Basty bet

Есімін Елбасының құрметіне қойған

Қазақ халқының өмірі, тұрмыстық жағдайы өзіндік тән сипатта қалыптасқан салт-дәстүрге және наным-сенімге тікелей байланысты. Біздің халық кез келген нәрсені жақсылыққа жорып, жақсы нәрседен үміт күтеді. Әсіресе, жас нәресте дүние есігін ашқан сәтте. Халқымыздың салты бойынша жас нәресте туған кезде ата-анасы ең сыйлы, құрмет тұтатын адамына сәбиінің есімін қойғызады. Ел ішінде «Балаға қандай ат қойылса, оның болашақ тағдыры соған байланысты болады» деген наным-сенім де бар. Сондықтан бала есіміне ерекше мән беріледі. Сәбиге мәнді де мағыналы, жақсы есімді қойған дұрыс.

Ауданымыздың 17 жасар тұрғыны Нұрәбіназ Мырзабек өзінің есімін мақтан тұтады. Себебі, оның есімін әкесі Асылбек Айдарқұлов ерекшелендіріп, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімінің алдыңғы буындарынан қызының есімін құрастырған екен. Бұл оның Елбасына деген құрметінен туындаса керек.
Нұрәбіназ қазіргі таңда Б.Момышұлы ауылындағы №29 орта мектептің 11 сынып оқушысы. Мектептің белсенді оқушыларының бірі. Ол сабақты үздік оқуымен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады.
-Менің арманым – журналист болу. Себебі, бала күнімнен бастап есімімнің ерекшелігіне байланысты көптеген қарымды журналистермен тілдестім. Ең алғаш 4 сыныпта аудандық «Жаңа өмір» газетінің журналистері Марат Құлибаев, Абылайхан Сәрсеновпен танысып, ол кісілер менің есімім туралы газетке мақала жазып, менің алдыма нақты мақсат қоюыма септігін тигізді. Қазіргі таңда жан-жақтағы журналистермен, яғни Сәуле Мешітбайқызы, Саятхан Сатылғанов, Аян Ермекұлы, Асаубек Алтынбеков секілді аға-әпкелермен хабарласып, хат алысып тұрамын.
Бос уақытымда кітап оқып, өлең шығарып, мақала, шығарма жазамын. Жаным поэзияға жақын. Мұхтар Шахановтың, Мұқағали Мақатаевтың кітаптарын көп оқимын. Мектептегі қабырға газетіне білім ошағымызда өткен іс-шараларын оқушыларға жеткізу мақсатында шағын мақалалар жазып тұрамын. Маған Майра Еспаева, Ерлан Баймұхамбетов, Майра Тоғанқызы есімді ұстаздарым ақыл-кеңестерін айтып отырады, – дейді Нұрәбіназ.
«Талап — талмас қанат». Талаптанған адам өзінің діттеген мақсатына, арманына жетпей қоймайды. Осы ретте Нұрәбіназдың бойындағы өнерге құштарлығы, жан-жақтылығы, қиялының ұшқырлығы оны жетістіктерге де жетелейді. Ол аудандық, облыстық, республикалық көркемсөз, сурет байқауларына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.
-Мені құрбыларым Әбіназ деп қысқартып, еркелетіп айтады. Біз өте татумыз. Көбінесе уақытымызды оқуға бөлеміз. Құрбыларымның арасында кітап оқу эстафетасы өткізіледі. Бес дос бір кітапты оқи отырып, оны бір-бірімізге жолдаймыз. Жолданған эстафетаны аяғына дейін жалғап, үзбеу керек. Көбінесе, балалар әдебиетін қызыға оқимыз, – деп бос уақыттарын тиімді пайдаланатындарын айтып өтті.
Нұрәбіназбен әңгіме барысында оның анасы да баласының бойындағы жақсы қасиеттерімен бөлісті.
-Біздің отбасымызда балаларымыздың есімін қоюға өте қатты мән береміз. Отағасы екеуміз ұрпақтарымыздың білімді, адами жоғары қасиеттерге ие тұлға болып қалыптасқанын қалаймыз. Сондықтан балалардың есімін қоюда мың толғанып, асықпай қойды жөн санаймыз. Себебі, біз баласының болашағынан зор үміт күтетін халықпыз. Нұрәбіназдың да есімін жүзінен нұр тасып тұрсын, ортасына сыйлы болсын, өмірі жарқын болсын деген ниетпен қойдық. Екінші жағынан, біздің отбасының Елбасына деген құрметінен қойылған есім.
Мен қызымның есімін Елбасының құрметіне қойылғаны туралы сол кездегі Президент әкімшілігіне хат жолдадым. Бірақ, маған жауап келеді деген ой болмады. Бір күні күтпеген жерден бізге алғыс білдірілген құттықтау хат келді. Менің сол кезде қуанышымда шек болмады. Бізді елеп-ескергеніне алғысым шексіз болды.
Ата-ана ұрпағымен бақытты. Нұрәбіназ балаларымның ішінде өзінің өнерімен, өзіндік болмысымен ерекшеленеді. Оның бойында ақындық қасиет те бар. Бала күнінен бастап көбінесе 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай өлең шығарады. Сондай-ақ, оның бойында еліне деген сүйіспеншілігі, ана тілімізге, ұлтына деген құрметі зор,- деп анасы Мүнира Тұрғынова перзенттерінің болашағынан зор үміт күтетін, оған әрдайым сенім артатынын жеткізді.
Осы орайда, менің ойыма ұлы Абайдың жетінші қара сөзіндегі мына сөздері келді. Яғни, ақын: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» екен.
Қазақта «Әуелі бойыңда талант болсын, Талантыңа талабың қанат болсын» деген орамды сөз бар. Осы ретте, алға қарай таудай талабымен талпынған Нұрәбіназ алдына айқын мақсат қойып отыр. Өмірін өнермен, білім алумен, еңбек етумен ұштастырып, биік белестерге жетуді де көздеп отырған жайы бар. Жас та болса ойы ұшқыр. Ең бастысы туған жерін, ана тілін құрметтеп, бағалайды. Осы бойындағы патриоттық сезімі оны арманына жетелеп, мақсатының орындалуына септігін тигізеді деген ниеттеміз.

Таңдаулы материалдар

Close