Basty bet

қазақ жүрегінде қалған қаһарман

Ол орасан ойдың адамы болды, өте білімді және намысқой болды. Рухы күшті, жаны таза еді. Ол қасқайып тұрып сөйлейтін қаһарман мінезді, шындық дегенде ханның да, қараның да бет-жүзіне қарамайтын еді. Қазақстанды басқарған Юсуповты арапша жазған бір шумақ сұрапыл өлеңімен дел-сал етіп, діңкелетіп кеткен.
Баукең – алты Алаштың айбыны ғой. Жастар осыны ойлап, Отан үшін отқа түсіп, батыр бабаларына қарап бой түзесе екен!
Баукең – онжылдықтармен өлшеуге болмайтын, ғасырда бір туар, өнегесі мен үлгісі, сөзі мен ісі, ерлігі мен өрлігі ұрпақ пен ұлтқа мыңдаған жылдар бойына рухани азық, Отанды сүйіп, Отанға қызмет етудің мектебі болар аруақты құбылыс. Халқымыз «Аруақты жерден ат үркеді» деген сөзді бекер айтпаған. Еліне – ес, жауына сес болған қас батырдың аруағынан ат емес, әлі күнге атақтылар үркеді. Баукеңнің аты естілсе тоқтамайтын қазақ, ойланбайтын адам жоқ. Өйткені, Бауыржан Момышұлы қазақ дейтін халықтың Ары мен Намысы, Ойы мен Парасаты, шыңдап, сомдаған, ұлтының жүрегіне мәңгілікке мекен еткен ұлы тұлға.
«Ерлік – ерге сын, елге бақ», – дейді халқымыз. Аты көзі тірісінде алты алашты қойып, алты құрлыққа аңыз болған Баукең – Бауыржан Момышұлы ерліктің үлгісін танытып, елін абырой биігіне көтерген қайсар мінезді қаһарман қазақ, кенен ойдың иесі, кемеңгер жазушы.
Ер – елдің еңсесі, ер – елдің егеулі найзасы. Ежелгі ата-дәстүрмен еркіндік үшін еңку-еңку жер шалады. Екпіндеп, есіріп келген қас дұшпанға есесін жібермейді.
1941-1945 жылдардағы соғыста Кеңестер Одағының Батыры атағын алғандар мыңдап саналады. Тіпті қазақтардың өзі жүзден асып жығылады. Алайда, олардың ішінде өкімет ресми түрде Батыр атағын бермеген (тірі кезінде) Бауыржан Момышұлындай қарапайым халықтың құрметіне бөленгені некен-саяқ. Адамзат тарихында қантөгіс көрмеген ұрпақ сирек болғандықтан соғыс жағдайындағы адам психологиясы ғалымдардың да, көркемсөз шеберлерінің де зерттеу объектісі болып келеді. Басқа дәуірді, басқа елді қайдам, қазақта соғыс психологиясын тайға таңба басқандай етіп жазған адам біреу – Б.Момышұлы. Баукең әйгілі монографиялық лекцияларында ғана емес, көркем шығармаларында да соғыс сипаты мен жауынгер психологиясын дәл бергендердің бірі. Оның шығармалары түрлі құжаттармен адамдардың аты-жөні тізбектелген деректі де, шындығы қияли қоспалармен араласып кеткен абстрактілі де емес, көркем де болса, көкейге қона кететін нанымды. Кітаптарының оқулық үшін жазылмаса да, оқулықтай қабылдануы, қалың оқырман аңсарының ауа беруі де осында. Көркем шындық, бірақ бояуы баттаспаған табиғи шындық. Оның жазғандарын оқыған адам Бауыржанның болмысына бір табан жақындай түседі. Оның ұрыстың тактикасы мен стратегиясын, солдат психологиясын терең білетін соғыс командирі, соғыс батыры ғана емес екенің Бауыржан болмысына Батыр деген ұғым тарлық ететінін түсінеді. Ол өзінің солдаттары мен офицерлерін кезекті ұрыс пен кезеңдік соғыстағы жеңіске ғана дайындамай, болмыстағы жеңіске баулығанын байқайды. Ал жеңістің ең үлкен олжасы – қай кезде де адамдық, ұлттық келбетті сақтап қалу мен ақиқаттан айнымау, сөйте жүріп, тірі қалу. Бауыржанның шығармалары мен хаттары биіктен жазылған, сөздері де биіктен сөйленген. Баукең соғыста жүріп-ақ Қазақстан басшыларына, ақын-жазушыларына тыныштық бермей, ұлттық рух пен ұлттық патриотизімді күшейту үшін ұлттық тәрбиені қалпына келтіру керек екенін жазумен болған. 1943 жылдың 18 наурызында сол кездегі Қазақ ССР халық комиссарлары Советінің председателі Н.Оңдасыновқа: «Қазақ халқының өткен тарихындағы барлық жақсы дәстүрлер бүгінгі таңда қайта салтанат құруға тиіс», ал Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы М.Әбдіхалықовқа «Қазақстанда қазақ тілі заңының әділдігі бойынша мемлекет тілі болып саналып, өз орнына төрге шығарып отырғызылуы керек», – деп жазып, бұл қажеттіліктерді жүзеге асыру жөнінде көптеген нақтылы ұсыныстар береді. Баукең Құрманбек ағаға жазған хатында: «Мен бізде әскери-ағартушылық әдебиеттің негізін салуды бастау үшін қолдан келгеннің бәрін істедім», – дейді. Демек, Бауыржан аға Қазақстандағы соғыс туралы әдебиеттің ең көрнекті өкілі ғана емес, негізін салушы, ұйымдастырушысы да болып табылады. Әрине, қан майданның ішінде жан алысып, жан берісіп жүрген командирлердің негізгі міндеті бар. Оның басты парызы – Отан қорғау. Сол үшін оның қолына қару беріледі. Алайда Бауыржанның Отан қорғау туралы ұғымы әлдеқайда кең. Жеңістің тек қарумен ғана келмейтінін түсіне білген ол алғы шептің командирінің міндетінен тыс та міндеттерді өз мойнына алған. Әлбетте, оны атқаратын адамдар жеткілікті еді. Бірақ алғы шептің командирі арттағы идеологиялық жұмысқа араласуды өз ұлтының перзенті ретіндегі парызым деп есептеді.
Ұлы тұлғаның парыз туралы ұғымы да – ұлы ұғым. Адамның барлық азаматтық, пенделік қасиеттері туралы тәптіштей жазған сұңғыла психолог парызға келгенде айрықша тебіреніп кетеді. «Парыз – ерліктің жүрегі» – деп, бейнелейді Баукең. «Әлемде парыздан артық қуатты күш жоқ, әрі болмайды да», деп түйеді. «Ерлігімізді, елдігімізді ести жүріп өскенбіз. Қазақтың ең ірі, ең қасиетті сөзі – намыс. Байлық – мұрат емес, жоқтық ұят емес, намысың үшін өлсең бопты дегені де содан. Мен өз халқымның намысын аяққа баса алмаймын», деп кесіп айтты аға.
Қысталаңнан шыққан судың ағысы қатты. Жер астында бұлқынған Жанартаудың қысымы жоғары, әйтеуір бір тесіп шығады. Қазақ Бауыржанын Жан, Ар Тауы етіп атты. Сол-ақ екен, оған табынушылармен бірге, ізін қуушылар да шықты Баукеңе «Кеңестер Одағының Батыры» атағы неге берілмейді деп халқы шулады. Батыр атағын бермек түгілі. Баукеңді ең болмаса аудандық кеңестің депутаттығына да сайлаған емес қой. Бәрі сол кездегі жүйенің кесірі, жүйе ағаны қанша шеттетпек болса да Бауыржан Момышұлы халқының жүрегіне жол тауып тұрды.
1982 жылы Бауыржан Момышұлының ұлы жүрегі тоқтады. Халқымыздың тар жол, тайғақ кешкен тағдырындағы өшпес ерлік тарихын түгендеп, тебінгісіне тер қатқан текті ұлдарын заманымыздың сахнасына алып шыққан Елбасы ел тізгінін ұстады. Президент өз халқының ел деп еңіреп туған ерлерін өзі де, өзгелерге де ардақтата алды. Соның бірі Бауыржан Момышұлын да даңқты ғұмыр иесі, халықтың біртуар перзенті деп білді. Жарты ғасыр өткен соң Елбасымыздың арқасында ол Совет Одағының Батыры атағын алды. Сол атақты алар күні, біздер, туыстар, Бауыржанның үйіне жиналып едік. Мен жолдасым Кемелбеков Асылбекпен, інім Сағындықов Кеңес жұбайы Ізтілеумен, сіңілім Сағындықова Ұлжан жолдасы Тілеутаймен, қоғам қайраткері – Шәмшә Беркімбаева, ақын Күләш Ахметова жолдасымен. Бақытжан, келіншегі Зейнеп, ұлы Ержан үшеуі Президенттің қолынан ағаның Алтын жұлдызын алып келгенше мен Бақытжанның жұмыс үстелінде жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтан келген Үкімет телеграммасының мәтінін көшіріп алдым. Сол мәтінді ескерткіш болсын деп ендіріп отырмын.

