген сияқты көркемдік сурет жасауды мақсат етпеген жолдар бұл өлеңдердің баяндау түріндегі негізгі стильдік сипатын көрсетеді.
Солай болғанмен Б.Момышұлы өлеңдеріне ондағы ішкі ой динамикасы жан беріп тұрады. Бастапқы ой бірте-бірте өсіп, тұжырымға жеткенше, даму үстінде болады да, өлеңнің тініне, өзегіне айналады.
Бұл елде жаман да бар, жақсы да бар,
Қылқобызды қолға алған бақсы да бар, ––
немесе:
Қой сойдық, қозы сойдық, қонақ болсаң,
Қазақта қонақ болу – ежелден заң, –
деген сияқты үдемелі ойлар кездесіп жатады.
Эпикалық баяндау стилі поэзияға жат емес. Ол жыраулар мұраларында және кейінгі ақындарда да бар. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлындағы:
Білімге жабысайық, көңіл қойып,
Ерлердің жұмысына жүрмін тойып.
Болмаса бір құдайдан үміт – қуат,
Залымдар көзімізді алар ойып , –
деген тәрізді баяндаулардан өзінде айтылған ой қуатының күшті динамикасы арқасында поэтикалық тәсіл ретінде өлең құнына нұқсан келтіріп тұрған жоқ.
Сол сияқты Б.Момышұлының да өлеңдерінде айтар ойдың қозғалысы тұжырыммен түйінделгенде, оқырман тарапынан іштей үндескен түсіну пайда болады, яғни сендіреді. Сөйтіп ой қуаты көркемдік форманы іздетпейді, тұтастықта қабылдауға әкеледі.
Б.Момышұлы “Біреулерге”, “Кім мықты” т.б. осындай өлеңдерінде адамшылыққа жат қылықтарды шеней отырып, гуманизм жаршысы ретінде көрінеді. “Біреулерге” – 16 шумақ, 64 жолдан құрылған едәуір көлемді өлең. Олардың нысаны – адам бойындағы жаман мінездер. Идеясы – билікке араласып жүрген ауыл атқамінерлерінің “шені үлкенге жағымпаздығын,” “қолдағысын сыпырып алып кететін” кішілерге жасаған қиянатшылдығын тікелей ашық батыл мінеу арқылы осындайлардың “халықтың берекесін қашыратынын” әшкере ету:
Елпілдеп тұра алмайсың елпең қағып,
Сөйлейсің өзгелердің аузын бағып.
Сипаңдап шені үлкенге жағымпазсың,
Бетіңе алуан түрлі бояу жағып.

