Basty bet
Ел-жұртымның амандығын тілеймін!
Бүгінде жер-жаһанға тегіс жайылған коронавирус-Covid-19 індеті әлем халқына соғыстан бетер қауіп төндіруде. Күнделікті жедел ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге жүгінсек, індеттің беталысы жаман. Қытай елі бастаған тізімде бүгінде 160-тан астам мемлекет тіркеліп отыр. Италиядағы адам шығыны майдан даласындағы қанды қырғыннан кем емес. Жан-жағындағы елдерге қарап, сақтық шараларын алдын ала бастаған Қазақстанға да бұл індеттің бір шеті келіп жетті. Инфекция күннен-күнге өршіп, ауру жұқтырғандар саны арта түсуде. Осыған орай, бүкіл дүниежүзінің мемлекеттері сияқты, біздің елімізде де төтенше жағдай жарияланып, карантиндік шаралар енгізілгені белгілі. Бұқаралық ақпарат құралдары күндіз-түні халыққа індеттен сақтанудың жолдарын түсіндіріп, карантиндік тәртіпті сақтауға шақыруда. Көлік қатынасы, адамдар қозғалысы шектеліп, жұмыс және оқу орындары уақытша жабылған осы бір қиын кезде халыққа сабыр керек, ел карантиндік шектеулерді дұрыс қабылдауы қажет. Десек те, адамдар ішінде мемлекеттік шектеулерге мойынсұнбай, карантиндік тәртіпті өрескел бұзушылар әлі азаймай тұр.
Осыған байланысты Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін де жеңеді» атты мақаласында халқымызды сабырға, ақыл-парасатқа, тәртіпке шақырып, елге деген жанашырлығын көрсетті.
«Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені, ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі», – деген Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын осындай қиын кезде ынтымақты, бір-біріне жанашыр болуға, мемлекеттік тәртіпті қатаң сақтауға, әлеуметтік желілерде аракідік бой көрсетіп қалатын алып-қашпа әңгімелерге, жел сөздерге ілеспей, қоғамдық үдерістерге парасаттылықпен қарап, ой түюге үндейді. Мемлекет тарапынан індеттің таралуынан зардап шеккен кәсіпкерлерге, жекелеген отбасыларға көмек көрсетіледі, ел экономикасын қолдау шаралары жүзеге асырылады. Мұның бәрін ел білуі керек.
Елбасы осы мақаласында аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдерін халықты ынтымаққа, жақсылыққа, саламатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеуге шақырса, жас ұрпақты жамандықтан, жат әдеттерден сақтануға, ел тәуелсіздігінің тұғырын нығайту үшін жақсы оқып, тиянақты білім алуға шақырады.
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген Бауыржан Момышұлының қанатты сөзін еске алсақ, елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантиндік ереже енгізіліп отырған қазіргі таңда баршамыз сол тәртіпке бағынуымыз керек. Ақпарат құралдары «Жуалы ауданында карантинге қарамай қыз ұзату, келін түсіру, беташар тойлары өтіп жатыр» деген хабарларды таратқан кезде туған жеріміздегі болып жатқан осы келеңсіз жағдайларға қатты қынжылдық. Біздің тойшыл халық екеніміз рас, қазақтың тіршілігін той-думансыз көзге елестету мүмкін емес. Алайда, мынау әлемді жайлаған қауіпті індеттен құтылар болсақ той-томалағымыз одан әрі жалғаса беретіні сөзсіз. Сондықтан баршамыз сабырға келіп, өзімізді ақыл-парасатқа жеңдіріп, мемлекеттік тәртіпті қатаң сақтайтын болсақ, еліміз аман, жұртымыз тыныш болар еді. Сіздерге амандық, саулық тілеймін, қадірлі жуалылық жерлестерім!
Мырзахан Ахметов,
Қазақстан Республикасының
мәдениет қайраткері.
Қазақ Ұлттық Дәстүр академиясының академигі