Basty bet
Бақытын адал еңбектен тапқан
Ел ішінде қарапайым кәсіпті иеленіп, туған өлкесін дамытуға, көркейтуге үлес қосып, еселі еңбегімен көзге түскен азаматтар көптеп саналады. Соның бірі – Түктібай ауылының тұрғыны Жабатай Шымырбаев.
Жабатай Әбдірахманұлы соғыстан кейінгі жылдары бұрынғы Қызылкүншығыс, қазіргі Түктібай ауылында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. 1964 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Бірлік ауылындағы №57 орта кәсіптік-техникалық училищесінде бір жыл оқып, «механизатор» мамандығын алып шығады.
Осы жылдары бұл тұратын ауыл ғарышқа алғаш көтерілген Юрий Гагариннің атын иеленіп, Түркістан әскери округіне қарасты «Бурный» әскери кеңшарының құрамында үш бөлімше болып қайта құрылған еді. Жабатай оқу бітірісімен осы бөлімшеге тракторшы болып орналасты.
Осында жұмыс істеп жүріп, келесі 1965 жылдың күзінде Кеңес әскерінің қатарына алынады. Отан алдындағы азаматтық борышын Ресейдің Горький облысындағы Арзамас қаласында өтейді.
1968 жылы әскерден туған еліне қайта оралған жас жігіт шаруашылықта үзілген еңбек жолын қайта жалғады. Бөлімше басшылығы оған шағын трактор мен тіркемелі жүк мәшинесінен бастап астық жинайтын комбайндарға дейін түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын сеніп тапсырып, шаруашылықтағы науқандық жұмыстардың көрігін қыздырды. Ыстық-суығы мол механизатор болып жұмыс істеген 20 жылдың соңғы алты жылында «К-700» маркілі алып тракторды жүргізді. Қыста қар тоқтату, көктемде жер жыртып, дән себу, күзде жер жырту, ауыспалы егіс жүйесін сақтап, сүдігер салу сынды шаруашылықта жыл он екі ай үзілмейтін жұмыстардың бел ортасынан табылды.
Бөлімшеде жылдың барлық мезгілінде күн демей, түн демей, бел шешпей осындай әртүрлі науқандық жұмыстар атқарған Жабатайдың денсаулығы сыр беріп, құяң ауруына шалдықты. Ол енді жеңілдеу жұмысқа, тракторшылар бригадасы бригадирінің көмекшісі болып ауысып, бұл қызметте табан аудармай алты жылдай еңбек етті. Бригадирдің көмекшісі ретінде қарамағындағы механизаторлардың жұмысына басшылық етіп, еңбек күні мен жұмыс режімін қадағалап отырды.
Одан кейінгі жылдары бөлімшенің шаруашылық ісі жөніндегі меңгерушісі болып істеп, кеңшар бөлген заттар мен бұйымдарды жұмысшыларға таратты. Осы кезде көзіне темір жаңқасы кіріп кетіп, көз жанарын зақымдап алды. Содан Алматы қаласына барып ота жасатуына тура келді. Жабатайдың денсаулығы әрі қарай еңбек етуге жарамай, дәрігерлік комиссияның қорытындысымен екінші топтағы мүгедек болып танылып, зейнетке шықты.
Оның туған жерінің көркеюі мен дамуы жолында еткен еселі еңбегі ескерусіз қалмады. Еңбек жолын өткізген әскери кеңшар тікелей Мәскеуге қарайтын. Мұнда да басқа жердегідей бесжылдық, жетіжылдық өндірістік жоспарлар түзіліп, қызметкерлер арасында социалистік жарыстардың көрігі қызып жататын. Жабатай өзіне сеніп тапсырылған іске жауапкершілікпен қарап, еңбекте үздік танылғаны үшін әр жылдары КСРО Қорғаныс министрінің Мақтау қағаздарымен, одан қала берді «Ерен еңбегі үшін», «Еңбекте озат болғаны үшін» медальдарымен марапатталды.
Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін әскери кеңшар тарап, ұсақ шаруа қожалықтарына бөлінді. Жабатай да осы тұста өз отбасымен бірге шаруашылықтағы жер үлесін алып, «Жүзбай» шаруа қожалығының құрамына кірді. Бүгінде осы шаруа қожалығының мүшесі ретінде арасында өзінің ақыл-кеңесін айтып, ырзық-несібесін ортақ еңбектен жеткен табыстан айыруда.
Жабатай Әбдірахманұлы 1964 жылы болашақ жары Мамыркүлмен бірге отау құрып, дүниеге тоғыз перзент әкелді. Алайда, үлкен қызы мен ұлы тағдырдың жазуымен ерте қайтыс болды. Шуақ шашқан шаңырақта қалған жеті ұл-қыз аман-есен ер жетіп, бүгінде олардың барлығы бөлек түтін түтетіп, Отанының игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүр. Олардан көрген 26 немере, он шақты шөбере Құдайға шүкір, жетіліп келеді.
Отағасы Жабатай ақсақал мен отанасы «Батыр Ана» алқасының иегері Мамыркүл апай ұл-қыздарының, ағайын-туыстарының қуанышына ортақтасып, көңілдері көктемдей құлпырып, жаздай жайнап, Жаратқанның әр күніне шүкіршілік етіп, атар таңның шапағын аман-есен көргеніне тәубе етіп, жүріп жатқан жайы бар.
– Заманымыз тыныш болып, ел басында отырған азаматтарымызға Алла сабыр мен тәупық берсін. Қазіргі әлем елдерін есінен тандырып тұрған коронавирус індеті де өтер, кетер. Қай заманда да келер күннен тек үміт пен жақсылық күтетін халқымызды Алла тағала сабырдан, елдігімізден, береке-бірлігімізден айырмасын, өскелең ұрпағымыз бақытты заманда бақытты өмір сүре берсін, – дейді қария сөзінің соңында.