Басқаның жамылған соң көлеңкесін,
Жалтақтап өлетіндей кетеді есің.
Жүрексіз қоян сынды сендейлер ғой,
Халықтың қашыратын берекесін.
Автор бұл нысанасын найзалағанда ойға алғанын ауыз әдебиетінде жиі қолданылатын жанама негіздеу (сілтемелеу) және мінездеу тәсілдерімен шебер жеткізген:
Айтушы еді әкем марқұм қызық өлең,
Сондағы нысанасы сен екенсің,–
деп, әке сөзіне (ел дәстүрінде бұл тәсіл «бұрынғылар айтқан екен» деп келеді) негіздей (сілтеме жасай) отырып, иттің, қанденнің, түйенің, ешкінің, қойдың, бүркіттің, өгіздің, жылқының жамандарының халық аузындағы белгілерін санамалап, суреттеп шығады. Ақын осылай жанамалай суреттей отырып, сол арқылы кейіпкерінің жағымсыз қылықтарына меңзеп, сарказмдық уытпен ащы күлкі етеді.
Ит болғанда, болар ең дүрегейдей,
Тек жатпайтын қорада үрегендей.
Бұлтты күні жатар ең үйге кіріп,
“Кет, жоғалғыр” десе де түрегелмей,–
деп, аллегориялық суретпен табансыз адам образын жасайды.
Бүркіт болсаң, түлкіні алмас едің,
Кекіліктің соңынан қалмас едің,–
деп, немесе:
Өгіз болсаң болмас ең, іске терең,
Бір қыста болар едің үш көтерем…
…Түйе болсаң сен өзің жөн болар ең,
Аттан кейін есекпен тең болар ең.
Қия бетте жығылып, белің сынып,
Қарға менен құзғынға жем болар ең,–
деген сияқты мысалдарды айта келіп:
Тағы да адам болып жаның қапты,
Мал болсаң, болар едің кімге дәрі,–
Деп авторлық тұжырым жасайды.
Хайуанаттардың мінезін суреттеу жолымен адамдарды жаман әдеттерден жеріндіруді мақсат еткен әдістер халық ауыз әдебиетінде аз емес. Мысалы: “Сиыр сипағанды, ит сыйлағанды білмейді”, “Бура құтырса, тайлақпен ойнайды”, «Тоқал ешкі лақпын деп ойлайды», т.б. мақал-мәтелдер – бұған айғақ. “Алтын сақа” ертегісіндегі мыстан кемпір тісімен түбін қазып құлатқалы жатқан бәйтеректің басында отырған бала көмекке шақырғанда, қарғалардың қайырылмай кетуі де осындай деталь.
Адам бойындағы келеңсіз мінез-құлықтарды тұспалмен мінеу – әдебиетімізде дәстүр екенін айту керек. Ол жыраулар поэзиясында да, Абайда да, Мұқағалида да т.б. әр қырынан көрініс беріп, желі түзеді. Мысалы, Бұқар жырау:
Ақсұңқар құстың баласы,
Ұяда алтау болмас па.
Ұяда алтау болғанмен,
Оның ішінде біреуі-ақ алғыр болмас па, – .
Абай:
Өнімсіз іске шеп-шебер,
Майданға түспей несі өнер?
Сиырша тойса мас болып,
Өреге келіп сүйкенер.

Күлімдеп келер көздері,
Қылжақбас келер өздері.
Кекектеп мазақ етем деп,
Шошқа туар сөздері , –
деп, әрі тікелей, әрі салыстыра, әрі тұспалдай ұнамсыз мінез туралы сындарлы ой тастайды.
Ал Мұқағали өлеңдерінде мінез сұрықсыздығы әлеуметтік мән биіктігінен символдық тұспалдар қолдану жолымен шенеледі:
Шындық деген шымылдық біреулерге,
Қалқа қылып “шындықты” жүрер пенде.
Шымылдығын шындық кеп жұлып алса,
Шыбыны ұшып, бишара кірер жерге .
Бауыржан Момышұлының “Кім мықты”, “Мықтымын деп мақтанды – болды мырза” деген өлеңдері – мысалдар. Олардың да тақырыбы – адамның жағымсыз мінездері. Мысалдың идеялық мазмұны мынадай: Үлкен бір мәжілісте айтыс болады. Бәріңнен мен мықтымын деп, асқақтаған темірге мен тұрғанда, мақтанбағың деп, от оны балқытып жібереді. Мұны көріп, су отты сөндіреді, суды аяз мұз етіп қатырып тастайды. Автор тәмсілдің тұжырымын:
Тәмсілімнің мазмұны көпке мәлім,
Кей жігіттер білмейді өзі әлін.
Болат еріп, су қатып, жалын өшті,
Сазайы осылай боп мақтанғанның, –
деп түйіндейді.
Ғабиден Мұстафин әділ пайымдап айтқан: “Бүгінгі әлеуметтік мінез-құлық: өзінен басқаның бәрін иттің етінен жек көретін өлермен өзімшілдік, жексұрын мақтаншақтық, жаны ашымас қатыгездік, мейрімсіздік, іштарлық – патология емес пе?”, – деген пайым сол кездегі қоғам душар болған рухани кеселдер еді. Бауыржан өлеңдерінде де бұл заман психологиясын шенеу аңғарылып отырады. Бауыржан Момышұлының арнау өлеңдерінің тақырыптары жан-жақты.

Сейсегүл Исматова,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің доценті, ф.ғ.к.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close