Basty bet
Жылжымалы медициналық кешен – Қосбөлтек ауылында
Қазақстанда санитарлық-эпидемиялық жағдай әлі де болса күрделі. COVID-19-бен сырқаттанушылар саны артып жатыр. Коронавирустың «Дельта» штамының өсуі барлық аймақта тіркелген. Вирустың репродуктивтік индексі – 1,2, инфекциялық төсектік орын жүктемесі – 43 пайыз, реанимациялық төсектік орын – 35 пайыз.
Коронавирустың таралу науқаны бойынша 12 өңір «қызыл аймақта» тұр: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мен Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары. «Сары аймақта» Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстары, «жасыл аймақта» – Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстары тұр.
Ал, Жуалы ауданындағы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығын айтқан аудандық орталық аурухананың эпидемиолог дәрігері Самат Мамыралиевтің мәліметінше қаңтар айынан бері ауруханаға 13 450 доза вакцина келген. Қазіргі уақытта 1185 доза қалған. Одан бөлек, бүгінде 12 265 адам екпе алып үлгерген. Сондай-ақ, індетке қарсы 30 төсек орын бөлініп, бүгінде 15 науқас ем қабылдап жатыр. Жыл басынан бері 425 адам коронавирус індетіне шалдыққан.
Осы орайда, кеше аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың бастамасымен Көкбастау ауылдық округіне қарасты Қосбөлтек ауылына жылжымалы диагностикалық-медициналық кешен келіп тоқтады.
Аталмыш акцияға аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков, ауылдық округтің әкімі Ержан Серкебаев, аудандық жол-потрульдік полицияның қызметкерлері және ерікті жастар қатысты.
Ерікті жастар ауыл тұрғындарын індетке қарсы екпе алуға шақырса, жол-потрульдік полиция қызметкерлері көшеден өтіп жатқан көліктерді тоқтатып, екпе егу шарасының жүріп жатқаны туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
-Өздеріңізге белгілі, облысымыз қазіргі таңда «сары аймаққа» енді. Осы орайда бүгінгі ұйымдастырып жатқан акцияның мақсаты да сол, ол халыққа індеттен құтылудың жалғыз жолы – екпе алу екенін түсіндіру болып табылады. Егер жақыныңызға жанашырлық танытқыңыз келсе, екпе алыңыз. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеңіз дегім келеді, – деген Анар Садыққызы ауыл тұрғындарын індетке қарсы екпе алуға шақырды.