Бауырым Бақытжан!
Халқымыздың асыл перзенті Бауыржан Момышұлына Совет Одағының Батыры атағы берілуімен шын жүректен құттықтаймын! Кешегі сұрапыл соғыста көп ұлтты Отанының намыс туын желбірете ұстап, жүрек жұтқан ерлігімен, дара бітімімен ұлтымыздың атын дүйім әлемге жайып, абыройын асқақтата білген Бауыржан ағамыздың тарихымызда алар орны ерекше. Қан майданда қол бастаған, ал бейбіт күнде халқының ережесі болған Баукеңнің абзал азаматтығы, ерен ерлігі, қайталанбас мінезі туған халқы, келер ұрпақтар үшін өшпес өнеге. Елдің махаббатына бөленіп, аты аңызға айналған асыл ағамыздың Отан алдындағы еңбегі кеш те болса әділ бағасын алғаны бүкіл республика жұртшылығы, иісі қазақ баласын ерекше қуанышқа кенелтіп отыр. Баукең жұлдызды болған күн – халықтың жулдызы жанған күн! Қуаныш ұзағынан болсын!
Н. Назарбаев

Күміс Пармашқызы,
ҚР мәдениет қайраткері,
ҚР оқу ісінің үздігі,
Тәлімгер-ұстаз,
«Ерен еңбегі үшін»
медалінің иегері

Таңдаулы материалдар

Close